Accessibility links

Әнші Қайрат Нұртас ұшақта төбелескені үшін 15 күнге қамалды


Қайрат Нұртас
Қайрат Нұртас

Қазақстандық әнші Қайрат Нұртас Алматы-Астана рейсінде "ұсақ бұзақылық жасап, адам денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін" 15 күнге қамалды. Бұл туралы Жоғарғы сотқа сілтеп, жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.

Соттың мәліметінше, Астана қаласының ауданаралық әкімшілік сотына Қайрат Айдарбековке қатысты Әкімшілік кодекстің "Бір жылда бірнеше рет ұсақ бұзақылық жасау" және "Адам денсаулығына әдейі жеңіл зиян келтіру" бабымен екі іс түскен. 5 шілдеде Астанадағы әкімшілік сот әншіні 15 күнге қамады. Қайрат Нұртас сотқа Шымкенттен онлайн қосылған.

Сотта әнші "жәбірленуші екенін, алдымен өзін ұрғанын, одан соң ол жауап қайтарғанын" айтқан.

Биыл сәуірде Қайрат Нұртасқа сахнада тұрып балағат сөз айтқаны үшін "ұсақ бұзақылық жасады" деген айыппен 74 мың теңге айыппұл салынған. 2023 жылы тамызда әнші Жамбыл облысында жол ережесін өрескел бұзғаны үшін 10350 мың теңге айыппұл алған еді.

Бұған дейін қазақстандық шоумен Тұрсынбек Қабатов ұшақта мас болып, балағат сөз айтқаны үшін "ұсақ бұзақылық жасады" деген айыппен бес күнге қамалған.

Қазақстанда шоу-бизнес өкілдері түрлі бұзақылық жасап, жол ережесін бұзып жиі істі болады. Әншілер мен шоумендердің әрекеті қоғамда жиі сынға қалады. Жазаланған әншілер мен әзілкештер кейін халықтан кешірім сұрап жатады.

Қайрат Нұртас - Қазақстан шоу-бизнесі мен той-бизнес аласында жүрген танымал әншілердің бірі. Оның тойға я концертке шыққандағы алатын ақшасы мыңдаған доллар екені жиі айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG