Алматыда бір топ белсенді Киевте қастандықтан қаза болған оппозициялық белсенді, «Бәсе» арнасының жетекшісі Айдос Садықовты еске алып, ас берді. Асқа жүзге жуық адам жиналды. Олар марқұмға құран бағыштап, Садықовтың қазасына Қазақстан билігін айыптап сөз сөйледі.
– Айдостың өліміне Назарбаев пен Тоқаев кінәлі деп ойлаймын. Себебі Назарбаев қудалауды бастады. Ал Тоқаев сол қудалауды жалғастырды. Егер оны қудаламағанда Айдос отбасымен бірге Қазақстанда, бізбен бірге болар еді. Ол қылмыскер биліктің қудалауы кесірінен елде қала алмады. Мен ойлаймын, біз Айдос Садықовтың өліміне кімнің кінәлі екенін есте сақтауымыз керек? Қазіргі жағдайда Тоқаев қана кінәлі, – деді саяси белсенді Санавар Закирова.
Жиналғандар Айдос Садықовтың күрескерлік өміріне тоқталып, ақиқатсүйгіш, батыл адам болғанын айтысты. Оған жасалған қастандық толық ашылмай, Қазақстан билігінің мойнынан жауапкершілік түспейтінін алға тартты.
— Біз үшін бұл орны толмас үлкен қаза. Өйткені елім, жерім, отаным, халқым деген азамат қастандықтың салдарынан қаза тапты. Өз туған жерінде емес Украинада жүріп. Уақыт келеді, бәрі анықталады. Бірақ қазірдің өзінде басы ашық, анық нәрсе ол – Айдос саяси қызметі, күрескерлігі, патриоттығы үшін құрбан болды, қастандық жасалды, – деді қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы.
Жиында сөз сөйлеген қоғам қайраткері Айтқожа Фазыл марқұмның отбасына көңіл айтып, Айдос Садықовтың қазасын Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовтің өлімімен салыстырды.
– Өлім деген жақсы нәрсе емес. Жақсы болса оны өлім демейді ғой. Бірақ Айдостың өлімі жақсы өлім. Абай туған інісі Оспан қайтыс болғанда «жайнаған туың жығылмай, жақсы өліпсің япырай!» деген. Айдос «жайнаған туы жығылмай» өлген адам, – дейді Айтқожа Фазыл.
Ас өткен мейрамхана маңында Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының өкілдерінің жүргені байқалды. Олар белсенділердің жиынын сырттай бақылады.
Бір күн бұрын Жаңаөзенде Айдос Садықовты еске алмақ болып, қала орталығындағы 1989 жылғы көтеріліске арнап қойылған ескерткіш маңына жиналған он шақты адамды полиция ұстап, қайта босатқан еді. Сенбі күні күндіз Азаттыққа келіп түскен видеода полицияның белсенді Жадыра Досекееваны күшпен ұстап жатқаны көрінеді. Полиция түсініктеме бермеді.
- Қазақстандық оппозициялық блогер, журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты 18 маусымда Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсендіге ота жасалды. 13 күн жансақтау бөлімінде жатқан Садықов 2 шілдеде көз жұмды. Марқұм 5 шілдеде Киевтегі мұсылмандар зиратына жерленді.
- Украина бас прокуратурасы Садықовқа жасалған қастандыққа күдікті екеу – Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев деді, олар – Қазақстан азаматы. Күдіктілер қылмыс жасалған күні Украина аумағынан шығып кеткен. "Молдова: Актуально" телеграм-арнасы олардың 19 маусымда Молдова астанасы Кишиневтен Антальяға (Түркия) ұшып шыққанын жазды. Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған. Астана күдіктіні Киевке бермейтінін айтты. Қаратаевтың қазір қайда екені белгісіз.
- Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Қастандық болған күні "Бәсе" арнасында "Қазақстан президенті Ресей ықпалындағы агенттердің қуыршағына айналды" деген видео жариялаған. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған. 21 маусымда Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев Садықовқа жасалған қастандық бойынша тергеуді "жіті бақылап отыр" деп хабарлаған.
- Садықовтар Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Ерлі-зайыпты Киевтен "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген.
ПІКІРЛЕР