Accessibility links

Қазақстан журналистерінің жұмбақ қазасы: жаңа тарихтағы қаралы парақтар


Киевте қастандыққа ұшырап, қаза тапқан қазақстандық журналист Айдос Садықовты ақтық сапарға шығарып салу сәті.
Киевте қастандыққа ұшырап, қаза тапқан қазақстандық журналист Айдос Садықовты ақтық сапарға шығарып салу сәті.

Өткен аптада Украинада Қазақстаннан қашуға мәжбүр болған оппозициялық журналист Айдос Садықовты жерлеу рәсімі өтті. "Бәсе" Youtube-арнасының авторы Киевте оққа ұшқаннан кейін 13 күннен соң, 2 шілдеде көз жұмды. Ол кейінгі 10 жылда отбасымен бірге Киевте тұрған. Садықов — Қазақстанның жаңа тарихында қастандықпен өлтірілген бірінші журналист емес. Азаттық кәсіби қызметі үшін өміріне қастандық жасалып, жұмбақ жағдайда қаза тапқан журналистердің хикаясын еске салады.

"Бәсе" Youtube-арнасының негізін қалаушы Айдос Садықов тапсырыспен кісі өлтіру құрбаны болды. Украина билігі осылай деп отыр. Садықов пен әйелі Украинадан босқын мәртебесін алып, әлеуметтік желі платформаларында Қазақстандағы саяси оқиғалардан хабар тарататын арна ашқан.

Жесірі Наталья мен қыздары Айдос Садықовтың жаназасында. Киев, 5 шілде 2024 жыл.
Жесірі Наталья мен қыздары Айдос Садықовтың жаназасында. Киев, 5 шілде 2024 жыл.

Киев тапсырысты Қазақстан азаматтары Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаев орындаған дейді. Біріншісі — бұрынғы полиция қызметкері, қазір іздеуде жүр. Екіншісі — Қазақстан прокуратурасының дерегінше, қастандықтан үш күн кейін қазақстандық полицияға өзі берілген. Бірақ Жақанбаевтың түсініктемесі, Украинамен бірге Қазақстанда қатар басталған тергеу туралы еш ақпарат жоқ.

Қаратаев пен Жақанбаевтың телефонын нөмірлерін ашық дереккөздер арқылы тексеру олардың Қазақстанның арнаулы қызметімен байланысы болуы мүмкін екенін көрсеткен. Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттықтың сұрағына жауап беріп, Қаратаев пен Жақанбаев комитет қызметкері емесін айтты. Бірақ "Олар бұрын комитетте істеген бе?" деген сұраққа жауап бермеді.

Қазақстан журналистикасы тарихын зерттеуші Андрей Свиридов көп журналиске қастандық жасалған Қазақстан үшін Айдос Садықовтың қазасы бұрын-соңды болмаған жағдай дейді.

— Қазақстаннан басқа елге көшіп кеткен журналисті киллер жалдап өлтіру, қылмыскердің аты-жөнінің ашылуы бірінші рет болып отыр. Оның үстіне, қылмыскердің бірі Қазақстанға оралып, полицияға өзі берілген.

Қазақстанда жұмбақ жағдайда қаза тапқан тағы қандай журналист бар? Тергеу органдары олардың қазасын қалай түсіндірді? Жауап беріп көрелік.

"…БҰЛ СЕНСАЦИЯ БОЛАДЫ"

2004 жылы шілдеде Алматыда "Навигатор" интернет-газетінің журналисі Асхат Шәріпжанов опат болды. Редакция дерегінше, журналист қайғылы жағдайдан бірнеше күн бұрын оппозициялық саясаткерлер Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаевтан сұхбат алған.

"Маған хабарласып, "Тамаша сұхбат алдым. Демалыстан шығарда сенсация болады" деді". "Навигатор" басылымының бас редакторы Юрий Мизинов қазаның алдында Шәріпжановпен сөйлескенін осылай еске алды.

Журналист Асхат Шәріпжанов
Журналист Асхат Шәріпжанов

Асхат Шәріпжановтың қазасы сол күйі зерттеусіз қалды. Ресми нұсқа бойынша, журналист жол-көлік апатына ұшыраған. Полиция "Шәріпжанов жолдан өтіп бара жатып, орта жолдан кері қайтқан. Сол кезде жеңіл көлік қағып кеткен. Жүргізуші жедел-жәрдемге өзі хабарласқан" деді. Журналист ауыр бас жарақатынан көз жұмды.

Полиция істің саяси астары жоқ дегенімен, журналистер мен оппозиция өкілдері бұған келіспеді.

Өз бетінше зерттеу жүргізген журналистер Шәріпжановтың диктафоны (онда Нұрқаділов пен Сәрсенбаевтан алған сұхбаты болған), редакция есігінің кілті, компьютердегі 16 шілде күнгі құжаттар, оның ішінде сұхбаттың мәтін нұсқасы жоғалып кеткенін айтады.

Журналиске қастандық жасалды деген пікірге Заманбек Нұрқаділов те қосылған.

"Сұхбатты жариялай алмады, тағдыр шығар. Арамызда қандай әңгіме болғанын айта алмаймын. 77 күн бұрын таныстық. 78-күні Асхатқа биліктің қолы жетті", — деген Нұрқаділов.

Төрт айдан кейін Нұрқаділовтің өзі де мерт болды. Алматыдағы үйінен оның мәйіті табылды. Полиция саясаткер револьверімен өзін жүрек тұсы мен басынан атып, суицид жасаған деді. Бұл нұсқаға ешкім сенбеді. Үш айдан кейін Алтынбек Сәрсенбаевті атып кетті. Саясаткер мен екі қорғаушысының мәйіті Алматы іргесінен табылды. 2013 жылы билік қылмысқа бірінші президент Назарбаевтың қуғында жүрген бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиевті кінәлады. Екі жылдан кейін Рахат Әлиев Австрия түрмесінде қаза тапты. Ресми нұсқа бойынша, ол да суицид жасаған.

Асхат Шәріпжановтың аты Вашингтондағы кәсіби қызметін атқарып жүріп қаза тапқан журналистердің мемориал тізіміне қосылды.

ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ ТІЗБЕГІ

Қазақстанда жол-көлік апатынан жұмбақ жағдайда бірнеше журналист қаза тапты.

2002 жылы "Алтын ғасыр" оппозициялық газетінің бас редакторы Нури Муфтах опат болды. Муфтахты өтіп бара жатқан автобустың астына итеріп жіберген деген сөз тарады.

Журналист Нури Муфтах
Журналист Нури Муфтах

"Ол [Муфтах] [Шымкенттен] Алматыға кетерден алдын үкіметтік емес ұйым директорына хабарласқан. "Ертең Алматыда боламын, Қазақстан үкіметіне бомба сияқты соққы беретін жаңалық апара жатырмын" деген", — дейді сол кездегі "СолДат" [қазір — "Дат"] газетінің редакторы болған Ермұрат Бапи.

2002 жылы Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюро журналисі Алексей Пугачевті көлік қағып кетті.

— 90-жылдардың басында Алексеймен бірге тәуелсіз газет шығардық, Социал-демократиялық партия құруға атсалыстық. Кейін ол "Еуразия" газетінің редакторы болды. Бұл — бұрынғы премьер-министр, сол кездегі ең ірі оппозиция көшбасшысы Қажыгелдинмен байланысты Еуразия сайтының газет нұсқасы еді. Алексей Андреевич осы газетті шығарып тұрды. Үйіне жақын жерде оны көлік қағып кетті. Ол көлік сол күйі табылмады. Қайғылы жағдай екені не тапсырыс екені анықталмады, — дейді Андрей Свиридов.

2005 жылы "Азат" оппозициялық газетін басқарған Батырхан Дәрімбет те жол-көлік апатынан көз жұмды. "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық партиясының саяси кеңесіне кірген журналист әрі қоғам қайраткерінің қазасын көбі оның саяси көзқарасымен және сол кездегі билікке қарсы қозғалыста болуымен байланыстырды.

"Биліктегі паразиттер экономиканы дағдарысқа жеткізіп, ұлт байлығын тонап, халықты басынып отыр", — деген Батырхан Дәрімбет сұхбаттарының бірінде.

2007 жылы бағдаршамның жасыл түсі жанғанда жолдан өтіп бара жатқан оппозициялық журналист Сәкен Таужановты жүк көлігі қағып кетті. Ол ауыр жарақаттан оқиға орнында көз жұмды.

— Барлық жағдайда күдік болғанымен, дәлел жетпеді. Сондықтан оқыс жағдай деп жаба салды. Көбіне жол-көлік апатына жатқыза салатын, — дейді Андрей Свиридов. — Бірақ оппозициялық қоғамдық пікірде бұл – билікке қолайсыз журналистердің көзін жою деп саналды.

ІЗ-ТҮЗСІЗ ЖОҒАЛУ, БИІКТЕН ҚҰЛАУ, ҚАСТАНДЫҚ

2000 жылы қыста журналист, құқық қорғаушы Дулат Төлегенов тұрғын үйдің төртінші қабатынан құлап, мерт болды. Ол әріптестеріне қоқан-лоқы көріп жүргенін айтқан.

Полиция бұл істі де суицид деп бағалады. Істің жай-жапсарын анықтауға тырысқан журналистер бұған сенген жоқ. Төлегеновтің пәтерінде төбелес болғаны, дәрігерлердің қан құрамынан алкоголь табылғаны туралы пікірін бірнеше рет өзгерткені, ақша жоғалғаны, қайғылы жағдайдан бұрын журналистің шенеуніктерді әшкерелейтін мақала жазғаны оны біреу биіктен итеріп жіберген деген ойға жетеледі.

2001 жылы қылмыс құрамы табылмады деген себеппен қылмыстық іс жабылды.

Журналист Оралғайша Омаршанова 2007 жылы із-түссіз жоғалып кетті.
Журналист Оралғайша Омаршанова 2007 жылы із-түссіз жоғалып кетті.

2007 жылы "Закон и правосудие" газетінің журналисі Оралғайша Омаршанова із-түзсіз жоғалып кетті. Бұған қатысты әртүрлі нұсқа болды. Басылымның бас редакторы журналист тапсырыспен өлтірілген деді. Омаршанова хабарсыз кетпей тұрып, өзіне белгісіз біреулер қоқан-лоқы көрсетіп, журналистік зерттеуін тоқтатуды талап еткенін айтқан.

Журналист Жезқазғанға "Қазақмыс" корпорациясынан ақша жымқырған қылмыстық топ құрды деп айыпталған кісінің әпкесімен кездесуге барған. Айыпталушының өзі дүниеден өткеніне бір жыл болған.

14 жылдан кейін Оралғайша Омаршанованың өлімін криминалды авторитет Серік Жаманаев мойнына алды. Оны қылмысын мойындауға әйелі Камила Ахумалаева көндірді деп айтылды. Бірақ 2023 жылы қаңтарда Камила күйеуі ешқандай қылмысты мойнына алмағанын айтты.

Журналистің қайда жоғалып кеткені сол күйі анықталмады.

Кейінгі жылдар тарихында журналистер өміріне қастандық жасау бойынша екі танымал оқиға бар.

2020 жылы 4 қаңтарда "Сарыағаш-информ" газетінің бас редакторы Амангелді Батырбеков атылды. Оқ ұлына тиіп, өзі жараланып, ауруханаға түсті. Түркістан соты қылмысқа Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы Бауыржан Майриховты кінәлі деп тауып, 11 жыл 3 айға түрмеге жапты.

2012 жылы оралдық журналист Лұқпан Ахмедияровқа қастандық жасалды. Қылмыскерлер журналисті екі рет травматикалық қарудан атып, жүрек тұсынан 8 рет пышақтаған. Ахмедияров подъезге жасырынып үлгеріп, сонда тұратын медбикеден алғашқы көмек алған.

Басында "көшеде танымайтын кісіге бас салған деп" екі жас жігітті ұстаған. Бірақ журналистер ұсталған жігіттердің ауылына барып, прокуратура жазықсыз кісілерге жала жауып отырғанын дәлелдеген. Бірнеше айдан кейін төрт адам ұсталды. Олар журналисті өлтіруге Оралдағы ат спорты мектебі директорының ағасы Асхат Тахамбетов тапсырып бергенін айтқан. Айтуынша, ол қылмыскерлерге 10 мың доллар төлеуге уәде берген.

Лұқпан Ахмедияров өзіне қастандық жасалғанға дейін ешкімнен қоқан-лоқы көрмегенін айтады.

— Қастандықтың алдында ешқандай қауіп сезе қойған жоқпын, қоқан-лоқы да жасалмады. Қоқан-лоқы көрсеңіз, еш қатер жоқ деген сөз. Кісі өлтіруді үнемі басқаларға тапсырады. Сондықтан сізді өлтіруге келгендердің жеке басыңызға еш өкпе-реніші жоқ. Жай ғана бизнес, — дейді Лұқпан Ахмедияров.

Оралда тұратын журналист Лұқпан Ахмедияров Алматыдағы митингіде. 31 қазан 2020 жыл.
Оралда тұратын журналист Лұқпан Ахмедияров Алматыдағы митингіде. 31 қазан 2020 жыл.

Журналист өз тәжірибесінен эксклюзив ақпаратты өзінде ғана сақтамауы керегін түсінген.

— Енді эксклюзивті ақпаратты жеке қолда сақтамау керегін білемін. Өзіңе жақын деген басылымдардағы әріптестеріңмен бөлісу керек. Құнды ақпарат менің қолымда ғана болса, қылмыскерлердің нысанына айналамын.

Қазақстанда журналистерге қоқан-лоқы да, шабуыл да жиі жасалады. Әсіресе, былтыр отандық журналистикада БАҚ өкілдеріне шабуыл көбейді.

2023 жылдың басында Алматыда журналист, "Гиперборей" Youtube-арнасының авторы Вадим Борейконың пәтерінің есігін монтаж көпіршігімен бекітіп, операторы Роман Егоровтың көлігін өртеп кеткен. Orda.kz сайтының басшысы Гүлнар Бажкенова да ұқсас жағдайға тап болған. Оның да есігіне белгісіз біреулер монтаж сұйықтығын құйған. Одан бөлек, журналист пен ұлына қоқан-лоқы жасалған. Ulysmedia.kz онлайн жобасы хакерлік шабуылға ұшырады. Белгісіз біреулер сайтқа бас редактор Самал Ибраева мен балаларының жеке деректерін жариялаған. Instagram желісінде Қаңтар оқиғалары туралы айтып жүрген журналист Динара Егеубаеваның да көлігі өртелді. Elmedia басылымы да бірнеше рет шабуылға ұшырады: белгісіз біреулер редакция орналасқан ғимараттың кіреберіс әйнегін сындырған.

Полиция журналистерге шабуыл жасап, өрт қойған ықтимал қылмыскерлер деп кәмелетке толмаған жасөспірімдерді ұстаған. Күш құрылымдары "Бұл — қылмыстық топтың ісі, олар Қазақстан президентінің беделіне нұқсан келтіріп, елде журналистерді қудалау болып жатқандай көрсеткісі келген" деді. Кейінірек шабуылға тапсырыс берген кісі анықталды. Сот оны созылмалы психикалық ауруының салдарынан өз әрекетінің басқаларға қауіпті екенін түсінбеген деп, психиатриялық емханаға жатқызды. Бірнеше азамат бостандығынан айырудан басқа жаза түрлеріне кесілді.

2024 жылы "Шекарасыз тілшілер" (RSF) халықаралық ұйымы Қазақстанда ақпарат құралдарына қарсы қуғын-сүргін күшейіп барады деп жазды.

"Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігінің бесінші жылында билікті сынайтын, тәуелсіз ақпарат құралдарына қарсы цензура күшейді. Тоқаев 2019 жылдан бері реформалар жүргізетінін, баспасөз бостандығын қолдайтынын бірнеше рет қайталағанымен, уәдесін орындаған жоқ. Тіпті, Ресейдің сөз бостандығын жою үлгісін қайталауға тырысты. RSF президентті сөз бостандығы имитациясынан бас тартып, өз міндетін орындауға шақырады", — деді RSF Шығыс Еуропа және Орталық Азия бөлімінің басшысы Жанна Кавелье.

RSF жасаған баспасөз бостандығы рейтингінде Қазақстан биыл 180 елдің ішінде 134-орыннан 142-орынға түсіп, Эфиопия мен Ливияның арасына жайғасты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG