Азаттық радиосы Түркімен редакциясының (Азатлык радиосы) дереккөздері Меккеге қажылыққа барған 18 түркімен азаматы көз жұмды деп хабарлады.
Түркіменстанда Сауд Арабиясына барған қажылар елге қайтып жатыр. Мекке мен Медине қалаларында аптап салдарынан жүздеген қажы көз жұмған.
"Отандастарымыздың айтуынша, қажылық кезінде 18 түркімен азаматы көз жұмған. Олар Мекке мен Медине қалаларындағы қатты ыстықтан қайтыс болған" деді дереккөздердің бірі.
Сауд Арабиясының денсаулық сақтау министрлігі 23 маусымда биыл қажылық кезінде 1300-ден аса қажы көз жұмғанын хабарлады.
Сауд Арабиясы билігінің мәліметінше, қайтыс болғандардың шамамен 83 пайызы – қажылыққа өзі келген және ұзақ шақырымды жаяу жүріп өтуге тырысқан.
Азатлык радиосының тілшілері биыл түркімен қажыларының басым бөлігі Сауд Арабиясына өз қаржысына барғанын хабарлады.
Түркіменстан жыл сайын мемлекет есебінен бірнеше адамды қажылыққа жібереді.
Ашғабат "Туркменховаёллары" әуе компаниясына 10 маусым мен 9 шілде аралығында 289 түркімен азаматын өз қаржысына Сауд Арабиясына апарып, кейін әкелуді тапсырған.
"Биыл Түркіменстаннан қажыға көп адам барды, олардың басым бөлігі өз ақшасына кеткен" деп хабарлады осы жағдаймен таныс жергілікті тұрғындарға сүйенген Азатлык радиосының тілшісі.
2023 жылы әлемнің түкпір-түкпірінен бір миллион 800 мыңнан астам мұсылман қажылыққа барған.
Маусымда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елден барған қажылардың бәрі дін аман деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР