Мәскеудің Басман аудандық соты Human Rights Foundation құқық қорғау ұйымының жетекшісі және оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жесірі Юлия Навальнаяны сырттай қамауға алу жөнінде шешім шығарды.
Навальная "экстремистік топтың қызметіне қатысты" деп айыпталып жатыр.
Мәскеу сотының баспасөз қызметі Юлия Навальнаяға іздеу жарияланғанын да мәлімдеді. Бірақ "Медиазона" басылымы ІІМ іздеу жариялаған адамдардың тізімінде Навальнаяның аты-жөні жоқ екенін хабарлады.
"Х" желісінде Юлия Навальная Ресей президенті Владимир Путинді сынға алып, оны "әскери қылмыскер және адам өлтіруші" деп атады.
Юлия Навальная күйеуінің шетелдегі жақтастары құрған Халықаралық коррупцияға қарсы күрес қорының байқаушы кеңесін басқарады.
Шілденің басында ол ресейлік оппозиционер Гарри Каспаров жетекшілік етіп келген Human Rights Foundation (HRF) атты халықаралық құқық қорғау ұйымының басшысы болғаны хабарланған.
Алексей Навальный негізін құрған Жемқорлыққа қарсы күрес қоры мен оның сайлау штабтары Ресейде "экстремистік және террористік ұйымдардың" тізіміне енгізіліп, олардың белгілерін қолдануға тыйым салынған.
Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный биыл 16 ақпанда Ресейдің Харп ауылындағы тәртібі қатаң түрмеде көз жұмған. Оппозиционердің жақтастары "Навальныйды өлтірді" деп билікті айыптайды. Ресей билігі саясаткер "өз ажалынан қайтыс болған" дейді.
ПІКІРЛЕР