Accessibility links

Байден НАТО саммитінде: Украинаға әуе қорғанысы жүйесі беріледі


АҚШ президенті Джо Байден Вашингтондағы НАТО саммитінде сөйлеп тұр.
АҚШ президенті Джо Байден Вашингтондағы НАТО саммитінде сөйлеп тұр.

Сейсенбі күні АҚШ президенті Джо Байден Вашингтонда НАТО саммитінің ашылуы кезінде сөз сөйлеп, Украинаға зениттік-ракета жүйесін жеткізу жоспары жөнінде айтты.

"Украина АҚШ экспорттайтын әуе шабуылына қарсы маңызды қорғаныс қондырғыларына алғашқылардың бірі болып қол жеткізуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз" деді Джо Байден.

АҚШ, Германия және Румыния Киевке бір-бірден зениттік Patriot ракета қондырғысын береді, Нидерланды өзге елдермен бірігіп Украинаға тағы бір Patriot қондырғысын жеткізуге күш салып жатыр. Байденнің сөзінше, Украинаға бір жыл ішінде украин қалаларын Ресей ракеталарынан қорғайтын жүздеген қорғаныс қондырғылары жеткізілген.

Джо Байден Украинаны бұдан әрі қарай да қолдауға дайын екенін мәлімдеді.

"Путин Украинаны өзіне толық бағындырғысы келеді, Украина демократиясы мен мәдениетін құртып, оны картадан тұтас жойғысы келеді. Путин мұнымен тоқтамайтынын білеміз. Бірақ жаңылысудың да керегі жоқ: Украина Путинді тоқтата алады және тоқтатады да" деді НАТО саммитінің қатысушыларына қайырылған Байден.

Джо Байденнің пікірінше, америкалықтардың басым бөлігі НАТО одағы әлемді қауіпсіз ете түсетінін түсінеді.

Сейсенбі күні Вашингтонға ұшып келгеннен кейін Украина президенті Владимир Зеленский алғашқы сұхбаттарының бірінде НАТО жетекшілерінен қосымша әуе қорғанысы жүйесі мен F-16 жойғыш ұшағы, қосымша қауіпсіздікке кепілдік сұрайтынын айтқан.

XS
SM
MD
LG