9 шілдеде Ақтау қаласындағы ықшам аудандардың бірінің тұрғындары пәтерлерінде су жоқтығына ашуланып, жолды жабуға тырысты.
Жергілікті «Лада» басылымының хабарлауынша, 19-ықшам аудан тұрғындары наразылықты осылай білдірген.
Жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметінің өкілдері "Лада" басылымына ықшам аудан тұрғындарына тиісті мекемелердің өкілдерін жіберетінін айтқан.
Басылым мәліметінше, биыл маусымда да осы ауданның халқы су тапшылығынан жолды жапқан. Сол кезде билік адамдарға жағдайды түсіндірген.
Сейсенбі күні әлеуметтік желілерде жарияланған видеоға қарағанда, жиналғандар жолдың ортасына шыққан. Сол жерге билік өкілдері мен күш құрылымдарының қара киген, бетіне маска таққан өкілдері жеткен.
Тұрғындардың бірі сусыз отырғандарына бес күн болғанын айтқан.
"Каспий жылу, су арнасы" кәсіпорны директорының орынбасары Ісләм Үсенов сумен қамтамасыз ету торабының резервуарына су жинау үшін ауыз су қысымын барынша төмендету жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оның сөзінше, 16-20, 30-39, Шығыс-1, -2, -3 ықшам аудандарына су төмен қысыммен берілетінін айтты.
Сейсенбі күні кешке Ақтау әкімдігі орталық су торабындағы су деңгейін тұрақтандыру мақсатында 9 шілдеден бастап көлік жуу орталықтары мен ағаштарды суғару жұмыстары уақытша шектелетіндігін хабарлады.
9 шілдеде әкімшілікте Маңғыстау облысында су мәселесі жөнінде жиналыс өткен. Билік мәліметінше, қазір ауданға 40 мың текше метрдей су жетіспейді. Ақтауға күніне 20-25 мың текше метр ауызсу қажет. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, су тапшылығы мәселесін шешу үшін облыста 10 су тұщытқыш зауыт және тәулігіне 147,5 мың текше метр су шығаратын қондырғы жасалып жатыр. Магистралды бір су құбыры қайта жөнделіп жатыр.
Маңғыстау облысында су тапшылығы мәселесін шешу үшін "Каспий" су тұщытатын снциясының өнімділігін 20 мыңнан 40 мың текше метр суға дейін ұлғайту жобасы жүзеге асырылып жатқаны хабарланды. Әкімдіктің мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстарының 95 пайызы аяқталған. Жоба биыл тамыз айында аяқталуы керек.
Маңғыстау атом-энергетика комбинатының сумен қамтамасыз ету орталық торабына тәулігіне 6 мың текшеметр суды тұщытатын қондырғы орнатылған.
Азаттық былтыр Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласы Маңғыстау атом-энергетика комбинатына су жағынан – 100 пайыз, жылу жағынан 90 пайыз тәуелді екенін жазған. 2023 жылы шілдеде Маңғыстау облысын ғана емес БҚО, Атырау облысының бір бөлігін электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған МАЭК-те қазандыққа келіп тұратын тоқтың күрт өсуіне байланысты №1 энергия блогы істен шыққан еді. Апаттан соң Атырау облысындағы бірнеше аудан мен ауыл, Атырау қаласындағы көптеген шағын аудан мен ауылында жарық өшіп, ауыз су тоқтады. Көшелердегі бағдаршамдар істен шығып, көлік кептелісі болды. Комбинаттағы апаттан "Атырау мұнай өңдеу зауытында" (АМӨЗ) электр қуаты өшіп, соның салдарынан бір мұнарада өрт болған.