Accessibility links

Мәскеу Путин мен "орыс әлемін" мадақтайтын көрмеге миллион доллар жұмсайды


Коллаж: болашақ көрме залдарының экспонаттары.
Коллаж: болашақ көрме залдарының экспонаттары.

Ресейдің мәдениет министрлігі Ресей туралы көрмеге миллион доллар жұмсайды. Бұл жөнінде "Система" зерттеу жобасы жазды. Онда президент Владимир Путинді мадақтап, Украинаға қарсы соғыс туралы айтылады. Ресейдің қазіргі заманғы тарихына арналған көрмеде Дмитрий Медведев президент болған тұс мүлде қамтылмаған деуге келеді.

Ресейдің қазіргі тарихы жөніндегі орталық музейі құны 90 млн рубль (бір миллион доллардан астам қаражат) болатын "Ресей. XXI ғасыр" (Россия. XXI век) атты экспозиция жасау үшін тендер жариялады. Бұған "Система" жобасы назар аударды.

Көрмеге келушілерге "Ресей Қырымды не үшін басып алды", "Донбаста неге соғыс бастады" және "2022 жылы Украинаға неге басып кірді" деген сұрақтар төңірегінде Кремльдің көзқарасы түсіндірілмек. Экспозиция Мәскеу көрмесінің жарты қабатына орналастырылмақ және СССР-дың соңғы жылдарын да қамтиды.

Көрменің басым бөлігі – алты залдың төртеуі – Ресейдің қазіргі тарихы мен "орыс әлемі" концепциясына арналмақ. Жоба авторлары "Күшею, талпыну, вертикаль" деген тіркесті көрме ұраны етіп таңдаған. "Мұндай образ мемлекетіміздің құрылымының тұтастығы мен беріктігін көрсететін метафора" деп жазылған жобада.

"Ресей. XXI ғасыр" көрмесі залының жобасы.
"Ресей. XXI ғасыр" көрмесі залының жобасы.

Көрме жобасында Ресейдің барлық президенттеріне бірдей орын берілмеген. Мысалы, Дмитрий Медведев президент болған кез "халықаралық терроризммен күрес" стендінде "Оңтүстік Осетиядағы қақтығыс" арқылы ғана қамтылған. "Системаның" талдауынша, экспонаттардың тізімінде бұрынғы президенттің есімі 15 рет аталған – Медведев көбіне 2012-2020 жылдардағы үкімет жетекшісі ретінде ғана орын алған. Владимир Путин тізімде – 49 рет, Борис Ельцин 17 рет аталған.

Залдардағы жекелеген блоктарға ресейшіл әскери тілшілердің сипаттауынша, "Украинадан әкелінген" заттар қойылған. Олардың арасында "СС эмблемасы бар шлем", "Азов" батальонының таңбасы (Ресейде олардың таңбаларына тыйым салынған) бар. Бұған қоса, көрмеге Батыс елдерінің Киевке берген, соғыс кезінде басып алынған қару-жарақтары да қойылмақ.

Музей сонымен бірге көрмеге бұрынғы вице-премьер Бориc Немцов (қаламы мен қойын дәптері), құқық қорғаушы Галина Старовойтованың (орамалы мен жазу машинасын) жеке заттарын қоюды жоспарлап отыр.

Аталған музей осыған ұқсас көрмені 2016 жылы да өткізген. Сол кезде қойылған Путиннің қаламы (Қырымды Ресейге қосу туралы келісімде пайдаланылған қалам деп айтылады) да осы жолы тағы қойылмақ.

XS
SM
MD
LG