Accessibility links

New York Post: Дональд Трампқа оқ атқан шабуылшының аты-жөні белгілі болды


Американың New York Post басылымы дереккөздерге сүйене отырып, АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа оқ атқан адамның аты-жөнін жариялады. New York Post-тің жазуынша, бұл 20 жастағы Томас Мэтью Крукс.

Дереккөздің айтуынша, Крукс Трамп сөйлеген митингіден шамамен 130 метр жерде орналасқан өнеркәсіп ғимаратының төбесінде болған. Ол оқ атып, нәтижесінде Трамп құлағынан жараланған.

Америка ақпарат құралдарының жазуынша, шабуылшы он шақты оқ атып үлгерген. Нәтижесінде бір адам қаза болып, екі адам жараланған. Мергеннің өзін полиция атып өлтірген. Оның жанынан AR винтовкасы табылған.

Құқық қорғау органдары шабуылшының оқ атуына не түрткі болғаны әзірге анықталмағанын хабарлады.

Атыс Пенсильвания штатының Батлер қаласында Дональд Трамп сайлауалды шара кезінде сөз сөйлеп жатқан шақта болған. Оқ атылғаннан кейін Трамп әуелі мінбердің астына жасырынған, ізінше оны АҚШ құпия қызметінің өкілдері қоршап, көлікке алып кеткен.

Трамп өзінің мәлімдемесінде митинг кезінде опат болған және ауыр жараланған адамдардың отбасына көңіл айтқан. Оның сөзінше, оқ оның оң құлағының үстіңгі бөлігін жанап өткен.

"Бірдеңенің дұрыс емес екенін бірден түсіндім. Ал ысылдап оқ атылған кезде оқтың терімді жанап өткенін сездім. Көп қан аға бастады, сол кезде не болып жатқанын түсіндім. Американы Құдай сақтасын!" деді Трамп.

Трамп АҚШ-тағы президент сайлауына республикалық партия атынан қатысады. Қазіргі президент Джо Байден және көптеген америкалық саясаткерлер – демократтар мен республикашылдар Трампқа жасалған шабуылды қатаң айыптады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG