Accessibility links

Сәтқалиев: Шекара маңындағы аймақтарда сұйытылған газға сұраныс артты


Қазақстанда сұйылтылған газ бағасы арзан болуына байланысты көлігі барлар соған көшіп, мұндай газ құятындардың саны артқан. 16 шілдедегі үкімет отырысында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елдегі газ саласының дамуы жөнінде есеп беріп, осылай деп мәлімдеді.

Оның сөзінше, 2023 жылы газбен жүретін көлік саны 582 мыңға жеткен, олардың саны 2022 жылмен салыстырғанда 18 пайыз өскен.

Сәтқалиев шекаралас аймақтарда сұйылтылған газға сұраныс артқан деді. Энергетика министрі көрші мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстанда газ арзан екенін алға тартты.

Министрліктің бөлетін сұйылтылған газдың бір бөлігі мұнай-химия өнімдерін шығаратын кәсіпорындарға берілетіні айтылды. Осыған байланысты сұйылтылған газ тапшылығы көлемі шамамен 20-25 пайыз болуы мүмкін.

1 шілдеден бастап Қазақстанда сұйылтылған газ бағасы өсті. Бір тонна сұйылтылған мұнай газының шекті бағасы 45 158 теңгеге (бұрынғы бағасы — 40 320 теңге) жеткен.

Шілдеде Шымкентте автогаздың бір литр бағасы 70 теңгеге жетті. Оған дейін 64 теңгеге дейін сатылған. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы Шымкентте газ тапшы екенін растаған.

Ақтөбе қаласы мен оған жақын елдімекендерде автогаздың бір литрі бірнеше теңгеге өсіп, 59 теңгеден сатыла бастады. Ал облыс орталығы Ақтөбеден 200 шақырымнан әрі аудандар мен ауылдарда 64 теңгеге жетті.

2022 жылы қаңтарда Жаңаөзенде жұрт сұйылтылған газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық білдіріп, мұны Қазақстанның басқа аймағы да қолдаған. Газ бағасына қарсылық кейін басқа да әлеуметтік талаптарға ұласқан. Артынша наразылық елде тәртіпсіздікке ұласып, Қаңтар оқиғасы кезінде кемі 238 адам қаза тапты. Сарапшылар мен үкімет сұйылтылған газ бағасының қымбаттауына қарсылық пен 5 қаңтардан кейінгі тәртіпсіздікті екі бөліп қарастырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG