Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы ұсталғанын растады.
Бүгін, 17 шілдеде әлеуметтік желіде ШҚО экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Мамай Бұтабаевтың “пара алу” күдігімен ұсталғаны туралы жаңалық тараған.
“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде ШҚО бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы уақытша ұсталғанын растайды. Тергеу жалғасып жатыр”, - деп хабарлады сәрсенбіде Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің баспасөз қызметі.
Агенттіктің ақпараты бойынша, өзге ақпарат әзірге құпия.
Экология департаментінің баспасөз хатшысы журналистерге ақпаратты тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен білуге болатынын айтты.
Былтыр желтоқсанда ШҚО экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев те ұсталған болатын. Ол “қоршаған ортаға әсер етуге рұқсат беруі және қолдауы үшін қатты пайдалы қазбаларды барлайтын кәсіпкерлерден бірнеше рет пара алған” деген күдікке ілінген.
Ал оның алдында, қарашада Данияр Әлиевтің орынбасары Рауан Тұраров ұсталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік ол “өңірдегі кәсіпорындардың бірін әкімшілік жауаптылыққа тартпағаны үшін ірі көлемде пара алды деген күдікке ілініп, сот санкциясымен қамауға алынды” деп хабарлаған.
Бұл екі іс бойынша нәтиже әзірге белгілі емес.
Қазақстан билігі жыл сайын жемқорлықпен күресті күшейтеміз дегенімен елде шенеуніктер арасында пара алу, бюджет ақшасын жымқыру фактілері жиі болады. Елде жемқорлықпен сотталған шенеуніктердің рақымшылықпен босап шығуы немесе айыппұл төлеуі жиі кездеседі.
Transparency International ұйымының 2023 жылғы сыбайлас жемқорлық индексіне сүйенсек, Қазақстан 180 елдің ішінде 93-ші орында. Аталмыш ұйым “Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белгілі бір табыстарға жетіп жатқанын көрсетеді, алайда бұл көрсеткішті сот жүйесіне ашықтық пен тәуелсіздік жетіспейтін авторитарлық режим төмендетеді" деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР