Қарақалпақстанның Әмудария аудандық соты Ресей әскері қатарында Украинаға қарсы соғыспақ болған, бірақ әскери дайындықтан кейін елге қашып кеткен ер адамның бостандығын үш жылға шектеді. Бұл туралы Gazeta.uz сот шешіміне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Сот үкімі 24 маусымда шыққан, бірақ ол туралы қазір ғана мәлім болып отыр.
Тергеу мәліметіне қарағанда, 23 жастағы өзбек азаматы 2023 жылы желтоқсанда Ресейге жұмыс іздеп барған. Ол Мәскеуде түрлі құрылыс нысандарында жұмыс істегенмен отбасын асырайтындай табыс таппаған.
Күдікті биыл ақпанда Ресей қарулы күштерімен келісім-шартқа отырған. Келісім-шарт бойынша, ол Украинадағы әскери қимылдарға қатысқаны үшін 195 мың рубль көлемінде – бір реттік төлем, сонымен бірге ай сайын 240 мың рубль алып отыруы тиіс болған.
Ол Ресей, Өзбекстан және Тәжікстанның 24 азаматымен бірге Мәскеу облысындағы «Авангард» әскери лагерінде дайындықтан өткен.
Алайда кейін өзбек азаматы соғысқа бару ниетінен айнып қалған. Ол "әкем ауырып жатыр" деп сұранып, кейін өз республикасының дипломаттарының кеңесімен шұғыл түрде еліне ұшып кеткен.
Өзбекстан соты оған үкім оқыр кезде оның бұрын сотталмағанын, кәмелет жасқа толмаған баласы барын ескерген. Осылайша сот оның еркіндігін үш жылға шектеді. Ол осы уақыт аралығында түнде үйден шықпауы, милицияның рұқсатынсыз тұрғылықты жерін өзгертпеуі керек.
Биыл мамырда Ахангаран қалалық соты тағы бір өзбек азаматы Шавкат Юлдашевті «Вагнер» қатарында соғысқаны үшін 2,5 жылға соттаған.
ПІКІРЛЕР