Accessibility links

Reuters Украинадағы снаряд тапшылығы туралы зерттеуін жариялады


Әскери снаряд шығаратын зауыттағы жұмыс процесі. АҚШ, Пенсильвания штаты, 16 сәуір, 2024 жыл.
Әскери снаряд шығаратын зауыттағы жұмыс процесі. АҚШ, Пенсильвания штаты, 16 сәуір, 2024 жыл.

Украина армиясында оқ-дәрілердің, әсіресе 155 миллиметрлік артиллериялық снарядтар тапшылығы сезіліп отыр. Reuters агенттігі өз зерттеуінде мұның себебін 2022 жылы Ресей кең көлемді басқыншылық шабуылын бастағанға дейін АҚШ пен НАТО-ға мүше өзге де елдердің әскери басшылығы жіберген қателіктер мен олқылықтармен байланыстырған.

Зерттеуде қазіргідей тапшылыққа 2014 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде қажет болған жағдайда снаряд өндірісін күрт арттыруға мүмкіндік беретін шешімдер қабылданбауы әсер еткені айтылған.

Ақпарат агенттігі АҚШ, НАТО және Украинаның көптеген өкілдерінің сөзін, оған қоса ашық дерек көздерінен алынған құжаттарға сүйеніп, 2010 жылдардың ортасына қарай снаряд өндірісінің төмендегені соншалық, АҚШ бір жарым жыл бойы өз қару-жарақ қорына жаңа снарядтар сатып ала алмады деген қорытындыға келген.

Ал 2021 жылы анықталған ақауларға байланысты снаряд өндірісі екі есе қысқарған. Құжаттарда снарядтарға арналған тринитротолуол өндірісі Қытай мен Үндістанға тәуелді екені, әскери зауыттардағы жабдықтардың ескіргені айтылған. Қазір АҚШ-та айына калибрі 155 миллиметр снарядтың 36 мыңға жуығы өндіріледі деп айтылады. Сарапшылар мен әскерилер мұны жеткіліксіз деп санайды. 2023 жылы одақтастардан шамамен 2 миллион снаряд алған Украина күніне 10 мыңға дейін артиллериялық соққы жасаған болса, 2024 жылы одан екі есе аз болатын сияқты деп жазылған, бұл майдандағы жағдайға әсер етеді деп жазылған баяндамада.

Дәл қазір Еуропада снаряд өндірісі АҚШ-қа қарағанда қарқынды, сондықтан келесі жылдың аяғына қарай айына 100 мың снаряд шығаруды көздеген АҚШ-қа мақсатына жету қиынға соғуы мүмкін дейді агенттік.

Бұған қоса Reuters материалында АҚШ Patriot зенит кешеніне қажет зымыран шығаруды ұлғайтуды жоспарлағанымен, материал тапшылығына байланысты әзірше ол мақсатқа да жете алмай отырғанын жазған.

Жапонның Mitsubishi корпорациясы АҚШ-тың тапсырысы бойынша зымыран шығаруды екі есе арттыруға дайын, алайда америкалық Boeing компаниясы оларға қажет бөлшектерді шығаруды көбейте алмай отыр. Өндіріс көлемі 2027 жылға қарай ұлғаюы мүмкін дейді агенттік.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG