Париж тыңшылық қаупіне байланысты 2024 жылғы олимпиадаға дейін жүзге жуық шетел журналисін, физиотерапевтер мен техник-мамандарын кіргізбеуді ұйғарды. Бұл туралы Франция ішкі істер министрлігінің басшысы Жеральд Дарманен Le Journal du Dimanche-ге берген сұхбатында айтты.
Министрдің сөзінше, бұл тізімде Ресей мен Беларусь азаматтары мен тағы басқа елдердің өкілі бар, алайда олардың аты-жөнін атамады.
"Барлау мен тыңшылықтан бөлек, кибершабуыл жасауға компьютер желілеріне қол жеткізу мүмкіндігі де бар", – деді Дарманен.
ІІМ басшысы Халықаралық олимпиада комитетінде (ХОК) жұмыс істейтін Ресей азаматтары Париж ойындарына қатысады деді.
Дарманен француз билігі ешкім қауіп төндірмейтініне көз жеткізу үшін олимпиадаға қатысуды жоспарлаған миллионға жуық адамды тексерді деді. Париж ойындарына дейін радикал қозғалыстарға қатысы болуы мүмкін деп күдікке ілінген, мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндіреді я әсіресолшыл немесе әсіреоңшыл ұйымдарға мүше болуы мүмкін төрт мыңнан астам адамға қатысуға рұқсат бермеген.
Париж олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Оған бейтарап статуспен Ресейден 15, Беларусьтен 16 спортшы қатысады.
- Былтыр желтоқсанда ХОК Ресей мен Беларусь спортшылары олимпиадаға бейтарап статуспен қатыса алады деген шешім қабылдаған. Қабылдау талабына сәйкес, Ресей және Беларусь төлқұжаты бар спортшылар жарысқа жеке спортшы ретінде ғана қатыса алады, командалар қатыстырылмайды.
- Спортшылар, олармен бірге істейтін адамдар Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қолдайтын болса, өз елінің әскерінде немесе қауіпсіздік саласында жұмыс істесе, Париж олимпиадасына қатыспайды.
- Ресей спортшыларына Париж олимпиадасына қатысуға 54 квота бөлінген. 21 спортшы рұқсат алғанына қарамастан қатыспайтын болған, олардың арасында балуандар да бар.
ПІКІРЛЕР