Accessibility links

ШЫҰ саммиті алдында арнайы жасақ жолын бөгеген жаңаөзендік Астанаға жетті


Маңғыстау облысының тұрғыны Амангүл Жаппасованың Азаттыққа жіберген суреті.
Маңғыстау облысының тұрғыны Амангүл Жаппасованың Азаттыққа жіберген суреті.

ШЫҰ саммиті алдында Астанаға жете алмаған жаңаөзендік Амангүл Жаппасова 23 шілдеде Азаттыққа Жоғарғы сот алдына барғанын хабарлады. Айтуынша, маусымның соңында полиция кедергі келтіріп, Астанаға жібермеген.

Шілденің басында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) саммиті алдында желіде полиция қызметкерлерінің әйел мен оның балаларын көліктен түсірмек болғаны көрінетін видео тарады. Видеода қара киімдегі адамдар жүргені байқалды, кейбіреуінің киімінде арнайы жасақ белгісі болды. Азаттық осы жағдайға байланысты Маңғыстау облысы полиция департаментіне хабарласқан, бірақ баспасөз қызметі пікір білдірмеді.

Полиция департаменті ресми сауалға да нақты жауап бермеді.

Амангүл Жаппасованың айтуынша, оның кенже ұлы 2022 жылы сәуірде мұнай өндіруші компанияларға жұмысқа орналасу алгоритмі бойынша жұмысқа тұрып, жүк ілуші болып істеп жүрген. 2022 жылы наурызда Жаппасова Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдында аштық ұстаған.

Сөзінше, биыл оның ұлын себепсіз жұмысқа келмеді деп қызметінен босатқан. Жаппасова бұл шешімге келіспеймін деді. Ол келісім комиссиясына, еңбек инспекциясына шағым түсіріп, сотқа берген.

Жаппасова Астанаға екі ұлын ертіп келді, мүгедектігі бар үлкен ұлы арбаға таңылған.

Ол маусымның соңынан бері ұлдарымен Астанаға бірнеше рет ұшақпен, пойызбен шықпақ болғанын айтты.

"Пойызға үлгермедік, бізді күшпен шығарып алды. 25 маусымда пойызға билет алған едім. Шілденің ортасына дейін аңдып отырды", – деді ол Азаттыққа.

Жаппасованың айтуынша, өткен аптада олар Жаңаөзеннен Ақтауға барып, сол жерден Астанаға қарай шыққан.

Ол бүгін, 23 шілдеде президент әкімшілігіне баратынын хабарлаған. Түстен кейін оның телефоны сөніп тұрды, байланысу мүмкін болмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG