Accessibility links

Алматыда "орыстар туралы" ән айтқан белсенді 10 тәулікке қамалды


Мария Кочнева. Алматы, 16 шілде 2024 жыл.
Мария Кочнева. Алматы, 16 шілде 2024 жыл.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты белсенді Мария Кочневаны 10 тәулікке қамауға алу жөнінде шешім шығарды. Кочневаның қаладағы рэп-фристайлда "Йоу, орыстар" әнін айтқан видеосы желіде тарап кеткеннен кейін оны полиция басқармасына шақырған еді.

Кочнева соттан кейін Азаттыққа берген пікірінде шешімге келіспейтінін, шағым түсіретінін айтты.

– Мұны Ресей азаматтарына бізде заң жұмыс істейтінін көрсету үшін істеді. Заңсыз шешім шығарды. Жазалайтын болса, онда [рэп-фристайлға] қатысқандардың бәрін жазаға тартсын. Сот менің осыған дейін өкінгенімді ескермеді, – деді Мария Кочнева.

Алматының полиция департаменті "әлеуметтік желілерге жасалған мониторинг барысында белсенді қоғамдық орында балағат сөздер айтып, ұсақ бұзақылық жасағанын" анықтаған. Кочнева орындаған әнде балағат сөздер бар. Полиция "тексеру жүріп жатыр, заңға сәйкес шара қабылданады" деп хабарлаған.

Кочнева 16 шілдеде полиция басқармасына барып, түсініктеме жазып кеткен. Ол "орыстар туралы" әнді "әзілдеп айттым" деген.

Белсендінің айтуынша, "Z-пабликтер" оны ресейлік деп жазған. Кочнева мұны жалған ақпарат деп, өзінің Өскемен қаласында туып-өскенін айтты.

Кочнева желідегі видеодан кейін оған және жақындарына сес көрсеткен хабарлама алғанын мәлімдеген. Ол өзі туралы жағымсыз сипатта хабар таратқан телеграм-арналардың авторларының үстінен полицияға арыз жазған.

Мария Кочнева – азаматтық белсенді, Qushtar әйелдер құқығы қозғалысының мүшесі. Бұған дейін ол Алматыдағы бейбіт наразылық акциясына шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG