Accessibility links

Шымкент соты “сейсмикалық қауіпсіздікке бөлінген қаржыны жымқырды” деп айыпталған шенеуніктің ісін қарай бастады


23 шілдеде Шымкенттегі соты "қаладағы үйлердің сейсмикалық тұрақтылығын тексеруге және үйлерді жөндеуге бөлінген бюджет ақшасын жымқырып, мемлекетке аса ірі көлемде шығын келтірді" деп айыпталған қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарған шенеунік пен оның кәсіпкер серігінің ісін қарай бастады. Айыпталушылар тағылған айыппен келіспейді және мойындамайды.

Сотталушылар, олардың қорғаушылары журналистердің сотқа қатысуына қарсы болды. Айыпталушы шенеуніктің туысының сөзінше, ағасының кінәсі дәлелденбей тұрып оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұстаған сәттегі видеосы тарап, желіде көп талқыланған. Бұл оның отбасына моральдық тұрғыдан соққы болған. Зейнеттегі әке-шешесінің денсаулығына кері әсер еткен, мектеп жасындағы балаларына буллинг жасалған.

"Істі жабық қарауды сұраймын" деді айыпталушы шенеуніктің қоғамдық қорғаушысы.

Судья Айнел Орақбаева іс ашық екенін ескеріп журналистердің қатысуына рұқсат етті. Тек айыпталушылардың аты-жөнін жариялауға тыйым салды.

Іс бойынша жәбірленуші деп қалалық тұрғын үй басқармасы танылған.

Айыпталушы кәсіпкер Қылмыстық кодекстің "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бабымен (189-бап), шенеунік осы бапқа қоса "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру" бабымен (218-бап) айыпталған.

Прокурордың сөзінше, 2023 жылы айыпталушы шенеунік қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарған кезде Шымкенттегі 154 көпқабатты тұрғын үйдің сейсмикалық тұрақтылығын тексеруге және 7 көпқабатты үйді жөндеуге мемлекеттік сатып алу порталы арқылы үш конкурс жариялаған. Жеңімпаз ретінде өз ауылдастары танылған. 17 көпқабатты тұрғын үйдің жер сілкінісі кезінде сейсмикалық тұрақтылығын тексеруге - 35 млн теңгеден аса, 137 көпқабатты тұрғын үйдің жер сілкінісі кезінде сейсмикалық тұрақтылығын тексеруге - 202 млн теңгеден аса, 7 көпқабатты үйді жөндеуге 129 млн теңгеден аса ақша қарастырылған.

Айыптау актісінде ақпаратқа қарағанда, басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы талапқа сай орындалмаған жұмысты қабылдаған. Сөйтіп мемлекет бюждетіне 312 млн теңге залал келтірген. Ол бұл әрекетін бір ауылда туып-өскен кәсіпкермен бірге жасаған. Шенеунік бюджеттен бөлдіріп алған артық ақшаға өз ауылынан монша кешенін салып, оны ата-анасының атына жаздырып, 312 млн теңге бюджет қаржысын заңдастырған.

Прокуратура Шымкентте ақшаны тендер арқылы "Building City Group" және «Құрылыс-строй HC» компаниялары бір көзден сатып алу тәсілімен «заңсыз жеңіп алғанын» мәлімдеген.

Шенеунік те, оның серігі деп танылған кәсіпкер де тағылған айыпты мойындамайды. "Себебі жұмыстар істелінген" деді кәсіпкер.

Жәбірленуші деп танылған қалалық тұрғын үй басқармасының өкілі 2023 жылы Түркия және Сириядағы жер сілкінісінен кейін қалалық мәслихат Шымкенттегі 303 көпқабатты үйдің сейсмикалық тұрақтылығын тексеруге бюджеттен 202 млн теңге бөлуге шешім шығарғанын, оны қала әкімдігі бекіткенін жеткізді.

Биыл 23 қаңтарда түнде Алматыда 5 балл жер сілкінісі болып, халық үйлерін тастап, сыртқа шыққан. Жер сілкінісі Шымкентте қатты білінбеген. 25 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты жиын өткізіп, қаланың азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне дайын болмай шықты деген. Жиыннан соң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сейсмикалық қауіпсіздік, табиғи және техногендік сипаттағы басқа да төтенше жағдайлар саласында тексеру жүргізуге тапсырма алған.

Осыдан соң Шымкентте де ғимараттардың зілзалаға дайындығына бөлінген қаржының игерілуі тексеріле бастаған. Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы биыл ақпанда ұсталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG