Атырауда Жайыққа батып кеткен екінші баланың денесі табылды.
Жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 2011 жылы туған баланың денесі бүгін, 24 шілдеде сағат 12:55 шамасында жоғалған орыннан 7-8 шақырым жерден табылған.
"2024 жылы 23 шілдеде белгісіз жағдайда суға батып кеткен 2011 жылы туған баланың денесі судан шығарылды. Полиция департаменті қызметкерлері баланың денесін анықтап, ТЖД күштерімен судан шығару жұмыстары жүргізілді" деп жазылған полиция хабарламасында.
23 шілдеге қараған түні қала іргесіндегі Бесікті ауылы тұсында 2010 және 2011 жылы туған екі баланың Жайық өзеніне батып кеткені хабарланған еді. Бірінші баланың денесін сейсенбі күні туыстары тауып, судан шығарған.
Балалардың қалай батқаны белгісіз. Полиция оқиғаны тексеріп жатыр.
20 шілдеде де Атырауда бір үйдің екі ұл баласы Жайық өзеніне батып кеткен еді.
Былтыр Атырау облысында 13 адам суға батып кеткен. Оның үшеуі – бала. Жетеуі шомылу маусымы кезінде суға кеткен. Ал биыл жыл басталғалы 9 адам суға батқан деп айтылады, төртеуі – бала. Мұндай оқиғалардың алтауы 1 маусымнан бері тіркелген. Төртеуі - бала.
Атырау облысында тасқын судың салдарынан қауіпсіздік мақсатында суға шомылу маусымы ашылмады. Шомылу маусымы Атырау облысында әдетте 1 маусымнан 31 тамызға дейін жалғасады. ТЖД баспасөз қызметі өкілінің сөзінше, тасқын аяқталғанымен әлі де Жайықтың ағысы мен оның түбіндегі белгісіз шұңқырлар, ағаштың бұтақтары, өткір заттар мен тұрмыстық қоқыстар әлі тазартылмағандықтан жағалаулар шомылу кезеңіне дайын емес. Сол себепті, Жайық өзенін суға түсу әлі де қауіпті.
ПІКІРЛЕР