Голан жотасында Израиль бақылауындағы қалаға ракетамен соққы кезінде 11 адам қаза болды, 30-дан астам адам жараланды. Бұл жөнінде Израильдің ресми тұлғалары мен Израильдің ақпарат құралдары жазды. Қаза болғандардың барлығы - 10-20 жас аралығындағы бала мен жасөспірімдер деп айтылады.
Ракета соққысы Ливан аумағынан жасалғаны хабарланды. Ол жасөспірімдер футбол ойнап жүрген спорт алаңына түскен.
Израильдің солтүстігі мен Голан жоталарын кейінгі кезде ливандық радикалды топ "Хезболла" атқылап келеді. Алайда ол Мадждаль-Шамстағы шабуылға қатысы жоғын айтты.
Израильдің билігі шабуылға "Хезболла" кінәлі деген қорытындыға келген. Израильдің сыртқы істер министрі Исраэль Кац "Хезболла" "барлық қызыл сызықтан өтті" деп мәлімдеді. Израиль әскері жауап қайтару жағын ойластырып жатқаны да хабарланды.
Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ-тан тезірек оралуға тырысатынын айтты. Ол "Хезболла" әрекетінің ірі салдары болатынын ескертті.
Израиль мен Ливан шекарасындағы ахуал былтыр 7 қазанда ХАМАС шабуылынан кейін Газа секторында ірі әскери қимылдар басталған кезде ушыққан. Содан бері тараптар бір-бірін үздіксіз атқылап келеді. Сенбі күні Израиль шабуылынан кейін "Хезболланың" бірнеше өкілі қаза болған.
Дегенмен аталған топ Израильге қарсы ірі соғыс жүргізіп жатқан жоқ.
АҚШ пен өзге елдер екі жақ арасындағы текетірес соғысқа айналуы мүмкін деп қауіптенеді.
Мадждаль-Шамс – Голан жотасындағы ірі елді мекен.
Голан жотасы 1967 жылы Израиль аннексиялап алғаннан бері соның бақылауында. Әлем елдерінің көбі аннексияны мойындамаған, заң жүзінде оны Сирияның территориясы деп санайды.