Accessibility links

АҚШ Голан жотасына шабуылды айыптап, Израильді қолдайтынын мәлімдеді


Голан жотасындағы қалаға жасалған шабуылда қаза болғандарды жерлеу рәсімі. 28 шілде 2024 жыл.
Голан жотасындағы қалаға жасалған шабуылда қаза болғандарды жерлеу рәсімі. 28 шілде 2024 жыл.

АҚШ Голан жотасында Израиль бақылауындағы Мадждаль-Шамс қаласына жасалған ракета соққысын айыптады. Соңғы мәлімет бойынша, ракета соққысынан 12 адам опат болған, басым бөлігі балалар мен жасөспірімдер.

Ақ үйдің хабарламасында "жан түршігерлік шабуыл" мен АҚШ-тың Израиль қауіпсіздігін қамтамасыз етуден айнымайтыны жазылған. Алайда мәлімдемеде шабуылға ливандық радикалды "Хезболла" тобын тіке айыптау жоқ. "Хезболланы" бұған дейін Израиль айыптаған.

"Хезболла" шабуылға қатысын жоққа шығарады. AP агенттігіне берген сұхбатында америкалық шенеуніктер шабуылды "Хезболла" жасағанына күмәнданбайтынын, алайда олардың Мадждаль-Шамсты қасақана көздегені немесе қателесіп атқаны анық еместігін айтқан.

Атқылауды сонымен бірге БҰҰ мен ЕО өкілдері де талқылады. Олар мәлімдемеде Израиль мен "Хезболла" арасындағы тартыс соғысқа айналып кетуден қауіптенетінін жазған. Осыған дейін Израиль билігі шабуылға қатаң "жауап қататынын" ескерткен.

АҚШ-та жүрген Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сапарын қысқартып, Израильге тезірек барып, кабинет жиынын өткізбекші. Жексенбіге қараған түні Израиль әскері оңтүстік Ливандағы "Хезболла" инфрақұрылымдарына соққы жасады. Кейінгі апталарда тараптар бір-бірін үздіксіз атқылап келеді.

Голан жотасында Израиль бақылауындағы Мадждаль-Шамс қаласына ракета соққысы сенбі күні түстен кейін жасалған. Ақпаратқа қарағанда, ракета "Хезболла" шоғырланған Ливан аумағынан ұшырылған. Ракета жасөспірімдер мен балалар ойнап жүрген футбол алаңына түскен. Жексенбі күні Мадждаль-Шамста қаза болғандарды жерлеу рәсімі өтті.

Голан жотасы 1967 жылы Израиль аннексиялап алғаннан бері соның бақылауында. Әлем елдерінің көбі аннексияны мойындамаған, заң жүзінде оны Сирияның территориясы деп санайды. Бірнеше жыл бұрын АҚШ Голан жотасын Израиль жері деп ресми түрде таныған.

Наурыз айынан бері Голан жоталарында қазақстандық бітімгерлер қызмет атқарып жатыр. 28 шілдеде Қазақстан қорғаныс министрлігі Голан жоталарын атқылау кезінде қазақстандық бітімгерлер зардап шекпегенін айтты.

XS
SM
MD
LG