Қырғызстанда 2024 жылдың алғашқы алты айында милиция алты қыз алып қашу фактісін тіркеген. Алты жағдайда да күдікті неке құруды көздеген. Бұл жөнінде 31 шілдеде Қырғызстан ішкі істер министрлігінің ерекше маңызды істер жөніндегі тергеу қызметінің өкілі Элиза Шалбаева мәлімдеді.
Оның сөзінше, бес факт бойынша материалдар сотқа жөнелтілген, бір іс қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылған. Шалбаеваның айтуынша, осы уақыт аралығында кәмелетке толмағандардың қатысы бар қылмыс тіркелмеген.
"Мұндай қылмыс түрлері ауыр қылмыс санатына жатқызылып, жария іс саналады, яғни іс жәбірленушінің арызынсыз қозғалады. Ал кінәлі адам тараптар татуласса да жауапкершіліктен босатылмайды" деді тергеу қызметінің өкілі.
Тергеушінің сөзінше, "Некеге тұруға мәжбүрлеу" бабы бойынша Қырғызстанда алты айда екі факт тіркелген: бірі сотқа жөнелтілген, екінші өндіріс тоқтатылған.
Шалбаеваның сөзіне қарағанда, "Діни рәсімдерді өткізу кезінде неке жасы туралы заңнаманы бұзу" бабы бойынша құқық қорғау органдары 21 факт тіркеген, 70 пайызы сотқа жіберілген, үш іс қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылған.
Қырғызстанда қыз алып қашу қылмысы бойынша жаза күшейтілгенмен мұндай оқиғалар әлі де кездеседі. 2021 жылы сәуірде Бішкекте осындай оқиғаның салдарынан қаза болған 27 жастағы Айзада Қанатбекованң өлімі қырғыз қоғамын дүр сілкіндірген.
Екі күннен кейін қыз бен оны алып қашқан жігіт Замирбек Теңізбаевтың денелері Бішкекке жақын елді мекен маңында көліктен табылды. Тергеу органдарының мәліметінше, ер адам қызға үйлену үшін оны алып қашқан, бірақ қыз оған қарсылық көрсеткен. Нәтижесінде ер адам оны зорлап, ізінше өлтірген, кейін өзіне де қол жұмсаған.