Бірнеше мемлекет қатысқан тұтқын алмасу шарасында Ресей түрмелерінен Батыс елдерінің бірқатар азаматы мен өз елінде қамауда отырған ресейліктер босатылды. Владимир Путин тұтқындарды неге босатты? Мұндай қадамға неге дәл қазір барды?
Ресей президентінің үш мотивін түсіндірейік.
"ПАТРИОТТАР" МЕН ТҰТҚЫНДАР
Путин Ресей президенті және премьер-министрі болған кейінгі 25 жылда өзіне қандай адамдар ұнайтынын ресейліктерге мейлінше түсіндіріп келді. Оған өзіне адал берілген, әрі өзі мемлекет мүддесі деп санайтын істерге белсене ат салысатын, және бәлкім, ол әрекеттері Батыстың қытығына тиетін адамдар көбірек ұнайды.
Бұл 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін тіпті анық көріне бастады. Путин Украинада зорлық көрсетіп, қатыгездік танытқан әскери бөлім жауынгерлерін марапаттап, билікті сынайтын, соғысқа қарсы белсенділерді қудалады.
Бұрын мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің офицері, Федералдық қауіпсіздік қызметінің басшысы болған Путин билікке келмей тұрып-ақ, Кремльге адал, биліктің түсінігіндегі “дұрыс” орыстардың мәртебесі биік, өмірі қамсыз болатынын көрсетті. Олардың қатарында қауіпсіздік қызметінің адал өкілдері де болды.
Путин құндылығын түсіндіруге Федералдық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы офицері Вадим Красиковтың хикаясы жақсы мысал бола алады. Красиков — Путин үшін маңызды тұлғалардың бірі. Ол 2019 жылы Берлин саябағында Грузия азаматы, Шешенстандағы бұрынғы дала командирі Зелимхан Хангошвилиді өлтіргені үшін өмір бойына түрме жазасына кесіліп, Германияда қамауда отырған.
Неміс прокурорлары Хангошвилиді өлтіруге Мәскеу тапсырыс берген деп мәлімдеді. Өйткені ол 2000-2004 жылдары Екінші Шешен соғысы кезінде Ресейдің Солтүстік Кавказ өңіріндегі сепаратистік күштерді басқарған. 1999 жылы премьер-министр, 2000 жылдан бастап президент болған Путин осы соғыс арқылы өз беделін күшейтіп алды.
Путин ақпанда америкалық Такер Карлсонға берген сұхбатында Красиковтың атын атамай мақтаған. Ол Вадимді “патриоттық сезіммен Еуропа астаналарының бірінде бандитті өлтірген кісі” деп атайды. Ресей президенті Красиковты босатып, елге қайтарғысы келетінін жасырмайды.
МЕМЛЕКЕТТІҢ "ЖАУЛАРЫ"
Билік саяси қарсыластарына, азаматтық қоғамға, соғысқа қарсы азаматтарға қысымды күшейтті.
Өз елінде түрмеде отырған бірнеше азамат Батыс саяси астары бар деп бағалаған істер бойынша сотталған. Оларға “мемлекетке сатқындық жасады” немесе “экстремистік қызметпен айналысты” деген айып тағылған. Қалғандары Ресей әскерінің беделіне нұқсан келтіргені, Украинадағы соғыс туралы Путин үкіметі “көрінеу жалған ақпарат” деп бағалайтын пікір айтқаны үшін жауапқа тартылған.
Путин көп жыл бойы өзін мұндай тұтқындардың ісі қызықтырмайтынын айтып келді. Тіпті, өзінің саяси қарсыласы, Арктика түрмесінде жұмбақ жағдайда қайтыс болған Алексей Навальныйдың атын атамайтын. Путин “заңды бұзғандар жазалануы керек” дейтін.
Енді тұтқындарды босату арқылы “мемлекет сатқындары” мен “Батыстың қуыршақтарына” елде орын жоқ деген белгі беріп отыр.
2022 жылы наурызда Украинамен соғыстың алғашқы айында Путин “ресейліктер шынайы патриоттарды оңбағандар мен сатқындардан ажырата алады, оларды абайсызда аузына кіріп кеткен шыбын сияқты түкіріп тастайды” деген.
Путин кезінде Михаил Ходорковскийді босатқаны сияқты қазіргі тұтқындарды да ізгі ниетпен азат еттім деуі мүмкін.
Бірақ Навальный түрмеде өлді. Оппозиционердің жесірі мен көп азамат оның қазасына Путинді кінәлайды. Ресей тұтқын алмасу шарасын өткізсе де, Путиннің жалғыз қарсыласын дер кезінде босатпады. Өйткені оның шетелде болса да бостандықта жүргенін қаламаған шығар. Жақтастары Навальный қайтыс болған кезде оппозиционер мен Красиков қатысатын тұтқын алмасу процесі әлі қаралып жатқан дейді.
Тұтқын алмасу шарасы АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздерден кейін Америкадағы президент сайлауына небәрі үш ай қалғанда өтті. Ресейде және басқа елде Вашингтон “жалған” деп атайтын айыптар бойынша қамауда отырған америкалықтарды босатқысы келетінін айтқан президент Джо Байден биылғы сайлауға түсуден бас тартты.
Мәскеу Украинаға қарсы соғыс ашқалы АҚШ пен Ресейдің арасы шиеленісіп тұр. 5 қарашада өтетін Америкадағы президент сайлауында бұрынғы президент Дональд Трамп пен вице-президент Камала Харристің қайсысы жеңіске жетсе де, Ресей түрмесіндегі америкалық тұтқындардың босатылуы келесі президенттің шаруасын аз да болса жеңілдететін болды.
Бұл қос мемлекет арасындағы шиеленістің бір түйінін тарқатады. Украинамен соғысқа баса мән беріп отырған Путин тұтқын алмасу шарасын АҚШ-тың Киевті қолдауын әлсіретуге немесе соғысқа байланысты енгізілген санкциялар бойынша жеңілдіктер алуға пайдалануы мүмкін.
— Кремль Украинаны әлемнен оқшаулау мүмкіндігін көрді. Мәскеу тұтқын алмасу шарасына қатысу арқылы адал келіссөз жүргізе алатынын, Батыспен келісім жасауға дайын екенін көрсеткісі келеді, — дейді Лондондағы патша колледжіндегі Ресей институтының профессоры Сэм Грин.
Ол Х желісіне “Бұл Батыс елдерін Киевті оқ атуды тоқтатуға шақыруға үндегендердің позициясын күшейтіп, “соғысты тоқтату қысқа, орташа және ұзақ мерзімде Украина мен Еуропаға қауіп төндіреді” дейтін кісілердің аргументін әлсіретті. Батыста "Украинаны қолдауды жалғастырудан не пайда?" деген күмән туғызудың өзі жарты жеңіс болар еді. Бірақ Кремль үлкен тәуекелге барып отыр. Бұл амалы нәтиже бермесе, Путиннің қолында соғысты өршітуден басқа не қалады?" деп жазды.
Сарапшылар Путин АҚШ-тағы сайлауда Трамп жеңіске жеткенін қалайды дейді. Көбі Кремль Байденнің қамаудағы америкалықтарды елге қайтару арманын орындамай, тұтқын алмасу шарасына Трамп жеңіске жеткеннен кейін ғана келіседі деп болжаған. Сонда Ресей жаңа президенттің Украинаға қатысты позициясын жұмсартуға тырысып көрер еді. Бірақ бұл әрекеті сайлауда қай кандидат жеңіске жеткеніне байланысты әртүрлі нәтиже береді. Сондықтан Ресей сайлау қорытындысын күтпей, дәл қазір әрекет етуге бел буды. Оның үстіне, Байден — көзтаныс адам, Кремль Трамп пен Харристің реакциясын жақсы білмейді.
Екінші жағынан, тұтқын алмасудың АҚШ-тағы сайлауға еш қатысы болмауы мүмкін. Бұл мүмкін келіссөз барысымен және Путиннің Красиковты елге қайтаруға асығуымен байланысты шығар?
Ресей түрмесінде әлі де бірнеше америкалық және шетелдік азамат отыр. Батыс елдері Мәскеу оларды кепілде ұстап отыр дейді. Кремль бір күні бұл тұтқындарды да өзіне тиімді ұсынысқа айырбастайды.
Кісі өлтірген Красиковтың босатылуы Батысты дау туғызуы мүмкін. Бұл — Путин үшін қуанышты жаңалық.
Қайткен күнде де, тұтқын алмасу шарасы Путинді ширек ғасыр күткен мақсатына жеткізді: Ресей мен АҚШ келіссөздер үстеліне отырды.
ПІКІРЛЕР