3 тамыздан бастап Алматыда жолақы 20 пайызға қымбаттады. Бұрын тариф 100 теңге болса, бүгіннен бастап ол 120 теңге болды.
Бұған қоса, қолма-қол ақша төлеу де алынып тасталды. Жергілікті билік өкілдерінің түсіндіруінше, автобус және троллейбус жүргізушілері ақша қабылдап, билет қайтарамын деп жол қауіпсіздігін назардан шығарып алуы мүмкін.
Қалада айлық жолақы билеті 9900 теңге болды (бұрын 7200 теңге болған). Студенттердің жолақы билеті – 4200 теңге (бұрын 3000 теңге болған), оқушылардың жолақы билеті – 2000 теңге (бұрын 1000 теңге), зейнеткерлердің жолақы билеті 3000 теңге (бұрын 2000 теңге) болды.
Билік жолақыны қымбаттатуды субсидиялау шығынын азайту талпынысы ретінде түсіндірді. Олардың айтуынша, күн сайынғы кіріс тасымалдаушылардың шығынын өтей алмайды. Соның салдарынан техникалар уақытында жөнделмей, бөлшектер де мерзімінде сатып алынбайды. Кейбір маршруттардың шығыны "400 теңгеден" асады.
2017-2023 жылдар аралығында тасымалдаушыларға 217,6 млрд теңге субсидия төленген. 2024 жылы субсидия мөлшері 97,3 млрд теңге болуы ықтимал.
Алматыда жолақы былтыр тамызда да қымбаттаған еді. Оған дейін тариф он жылға уақыт бойы өзгермеген және картамен төлеген жағдайда – 80 теңге, қолма-қол ақшамен есептескен жағдайда 150 теңге болған.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада 22 жеке және бір коммуналдық автопарк істейді. Тәулігіне 2468 автобус пен троллейбус 1,5 млн жолаушыға қызмет етеді.