Иранда ХАМАС-тың (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым танылған) саяси бюросының жетекшісі Исмаил Ханияның қазасын тергеу ісі аясында 20-дан астам адам қамауға алынды. Бұл жөнінде тергеу барысынан хабардар ирандық екі дереккөзге сүйенген New York Times басылымы жазды.
Қамалғандар арасында Тегерандағы күзет қызметіне жауапты аға офицерлер мен әскери шенеуніктер, Хания тоқтаған резиденция қызметкерлері бар. Тергеушілер олардың барлық электронды құрылғыларын кәмпескелеген. Құқық қорғау органдары әуежай камераларындағы айлар бойғы жазбаларды тексеріп, ХАМАС қазасына қатысы бар күдіктілер әлі де Иранда болуы мүмкін деп топшылаған.
Таяу Шығыс және Ирандағы бірқатар шенеуніктерге сүйенген басылымның жазуынша, Ханияның бөлмесіне бомба екі ай бұрын қойылған. Саяси басшы содан қаза болған болуы мүмкін. Бұған дейін Иран ислам революциясы сақшылар корпусы мұны жоққа шығарып, Ханияның резиденциясына Израиль ракетасы түскенін айтқан. Бұрын ХАМАС қолбасшыларын өлтіруге уәде берген Израиль Ханияның өлімін мойнына алған жоқ.