Тоғыз айдан астам Ресей түрмесінде отырған Азаттық тілшісі әрі екі баланың анасы Алсу Құрмашева Мәскеу мен Вашингтон арасындағы тарихи тұтқын алмасу шарасы аясында бостандыққа шықты. Журналист бірден Вашингтонға оралып, отбасымен қауышты. Қазан қалалық соты Алсу Құрмашеваны "Ресей әскері жайлы жалған ақпарат таратты" деген айыппен 6,5 жылға бас бостандығынан айырған еді. Редакция өз тілшісіне тағылған айыпты жоққа шығарды. 5 тамызда Алсу Құрмашева мен күйеуі Павел Буторин Азаттыққа бостандықтағы өмірге қалай бейімделіп жатқанын айтып берді.
"ҚУАНЫШТЫ ХАБАРДЫ БАЙДЕННІҢ ӨЗ АУЗЫНАН ЕСТІДІК"
Азаттық: Алсу, сені көргеніме қуаныштымыз. Қазір кейінгі күндері болған эмоцияға толы оқиғалардан кейін Техаста күш жинап жатырсың. Қазіргі күйің жайлы айтып берші. Қандай күйдесің?
Алсу Құрмашева: Рахмет. Бақыттымын. Жағдайым жақсы. Сенімді қолға жеттім. Базалық кәсіби медициналық көмек алып жатырмын. Түрмеде айлар бойы емделуге мүмкіндік бермеді. Қапастағы күндер мен адам төзгісіз сынақтардан кейін қайтадан адам қатарына қосылдым.
Азаттық: Вашингтон іргесіндегі Эндрюс бірлескен базасына қонған кездегі видеоңызды көрдік. Сізді АҚШ президенті Джо Байден мен вице-президент Камала Харрис күтіп алды. Күйеуіңіз Павелмен, қыздарыңызбен қауыштыңыз. Сол сәттегі сезімдеріңізді бөлісе аласыз ба? Ана, әйел ретінде бір жыл жақындарыңыздан жырақта болып, кейін ұшақтан түсіп, отбасыңызды көргенде, оларды құшақтағанда қандай күйде болдыңыз?
Алсу Құрмашева: Айлар бойы осы сәтті армандап, елестетумен болдым. Түсіме де кіретін. Күткенімнен де асып түсті, сондай бақытты болдым. Сол сәтке дейін бостандыққа шыққаныма сене алмадым. Кез келген жағдай болуы мүмкін еді, менің түрмеден шығатыным құпия болды. Ештеңе айтпады. Мені қайда апара жатқандарын білмедім. Осынша оқиғадан кейін босатты. Сондықтан бұл ғажайыпқа күйеуім мен балаларымды құшақтаған кезде бір-ақ сендім. Сол күннен бері құшағымыз жазылған жоқ.
Павел Буторин: Білесіз бе, келісімшарт алдында көп нәрсе белгісіз болды. Әлеуметтік желілерден, расталмаған ақпараттан аулақ жүруге тырыстым. Бейсенбі таңертең Ақүйге жиналған кісілермен құшақтасып, бір-бірімізді құттықтадық. Бірақ бәрі сол күні болады деп күткен жоқпын. Кейін Байденнің кабинетінде президенттің өз аузынан қуанышты хабар естідік. Сонда да сене алмадым. Ол күні тосынсый көп болды. мәселен, президенттің кабинетінен Алсуға хабарластық. Алсудың дауысын естігенімізге қуандық, онымен бірнеше айдан бері сөйлесе алмап едік.
"ҚОЛЫМА ТАЗА СУ ҚҰЙЫЛҒАН СТАКАН ҰСТАУДЫ АҢСАДЫМ"
Бәрінен де бірінші рет қолыма таза су құйылған стакан ұстауды аңсадым. Армандаған суымды Анкарадан Эндрюс әуежайына барар жолда іштім.
Азаттық: Алсу, бостандыққа шығып, АҚШ-қа оралғаннан кейін авокадо жеп қуанғаныңды білеміз. Түрмеде не нәрсені қатты сағындың?
Алсу Құрмашева: Иә, бұл шынымен күлкілі. Бостандықтағы алғашқы авокадомды жегенде, видеоға түсіріп жатқандарын білмедім. Түрмеде қатты аңсағаным бұл емес еді. Әрине, авокадо дәмді болды. Бәрінен де бірінші рет қолыма таза су құйылған стакан ұстауды аңсадым. Армандаған суымды Анкарадан Эндрюс әуежайына барар жолда іштім. Бірінші рет таза су ішу, бірінші рет қонақ үйде ұзақ душқа түсу, бірінші рет жақсы төсекте ұйықтау. Әлі күнге дейін таныс заттардың бәрінен бірінші рет дәм татып жатқан сияқтымын. Бірнеше күн ғана өтті ғой. Есептен жаңылып қалдым, бірақ әлі сол "бірінші" деген тізімді орындап келе жатырмын. Бүгін таңертең бірінші рет қарауылдың бақылауынсыз жалғыз серуендедім. Түрмеде сонша ауыр болады деп күткен жоқпын. Мықты екенмін деп ойладым. Бәрі жақсы сияқты көрінді. Бірақ маған басымнан өткенді қорытуға уақыт керек.
Павел Буторин: Алсуға бірнеше ай бойы заңсыз қамауда болғаннан кейін еркін әлемге қайта бейімделуге көмектескіміз келеді. Бұл – процесс. Қазір өзіне келіп жатыр. Қолымыздан келгенше көмектесіп жатырмыз, бәрі жақсы. Алсу – сенімді қолда. Өзін жақсы көретін адамдардың ортасында. Көп ай бойы Алсуды қарапайым адами құрметтен айырды. Бәрі бітті. Бұл сұмдық аяқталды. Қорқынышты түстен ояндық. Қолымыздан келгеніне қуаныштымыз, Ресей мен Беларусьте, оккупацияланған Қырымда түрмеде отырған Азаттықтың басқа журналистері де бостандыққа шығады деп үміттенеміз.
Азаттық: Алсу, сізді босатқалы жатқанын қашан түсіндіңіз? Мұны Қазанда түрмеде отырғанда білдіңіз бе? Әлде Мәскеуге әкеткенде ме?
"СЕНДІМ ДЕЙ АЛМАЙМЫН, БІРАҚ ҮМІТТЕНДІМ"
Сот асыға бастады, бір жағдай болуы мүмкін екенін аңғардым. Эванның соты да сол күні болды, бұл белгі деп ойладым.
Алсу Құрмашева: Алдында айтқанымдай, қыс бойы сырттан хат-хабара ала алмадым. Қыс бітпестей көрінді. Көктем келді, бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Кейін сот асыға бастады, бір жағдай болуы мүмкін екенін аңғардым. Эванның соты да сол күні болды, бұл белгі деп ойладым. Кейін тағы да үнсіздік басталды. Мені Қазандағы түрмеден басқа, алыс жерге алып кетті. Түрме пойызымен әкетіп бара жатқанда Мәскеуге қарсы бағытқа жүріп барамыз деді. Кішкене үміт болғанын жасырмаймын, бірақ бәріне дайын болдым. Үш күн Мәскеуге жүрдік. Оны үшінші күні бір-ақ білдім. Ішімде үміт оянды. Мәскеуде қайтадан түрмеге отырғызып қойды. Онда қанша отыратынымды айтпады. Тұтқын алмасу шарасына ілігуге күш салып жатқанымызды білетінмін. Жалғыз үмітім сол еді. Әйтпесе, журналиске 6,5 жыл түрмеде отыру деген ақылға сыймайтын үкім ғой.
Азаттық: Бұл тұзақ, Ресей билігі немесе Федералды қауіпсіздік қызметі ойын ойнап, психологиялық қысым көрсетіп жатыр деп ойлаған жоқсыз ба?
Алсу Құрмашева: Кейінгі 10 айда психологиялық қысымның неше түрін көрдім. Сондықтан ол туралы ойламадым. Жай ғана үміттендім. Үмітім қарсы тұруға көмектесті. Сендім дей алмаймын. Бұл сөздің мағынасы дұрыс келмейді, бірақ мен шынымен үміттендім.
"ЕШКІМГЕ ӨКПЕМ ЖОҚ"
Азаттық: Еркіндікке шығып, отбасыңызға оралғаныңызға бақытты екеніңіз анық. Басқа эмоциялар бар ма? Мәселен, ашуланасыз ба? Ресей үкіметі өміріңіздің 9 айын тартып алғанына ызалысыз ба?
Алсу Құрмашева: Ашу-ыза жоқ. Ашуланбаймын. Ешкімді жек көрмеймін. Өкінішті. Осы жұмысты істеуге тура келген адамдарды аяймын. Судьялар, тергеушілер, офицерлер, күзетшілер. Қазір маған әлемді қуып жету керек. Отбасым мен үшін дайындаған қаншама видеоны қарап шығуым керек. Жаңа музыка, жаңалық, кітап, фильм қарауым керек. Иә, сонша уақытымды тартып алды, ол уақытты ешкім кері қайтара алмайды. Бірақ оның орнын толтырамыз, бұл мені, отбасымды мықтырақ етті. Ешкімге өкпем жоқ.
"ЖУРНАЛИСТИКА ҚЫЛМЫС ЕМЕС"
Түрмеде ақпарат шектеулі болды. Мені қорғау науқаны жайлы ештеңе білмедім.
Азаттық: Павел, соңғы сұрақты сізге қояйын. Кейінгі күндері неше түрлі эмоция болды. Қазір қандай сезімдесіз? Түнде көзіңіз ілінбегенде, басыңызға қандай ойлар келеді?
Павел Буторин: Енді маған таңертең ояна сала әлеуметтік желілер мен адвокаттардың хатын тексермейтін өмірге үйрену керек. Шынымды айтсам, мойнымнан ауыр жүк түскен сияқты. Жаңа өмірге бейімделуге қолымнан келгенше көмектесетін сәтімді күтіп жүрмін. Бұл біраз уақыт алады, кейінгі күндері эмоцияның сан түрі болды. Басымнан өткенді қорыта алмай жатырмын. Осының бәрін еңсергенімізге сене алмаймын. Президенттің кабинетінде болдық, қыздарымды Байден мырзамен, Харрис ханыммен таныстырдым. Президент екеніне қарамай, қарапайым адамдар сияқты сөйлестік. Сосын Байден мырза бізді Ақүйде аралатты. Бұл тамаша болды. Сондықтан әлі де басымыздан өткенді ұғынуға тырысып жатырмын. Бастысы, бәріміз бақыттымыз. Шын мәнінде, Алсу үйге оралғанына, біздің отбасымыздың жамандыққа еш қатысы жоғына қуаныштымыз. Оның жазықсыз екенін бүкіл әлем біледі. Біздің отбасымыз осынша азапқа лайық емес еді. Мұндайға ешкім, әсіресе, журналистер отбасы лайық емес. Журналистика қылмыс емес. Алсу қылмыскер емес. Үйге оралғанына қуаныштымын.
Алсу Құрмашева: Оралғаныма қуаныштымын. Балаларымның жанында болғаныма бақыттымын. Кәдімгі аналар сияқты отбасыма қамқор бола аламын. Мектептің шаруалары сияқты негізгі мәселелер шешілгенін асыға күтіп жүрмін. Содан кейін өз ісім жайлы зерттеп білгім келеді. Қазірдің өзінде естіген ақпараттарыма таңғаламын. Менің мүддемді қорғаған топ, АҚШ үкіметі, Конгресс мүшелері, журналистер құқығын қорғау комитеті, Азаттықтағы әріптестерім, баспасөз бостандығы бойынша ұйымдар. Түрмеде ақпарат шектеулі болды. Мені қорғау науқаны жайлы ештеңе білмедім. Көп рахмет. Ерекше бағалаймын. Шынымен. Бұл маған күш берді, бәріне жеке алғыс айтып шығамын.
Павел Буторин: Алсу көп адамға алғыс айтуы керек. Ол бұл іске Атлант мұхитының екі жағында қаншама адам күш салғанын білмейді. Балаларға келсек, олардың алдында қарыздармын. Олар – Алсудың ең үздік қорғаушылары, ең мықты өкілдері болды. Қыздардың бойы ғана емес, ойы да өсті. Тез есейді. Өзіңіз де білесіз, Америка азаматтары, еркін адам ретінде олар өз құқықтарын жақсы біледі.
ПІКІРЛЕР