Accessibility links

"Ауған әйелдеріне бостандық" деген жазуы бар киім киген спортшы жарыстан шеттетілді


Манижа Талаш, Париж, 9 тамыз 2024 жыл.
Манижа Талаш, Париж, 9 тамыз 2024 жыл.

Босқындар командасының құрамында болған ауған спортшысы Манижа Талаш Париж Олимпиадасында брейкданс бойынша іріктеу кезінде жарыстан шеттетілді. Бұл жөнінде Associated Press хабарлады. Ол "Ауған әйелдеріне бостандық!" деген жазуы бар киім киген.

Дүниежүзілік би спорты ұйымы Талаш саяси ұран көтергені үшін жарыстан шеттетілгенін айтты. Бұл Олимпиада хартия ережелеріне қайшы.

Талаш алдын ала іріктеу кезінде Нидерланд спортшысы Сарджодан жеңілгендіктен келесі кезеңге өте алмады. Ол комиссия шешіміне қарамастан бәрібір жарысқа қатыса алмайтын еді.

2021 жылы Ауғанстан билігіне тәліптер келгеннен кейін 21 жастағы Манижа Талаш елден кеткен. Қазір Испанияда тұрып жатыр.

БҰҰ-ның Ауғанстан бойынша миссиясының соңғы баяндамасына қарағанда, Ауғанстанда "Талибан" радикал тобы билікке келгеннен кейін елде музыка тыңдауға, би билеуге, діни емес мерекелерді атап өтуге, адамдардың суретін салуға тыйым салған. Әйелдерге бастауыш білімнен артық білім алуға және спортпен айналысуға тыйым салынған.

Бұған дейін "Талибан"Олимпиадаға қатысқан ауған спортшыларын мойындамайтынын мәлімдеген. Тәліптер ойындарға тек ер адамдар қатыса алатынын айтқан.

XS
SM
MD
LG