Ресейдің Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков 12 тамызда Украинамен шекараға жақын Краснояружск ауданында халықты эвакуациялау басталғанын хабарлады.
"Бізде мазасыз таң. Краснояружск ауданының шекарасында жаудың белсенділігі байқалады. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аудан тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіре бастаймыз" деді Гладков Telegram-дағы видеомәлімдемеде. Аумаққа көлік жіберілген. Қанша адам көшірілетінін және олар қайда орналастырылатынын гурернатор нақтыламады.
Украин әскерінің бір бөлімі аталған аудандағы ауылдардың бірі Колотиловкаға шабуыл жасағанын әскери блогерлер жексенбі күні хабарлаған. Үш күн бұрын Гладков тұрғындарды ол жақтан кетуге шақырған.
Краснояружск ауданы Курск облысының Суджа қаласынан шамамен 45 шақырым жерде орналасқан. 6 тамызда Суджаға украин әскері кірген.
Белгород облысының Краснояружск ауданының батыс жағы Украина шекарасымен түйісіп жатыр, ал солтүстік жағы Курск облысының Белов ауданымен шектеседі. 11 тамызға қараған түні Белов ауданына украиналық диверсиялық-барлау тобы кірген. Кейін Ресей қорғаныс министрлігі Белов ауданына украин күштері кірмек болғанын, оларға тойтарыс берілгенін хабарлады.
9 тамызда Ресейдің Украинамен шектесетін Белгород, Брянск, Курск облыстарында контртеррористік операция режимі енгізілген еді. Украин әскері Курск облысында 6 тамызда рейд бастағаннан кейін федералдық дәрежеде төтенше жағдай енгізілген.
Ресей қорғаныс министрлігі үш облыста 18 дрон атып түсірілгенін хабарлады. Ведомствоның хабарлауынша, Курск облысында ресейлік әуе қорғаныс күштері - 11 дрон, Белгородта - 5, Воронежде екі дронды атып түсірген. Дегенмен Ресей қорғаныс министрлігінің хабарламасында Ростов облысында құлатылған дрондар туралы айтылмаған, Мәскеу түбіндегі Чкалов аэродромына жасалған дрон шабуылы туралы да мәлімет жоқ.
Ростов облысында дүйсенбіге қараған түні төрт дрон атып түсірілгенін аймақтың губернаторы Василий Голубев хабарлаған.
Түнде бірнеше ресейлік әскери телеграм-арна жергілікті тұрғындарға сүйене отырып Мәскеу түбіндегі Чкалов аэродромы ауданында атыс дыбысы естілгенін хабарлады. Тұрғындардың болжамынша, дрон немесе дрондар атып түсірілген болуы мүмкін.
Чкалов аэродромы Мәскеудің солтүстік-шығысынан 15 шақырым жерде Шелково қаласына жақын жатыр.