Өзбекстан президентінің кіші қызы Шахноза Мирзияева Өзбекстан ұлттық паралимпиада комитеті төрағасының орынбасары болды. Бұл жөнінде аталған комитеттің баспасөз қызметі хабарлады.
Комитет хабарламасында Шахноза Мирзияева қазір Өзбекстан президенті жанындағы әлеуметтік қорғау жөніндегі ұлттық агенттік төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқаратыны жазылған.
Бұған дейін өзбек президентінің кіші қызы мектепке дейінгі білім беру министрлігіне қарасты мекемеде істеген.
Орталық Азияда мемлекет басшыларының жақындары мен туыстары жоғары лауазымды қызметтерге тағайындалуы сирек емес. Жуырда Шахноза Мирзияева күйеуі, олимпиада кеңесінің вице-президенті Отабек Омаровпен бірге Париждегі Олимпиада ойындарында медаль алған спортшылармен қатар көрінген.
13 тамызда Ташкенттегі олимпиада және паралимпиада даңқы музейінде XVII жазғы паралимпиада ойындарына баратын спортшылармен таныстыру рәсімі өтті. 28 тамыз бен 8 қыркүйекте Парижде өтетін жарысқа Өзбекстаннан 60-тан астам спортшы спорттың он түрі бойынша қатысады.