16 тамызда Өскемен қаласындағы сот Қайрат Сатыбалдыны түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасына (3 жыл 3 ай) ауыстырды.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Сатыбалды Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылы наурызда қамалды. Кейін ол "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларынан ақша жымқырды деген айыппен 6 жылға сотталып, түрмеге қамалған.
Осы тамыз айында Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік пен Бас прокуратура Сатыбалдының мемлекетке заңсыз иеленген 732,8 млрд теңгені және 50 млрд теңгені қайтарғанын хабарлаған. Сол кезде мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи желіде "Қайрат Сатыбалдыны шартты жазамен босатуға дайындап жатыр ма?" деген пост жариялаған.
16 тамызда желіде тараған Сатыбалдының соттағы сөзінде ол халықтан және президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан кешірім сұрап, айыбын мойындады.
"Халқымызда "Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды" деген сөз бар. Мен жасаған қателіктерімді мойындаймын. Маған қозғалған қылмыстық іс бойынша органдарға көмектесіп, бүкіл заңсыз қаржыны қайтарып жатырмын. Мен заңсыз шығарылған активтерді қайтару елдің ырысын қайтару деп білемін. Бұл мемлекет басшысы қабылдаған шешімдердің бірі. Мұндайды көрген соң енді ешкім елдің ырысын сыртқа шығармайды. Заңсыз активтің бәрі тиынына дейін қайтарылып, тәртіп болуға тиіс" деді ол сотта.
Қайрат Сатыбалды Назарбаев президент болып тұрған тұста елдегі ең ықпалды бизнесмендердің бірі болды. Forbes Kazakhstan журналы оның байлығын 163 миллион долларға бағалаған.
Сатыбалды Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің кадрлық қызметіне жетекшілік еткен. "Qazaq oil", "Қазақстан темір жолы" компанияларының вице-президенті болды. 2010-2015 жылдары Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік еткен билік партиясының хатшысы болды. Қамалғанға дейін Қайрат Сатыбалды бірнеше коммерциялық компанияға жетекшілік етті, "Қазақтелеком" компаниясының акцияларына иелік еткен.
ПІКІРЛЕР