Accessibility links

Қарағандыда арнайы орталықта балалардың жаппай улануына қатысты тергеу тоқтатылды


Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының кіреберісі.
Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының кіреберісі.

Қарағанды облысының прокуратурасы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улануына қатысты тергеуді тоқтатты. Шілде айында орталықта 14 бала уланған, екеуі көз жұмған.

"Қосымша кешенді сот химия-токсикологиялық сараптамасының тағайындалуына байланысты [тергеу] тоқтатылды" деп хабарлады Азаттыққа Қарағанды облыстық прокуратурасы 23 тамызда.

Прокуратура өкілдері сараптама Мәскеуде жүргізілетінін айтты.

Маусым айында Азаттықтың сұрақтарына жауап берген прокуратура көрші ел аумағында процессуалдық әрекеттерді жалғастыру үшін тергеу органдары Ресейден көмек сұрағанын мәлімдеген.

Ақпаратқа қарағанда, медицина және дәрі-дәрмекті бақылау жөніндегі комитет өкілдері жоспардан тыс тексеру жүргізген кезде орталықта "жас жағынан келмейтін, кей жағдайда дозасы көп және тағайындалған дозадан асып түсетін дәрілердің рецептілері болғанын" анықтаған. Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері кейін "психотроптық препараттарды дозадан артық беру жағдайы" байқалмағанын айтқан.

"Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормаларды бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер жөнінде мәлімет жоқ.

Арнайы орталықта психоневрологиялық ауруы бар науқастар – ата-анасы жоқ балалар, ата-аналары бас тартқан балалар, толық отбасыдан шыққан балалар тұрады. Былтыр шілде соңында тамыздың басында осы орталықтың балалары улану белгілерімен жұқпалы аурулар ауруханасына түскен еді. 11 және 13 жастағы екі ұл бала көз жұмды. Алты бала реанимация бөлімінде бір ай жатты.

Билік тамақтан улану деген болжамды бірден алып тастады. Балалардың улы заттардан улануы мүмкін екені айтылды, бірақ нақты қандай заттан уланғаны әлі күнге дейін хабарланған жоқ.

Қарағандыда бала құқығын қорғап жүрген қоғам белсенділері түрлі инстанцияларға сауал жолдап, жауаптарды салыстырып, өз бетінше зерттеу жүргізбек болған. Олар арнайы орталықта психотроптық препараттарды шамадан тыс көп беріп жіберген болуы мүмкін немесе балаларға жаңа препарат беріп, сынақ жүргізген болуы мүмкін деп топшылаған. Белсенділер мемлекеттік органдардан дәрі-дәрмекті клиникалық сынақтан өткізу балалардың туысы, ата-анасының немесе қамқоршысының келісімімен жүргізілетіні туралы хаттарды алғаннан кейін осындай қорытындыға келген. Алайда Қарағанды облысындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында "мұндай зерттеулер жүргізілді ме" деген сауалға билік ақпараттың құпиялылығын алға тартып, жауап бермеді.

XS
SM
MD
LG