Accessibility links

Зеленский Путинді "ядролық батырмасымен" қорқытып жүрген "Қызыл алаңдағы ауру ата" деп атады


Украина тәуелсіздігі күніне орай мәлімдеме жасап тұрған Владимир Зеленский, 24 тамыз 2024 жыл.
Украина тәуелсіздігі күніне орай мәлімдеме жасап тұрған Владимир Зеленский, 24 тамыз 2024 жыл.

Украина президенті Тәуелсіздік күні азаматтарға қайырылып, мәлімдеме жасады. Владимир Зеленскийдің сөзінше, оның видеомәлімдемесі Ресейдің Курск облысымен шектесетін Сумы облысында жазылған. Курскіде украин әскері 6 тамыздан бері шабуыл жасап жатыр.

"Бүгін 33-рет Украина тәуелсіздігін атап өтіп отырмыз. Біздің елімізге жау әкелген нәрсе енді оның үйіне қайтты. Біздің жерімізді буферлік аймаққа айналдырғысы келгендер өздерінің жері буферлік федерацияға айналып кетпеуін ойлауы керек" деді Зеленский.

Ресей басшысының атын атамаған Зеленский Путинді – "Қызыл алаңдағы ауру ата", ал Ресейді "әлемдегі нөмір бірінші террористік ұйым" деп атады.

"Бәрін қызыл батырмасымен үнемі қорқытып жүрген Қызыл алаңдағы ауру ата бізге өзінің қандай да бір қызыл сызығын айтып, не істеу керектігін айтпасын" деді Украина президенті.

Тәуелсіздік күніне орай өткен салтанатты рәсім кезінде Зеленский 24 тамызда украин әскері алғаш рет Ресей әскерінің нысандарына жаңа қару – "Паляница" ракета-дронымен соққы жасағанын айтты.

"Бұл басқыншыдан кек алудың жаңа әдісі. Жау жойылды. Мұны қамтамасыз еткендерге алғыс айтамын. Жасап шығарушыларға, өндірушілер мен әскерге рахмет айтамын" деді Украина президенті.

Ресей жағы Зеленскийдің жаңа қару туралы мәлімдемесіне түсініктеме бермеді.

Украинаның тәуелсіздік күні Киевке Польша президенті Анджей Дуда мен Литваның премьер-министрі Ингрида Шимоните барды.

XS
SM
MD
LG