Американың NASA ғарыш агенттігі Жер орбитасында техникалық мәселелерге кезіккен Boeing корпорациясының "Старлайнер" кемесінің экипажын қайтарумен SpaceX компаниясы айналысатынын мәлімдеді. Астронавтар Жерге келесі жылы оралады деп хабарлады Reuters.
"Старлайнер" кемесі 5 маусымда ұшқан және орбитада тек 8 күн ғана болады деп айтылған еді. Алайда астронавтар Жерге 2025 жылдың 25 ақпанында ғана орала алады. Қазір олар халықаралық ғарыш станциясында тұрып жатыр.
SpaceX экипаж мүшелерін "Крю Дрэгон" ғарыш кемесінің көмегімен Жерге қайтарады. "Старлайнер" кемесі халықаралық ғарыш станциясынан ажырап, Жерге автоматты режимде оралмақ.
NASA астронавтары Бутч Уилмор және Суни Уильямс халықаралық ғарыш станциясының сынақ режимінде "Старлайнер" кемесімен ғарышқа ұшқан алғашқы астронавтар. Алғашқы 24 сағатта қозғалтқышты басқару жүйесінде ақау пайда болды. 28 қозғалтқыштың бесеуі істен шықты. Бұған қоса, қозғалтқыштағы қысымды ұстап тұратын гелий де сыртқа лықсыған. Астроновтар халықаралық ғарыш станциясына жеткізілді. Алайда олардың Жерге оралу мерзімі осы күнге дейін бұлыңғыр болып келген еді.
Reuters-тің жазуынша, Boeing халықаралық ғарыш станциясындағы миссия "Старлайнер" бағдарламасының беделін жақсартады деп үміттенген.
Кейінгі жылдары Boeing компаниясының беделіне әсер ететін даулар жиіледі. Қаңтарда әуеде ұшып бара жатқан кезде Boeing 737 MAX 9 жолаушылар ұшағының есігі бөлініп кеткен. Оқиғадан кейін АҚШ азаматтық авиациясының федералдық басқармасы тергеу жүргізіп, 737 Max өндіріс процесінің 89 тексеруінің тек 56-сы ғана сәтті өткенін анықтады. Кейін өндіріс тізбегіндегі заңсыздықтар туралы айтқан екі жоғары лауазымды адам кенеттен қаза болды.