Ресейдің Самара облысында мигранттарға дүңгіршек пен базарда сауда жасауға, тамақтану орнында жұмыс істеуге, үй-жайды жалға берумен айналысуға тыйым салды. Бұл туралы аймақ үкіметі сайтында жазылған.
Облыс губернаторы міндетін уақытша атқарушы Вячеслав Федорищев аймақта саудамен айналысатын кәсіпорындардың барлығын үш айда патент бойынша істейтін мигранттарды жұмыстан босатуға міндеттеді.
Idel.Реалии сайтының мәліметінше, Федорищев бұйрығы шетел азаматтарына бөлшек саудада азық-түлік, сусын, темекі, мата, киім, аяқ киім және басқа да тауарлармен айналысуға тыйым салады.
Бұдан бөлек, мигранттарға сүт және нан өнімдерін, балалар тағамын, ауыз су шығаратын орында, тамақтанатын жерде, азық-түлік жеткізумен айналысуға, көтерме және бөлшек саудада алкоголь сусындары мен этил спирті, темекі өнімдері, дәрі-дәрмек, жұмыртқа, сүт өнімдерімен жұмыс істеуге тыйым салған.
Мигранттарға деректерді өңдеу, мәліметтер базасын құру, ақпарат жариялау, үй, пәтер мен бөлмені қысқа мерзімге жалға беру саласында істеуге болмайды.
Жергілікті билік мұндай шектеулер "азаматтардың қауіпсіздігі мен еңбек нарығын қорғау мақсатында" енгізіліп жатыр деді.
Биыл ақпанда облыстың бұрынғы губернаторы Дмитрий Азаров мигранттарға таксиде, қоғамдық көлікте, білім беру саласында патент бойынша жұмыс істеуге тыйым салған.
Мәскеудегі Крокус Сити Холл концерт залында болған терактіден кейін Ресейге жұмыс істеуге барған мигранттарды полиция ұстап, көп адамды барлық құжаттары түгел болғанына қарамастан, елге кіргізбей, депортациялады. Терактіге дейін де Ресейдегі мигранттар дискриминацияға жиі ұшырайтын.
ПІКІРЛЕР