Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) басшысы Рафаэль Гросси Ресейдің Курск облысына барып, Курск атом электр станциясын тексеруді бастады. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.
Гросси станция басшыларымен сөйлесіп, ондағы электрмен жабдықтау жүйесі мен кірме жолдарының жағдайын бағаламақ, бұл атом электр станциясындағы жағдайға тәуелсіз баға беруге мүмкіндік береді.
Бұған дейін МАГАТЭ басшысы атом станциясына жақын жерде шабуыл болып жатқанына байланысты "алаңдаушылық" білдірген, өйткені бұл нысанда екі реактор жұмыс істейді.
17 тамызда "Росатом" басшысы Алексей Лихачев Рафаэль Гроссимен сөйлескенде Украина Курск АЭС-іне арандату дайындап жатыр деп мәлімдеп, МАГАТЭ басшысынан АЭС қауіпсіздігін бағалап кетуді сұрады.
Украина атом электр станциясына шабуылға дайындық туралы айыпты ресми түрде жоққа шығарды.
МАГАТЭ басшысы Курск облысынан кейін Киевке барып, Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездеспек.
Украина әскері 6 тамызда Ресейдің Курск облысы аумағына кірді. Сол күннен бері аймақта шайқас жалғасып жатыр. Курск атом электр станциясы Курчатов қаласына жақын тұр, АЭС маңында аймақтағы екі ірі қала – Курск пен Железногорск орналасқан.
ПІКІРЛЕР