Ядролық энергетика саласындағы халықаралық сарапшы, "Атом улаған дала: Қазақстанның бомбадан бас тарту жолы" кітабының авторы Тоғжан Қасенова Семей полигоны туралы: "Ядролық сынақ адам денсаулығына кері әсер ететіні көп ұзамай-ақ түсінікті болды. Бірақ, өкінішке қарай, бұл оларды тоқтатқан жоқ. Сынақтың 40 жылға созылуы бүкіл елге орны толмас қасірет әкелді", – дейді. Әйтсе де, оның сөзіне сүйенсек, бұл тек өткен күннің қасіреті ғана емес, сонымен бірге қандай жолмен болса да, осы полигонды жабу үшін күрескен адамдардың азаматтық ерлігі мен шынайы патриотизм тарихы. 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні қарсаңында Азаттық Тоғжан Қасеновамен сұхбат құрды.
"ХАЛЫҚ ҰЛАН-ҒАЙЫР АУМАҚТАН АЙЫРЫЛДЫ"
– Біз "Өлімнен күшті" мемориалының жанында тұрмыз. Мұнда перзентін денесімен қорғап тұрған ана бейнеленген. Көп жыл бойы осы тақырыппен жұмыс істеп келе жатырсыз, Семей полигоны тарихын бес саусақтай білесіз. Бұл мемориалға келгенде қандай сезім оянады?
– Мемориалдың айтар ойы өте терең деп есептеймін әрі онда шынайы жағдай бейнеленген: ионды сәуленің ықпалына әсіресе әйелдер мен балалар бейім келеді.
Дегенмен, бұл мемориалда әлдебір жарқын әрі мықты дүние бар, ол ананың баласын қорғау ниеті. Мен бұрынғы полигонға жақын тұратын көптеген отбасымен кездестім, барлығында дерлік бүкіл қиындыққа қарамастан, ата-ананың жауапкершілік жүгін абыроймен атқарып келе жатқаны, балалары үшін бәрін жасауға дайын екені тебірентпей қоймайды. Көпшілігінің баласы қатерлі дертке шалдыққан, олар сол балаларға барын береді. Сондықтан да мен үшін мемориалдың орны бөлек.
Тоғжан Қасенова – ядролық саясат, жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы халықаралық сарапшы. АҚШ-тың Олбани университетіндегі Саяси зерттеулер орталығында аға ғылыми қызметкер. 2022 жылы Стэнфорд университеті баспасынан Тоғжан Қасенованың "Атом улаған дала: Қазақстанның бомбадан бас тарту жолы" кітабы жарық көрді.
– "Атом улаған дала: Қазақстанның бомбадан бас тарту жолы" кітабын жазуға 15 жыл жұмсапсыз. Материал жинап, мұрағат ақтарып, халықпен кездестіңіз. Қай сәттер сізге айрықша әсер етті немесе жаңалық болды?
– Жағымсыз әңгімеден бастайын. Бұл тақырыпқа бел шешіп кіріскенге дейін халықтың да, аймақтың да қалай зардап шеккенін түсінсем де, оның ауқымы осынша зор екенін жеткілікті сезінбеппін. Оны мұнда келген соң ғана сезіндім. 2015 жылы бұрынғы полигонның үстінен тікұшақпен ұшып өткенімде оның шынайы ауқымын көрдім. Полигон үшін халықтан, Қазақстаннан тартып алған аумаққа тұтас Бельгия сыйып кетер еді.
Семей ядролық сынақ полигоны (СЯСП) – Совет Одағының бірінші ядролық полигоны. Аумағы – 18 500 шаршы шақырым. Полигон құрылысы 1947 жылы басталған. Ондағы алғашқы жарылыс 1949 жылы жасалды. 40 жыл ішінде полигон аумағында кемінде 468 ядролық, термоядролық және сутегі бомбасын жарып, сынақ өткізген.
Бұл туралы құжаттарды оқу бір бөлек те, оны басынан өткерген адамдармен кездесу, олармен жақын танысып, сөйлесу мүлдем бөлек. Бұл өте қиын болды, оның үстіне өзім Қазақстаннанмын, бұл тақырып маған етене жақын әрі ауыр. Жалпылама қарастыру мүмкін емес еді.
Дегенмен, зерттеуім тек қаралы сипатта емес. Сонымен бірге Қазақстандағы азаматтық батылдықтың үздік үлгілерін көрдім. Мәселен, өзі осы өңірде туып-өскен Мұхтар Әуезов сонау 1957 жылы Жапонияда өткен ядролық конференцияға қатысып, мұнда не болып жатқаны туралы көрген-білгенін ортаға салыпты. Бұғып қалмаған. Облыс тізгінін ұстаған батыл басшылар болыпты: 1950-жылдардың аяғында Мұхамедғали Сужиков, 1960-жылдардың басында Михаил Карпенко, ал 1980-жылдардың аяғында Кешірім Бозтаев. Өзі басқарған облысқа жаны ауырған, жоғарыдағыларға хат жазып, жағдайды жеткізген.
Көпшілік біле бермейтін тағы бір тамаша оқиға – Өңірлік патология институтының профессор Бахия Атшабаров жетекшілік еткен медицина экспедициясы. Олар 1950-жылдардың аяғында үш жыл қатарынан полигон аймағына келіп, клиникалық деректер жинаған. Бәрін бүкпесіз жазған. Олар өз басын зор қатерге тіккен, себебі экспедиция жұмыс істеген 1957, 1958, 1959 жылдары Совет Одағының ядролық бағдарламасы құпия деп саналған. Соған қарамастан, олар көргенінің бәрін жазып алған: халықтың қатерлі дертке шалдыққанын көрсеткен. Өлген жануарларды зерттеп, стронций барын анықтаған. Өсімдіктер мен топырақ қабатын тексерген. Бұл – азаматтық батылдықтың жарқын үлгісі. Сондықтан кейбір жайттар ауыр тисе, енді бір жағдайлар мақтаныш сезімін оятты.
– Экспедиция туралы кеңірек айтыңызшы. Олар жинақтаған мәліметтер кейін құпия болды ма?
– Олар үш жыл жұмыс істеген. Экспедиция жұмысына рұқсат беріп, қолдау көрсеткен одақтың денсаулық сақтау министрі Ковригина (Мария Ковригина, 1954-1959 жылдары Совет Одағының денсаулық сақтау министрі болған – ред.) мен Қазақ ССР денсаулық сақтау министрі Қарынбаевтың (Сибуғатулла Қарынбаев, 1954-1965 жылдары Қазақ ССР денсаулық сақтау министрі болды – ред.) еңбегі зор. Дегенмен, профессор Бахия Атшабаров маңызды рөл ойнағаны анық.
Бахия Атшабаров — медицина ғылымдарының докторы, академик, 1952-1984 жылдары Қазақстан ғылым академиясының Өңірлік патология институтының директоры болған.
Иә, бүкіл мәлімет жинақталған, машинкаға басылған деректер үлкен-үлкен 12 том болған. Оның бәрі, әлбетте, құпия ұсталған. 1961 жылы Мәскеуде өткен жабық конференцияда біздің қазақстандық дәрігерлер... Осы арада тағы бір жайтты атап өткім келеді. Экспедиция құрамын қарағанымда, Қазақстанның көпұлтты екенін көру жағымды сезім тудырды, өйткені оның құрамында қазақ, орыс, неміс, еврейлердің аты-жөні болды, бірақ бәрі қазақстандық. Олар Мәскеуге барып, өз жазбаларын қорғаған.
Әскери сала өкілдерімен мейлінше тығыз қарым-қатынаста болған [Биофизика институтының] қызметкерлері біздің ғалымдардың әдістемесі дұрыс емес деп көрсетуге талпынған, халық дәрумен жетіспегеннен және жағдайы нашар болғандықтан ауырады деп көрсетпек болған. Сонда біздің дәрігерлер С дәрумені жетіспейтінін мойындай отырып, оның барлық аймақта жетіспейтінін, ал мұнда адамдар көбірек дертке шалдығып жатқанын айтқан. Осылай Өңірлік патология институтында еңбек еткен батыл дәрігерлер [өздері жасаған қорытындыны] мейлінше дәлелдеп баққан.
Полигон аймағында үш жыл жұмыс істеген экспедицияны Мәскеудің қысымынан кейін жапқан, ал олар жинақтаған мәліметтер Қазақстанда тек 1990-жылдары ғана ашылды. Қазір бұл деректер Ғылым академиясының мұрағатында, сол совет кезіндегі толық клиникалық мәліметтерден тұратын жалғыз зерттеу болғандықтан, оның құны өте жоғары.
Бұл әлемдегі негізгі ядролық державалар ауада сынақ жүргізуге тыйым салуды ойластырып, келіссөз жүргізе бастаған кезең еді. 1963 жылы келісімге қол қойылды. Қолымда нақты дәлел жоқ, дегенмен, [Атшабаров экспедициясы тапқан] деректер ауада сынақ жүргізуді тоқтатуда өзіндік рөл ойнады деп ойлаймын.
"ХАЛЫҚ ТАҒДЫРЫНА ЕШКІМ БАС ҚАТЫРМАҒАН"
– Сіз жаңа "құпия ұстады" дедіңіз. Қазір полигон туралы құпия деректер бар ма? Көп пе ондай дерек?
– Өкінішке қарай, көптеген мәлімет әлі күнге жабық екеніне сенімдімін. Біздің мұрағаттарда белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік беретін ашық ақпарат жеткілікті. Дегенмен, ақтаңдақтар да аз емес. Мәселен, мұрағаттан 1950, 1960, одан кейін 1980, 1990-жылдардағы деректерді таптым. Бірақ 1970-жылдарға тиесілі бірде-бір құжат таппадым.
– 1970-жылдары не болып еді?
– Білмеймін. Жерасты ядролық сынақтары басталды. Мұны кездейсоқтыққа жатқызуға да болар еді, бірақ 1950, 1960-жылдардағы деректер де толық емес. Кейде [құжаттарда] тұтас бір бөліктер жоқ болып шығады, ол көрініп тұрады.
– Кішкентай кезімде әкем айтқан әңгіме есімде, бала күнінде достарымен бірге "ядролық саңырауқұлақ" көруге барады екен. Әкемнің әңгімесінен түсінгенім, оның қаншалықты қауіпті әрі зиян екенін білген кезде аса қатты таңғалмаған. Сынақ туралы халыққа қалай түсіндірген, оның денсаулыққа зиянды әсері туралы шындық қашан ашылды?
– Әу бастан-ақ құпия жайттар көп болған. Алғашқы сынақтың алдында тіпті оған тікелей араласып жүрген адамдардың өзіне "атом", "Семей", "полигон" деген сөздерді айтуға тыйым салған.
Жергілікті халыққа немесе жергілікті басшыларға егжей-тегжейін ешкім түсіндіріп жатпаған. Олар жалпылама мұның әскери мақсаттағы сынақ екенін білгенімен, жай-жапсарынан бейхабар болған.
Алайда, ауада ядролық сынақ жасаудың адам денсаулығына зияны орасан зор болғандықтан, бірдеңе дұрыс емес екенін көрсететін көрнекі мысалдар көп күттірмеген. Халық қан, тері ауруларына шалдыға бастаған, ал одан кейін онкологиялық аурулар басталған.
Халыққа аса ақпарат та бермеген. Мейлінше қуатты кейбір жарылыстар алдында, оның өзі де кейінірек, 1950-жылдары кейде полигон аймағында тұратын елге далаға шығу керегін ескерткен. Мұның себебін мүлде түсіне алмадым, себебі ол өзі атмосферада жасалған сынақ болса, ал сен далада жүрсең, жағдайың тіптен ауыр ғой. Менің ойымша, әскерилер көзге ұрып тұратын жарақаттар болғанын қаламаған сияқты. Мысалы, үйдің төбесі құлауы немесе әйнек сынуы мүмкін, ондайда алған жарақат бірден көрінеді. Сондықтан да кейбір сынақтар алдында халыққа далада шығуды ескерткен сияқты.
Ал құжаттардан ядролық сынақтың адам денсаулығына кері әсер ететіні ұзамай-ақ түсінікті болды. Бірақ, өкінішке қарай, бұл оларды тоқтатқан жоқ. Сынақтардың қырық жылға созылуы еліміз үшін орны толмас қасірет деп есептеймін.
– Сынақтың денсаулыққа кері әсер ететінін ресми түрде қашан мойындады?
– Көпшілікке жария болуына келсек, 1989 жылы конференция өтті, сол кезде ядролық сынаққа қарсы қозғалыстар басталды. Жерасты сынағы болғанның өзінде жер бетіне радиоактив газдар шығатыны белгілі болды. "Қайта құру", жариялылық кезі. Осы кезде тағы бір жарылыс жасалып, одан өте қатты улану болады. Мұны Шағандағы, Курчатовтағы емес, Шағандағы әскери қалашық өкілдері облыс басшысы Бозтаевқа (Кешірім Бозтаев, 1987-1991 жылдары Қазақстан компартиясы Семей облыстық комитетінің бірінші хатшысы болған – ред.) хабарлаған. Бұл ақпарат Олжас Сүлейменовке жетіп, 1989 жылдың ақпан айынан бастап антиядролық наразылық басталды. Қателеспесем, шілде айында Семей облысындағы жағдайға қатысты бірінші қоғамдық конференция өтіп, оған тек Қазақстаннан ғана емес, Ресейден де көптеген спикер келіп, сол жерде алғаш рет қандай да бір медициналық мәліметтер ашық айтылды. Бұл туралы сол кезде барлық газет жазды.
Олжас Сүлейменов – өлеңді орыс тілінде жазатын қазақ ақыны, қоғам қайраткері, "Невада-Семей" антиядролық қозғалысының негізін қалаушы. 1989 жылғы 26 ақпанда телевидениеде Семей полигонындағы ядролық сынақтарды тоқтату қажеттігі туралы мәлімдеме жасады. Сол жылдың 28 ақпанында Жазушылар одағы ғимаратының жанында өткен шеруде антиядролық қозғалыс құру туралы шешім қабылданғаны жарияланды.
Ал ресми мойындауға келсек, бұл сұраққа жауап беру қиын, себебі әскери өнеркәсіп кешені бұл жөнінде ерте бастан білген әрі құпия құжаттарда барлығы анық-қанық жазылған, олардың бәрін қазір мұрағаттан көруге болады. Мәселен, Семейдегі қоймалардың біріндегі астықтың құрамында радиоактивті заттар қалыпты мөлшерден бәленбай есеге жоғары екені көрсетілген.
Ал осы зерттеуді жүргізген адамдар Семейдегі жергілікті билікке алаң болмауды ескертіп, бәрі "қалыпты" екенін айтқан. Сондықтан "ресми мойындау" дегенде нені айту керек? Ресми тұлғалардың білуін бе, әлде оны жария етуін бе? Қоғам талқысына мұның бәрі 1989 жылы ғана шықты.
– Бұл өтірікті түсіндіретін бір себеп таба алдыңыз ба?
– Совет үкіметі үшін негізі мақсат Американы қуып жету болған, сөйтіп қарулану жолында жанығу басталған. Зерттеуші ретінде маған нюанстер маңызды. Кейде қазақтың көзін құрту үшін "әдейі" істелген деген дискурс шығып қалады. Олай емес. Қазақтар ғана емес, осында тұратын барлық халықтың тағдырына ешкім бас қатырмаған. Әскери мақсатты ғана көздеген, ал оған жету жолында халықтың қандай құн төлеуге мәжбүр болатынын ешкім қаперге алмаған.
Бар мәселе осында. Ал деректердің құпия болуына келсек, бар болғаны оның теріс әсері туралы білгенімізді қаламаған, кез келген ақпараттың жария болып кетуінен, нақты Совет Одағы не жасап жатқанын, оның қуаты туралы біліп қояды деп шпионаждан қорыққан.
"ӨЗІМ ТУҒАН, АТА-БАБАМ ЖАТҚАН ЖЕР"
– Халық жарылыстың денсаулыққа кері әсерін көп ұзамай-ақ көрді дедіңіз. Зақымданған аймақта тұрған қарапайым адамдармен көп сұхбаттастыңыз, ұрпағымен сөйлестіңіз. Олардың көзқарасы қандай болған? Көшіп кетуге, сұрақ қоюға тырыспаған ба?
– Қызық мәліметтер бар. Әрі қазір ол мәліметтердің пайдасы мол. Ол уақытта мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) Семейден жазылатын қарапайым адамдардың хаттарын қатты қадағалап отырған. Қазір біз мұрағаттардан комитеттің сол уақыттағы есептерін көре аламыз және сол хаттардан қарапайым адамдардың сезімі, жоспары жөнінде біле аламыз.
1960-жылдары жазылған хаттарда көпшілігі туыстары мен достарына жағдай ауыр екенін, ел жаппай ауырып жатқанын, үнемі жер сілкініп тұратынын, балалардың енжар екенін, көзінің асты көгеріп тұратынын айтып шағынған. Хаттардан байқайтын тағы бір тенденция: ұлты қазақ еместер "Украинаға кеткіміз келеді" деп жазған, басқа да жерлерді айтқан. Олардың баратын жері болған және көбі кетіп қалғысы келген. Ал қазақтардың аса баратын жері де болмаған.
Екінші жағынан, полигон маңындағы ауылдарды аралағанда қазір де ондағы жағдайдың қиын екенін көрдім, әлеуметтік-экономикалық жағдай ауыр, тұрғылықты халықтан: "Қарауылда, Қайнарда, Саржалда неге қалдыңыздар? Неге басқа жаққа көшіп кетпедіңіздер?" – деп сұрағанда, көп отбасы "туған жер", "ата-бабамыздың жатқан жері" дейді. Мен мұны жақсы түсінемін. Бұл жерді біз өзіміз тек ядролық сынаққа ұрынған, орасан зор қасірет шеккен жер ретінде ғана қабылдамауымыз керек, себебі бұл жердің маңызы одан гөрі зор. Бұл жерде ұлтымызға бергені мол біртуар перзенттер дүниеге келген. Бұл бай, мықты жер.
– Жер туралы әңгімеге оралайықшы. Жерге және ондағы халыққа келтірілген залал бір кезде толық жойылуы мүмкін бе, қалай ойлайсыз?
– Мен тек өзім оқыған және көзіммен көрген нәрсені ғана айта аламын. Бірінші, Семей радиациялық медицина және экология институтының зерттеулеріне сүйенсек, олар аса жоғары деңгейде сәуле алғандардың екінші, үшінші ұрпағы арасында өлім көрсеткіші, онкологиялық аурулар [деңгейі] жоғары екенін сенімді түрде айтады.
Ал өзім бұрынғы полигонға жақын ауылдарды аралағанымда жаңа туған және одан үлкен балаларды көремін, олар ендігі төртінші не бесінші буын, бірақ олардың арасында ауыр дертке шалдыққан балаларды көріп жүрмін, арасында саусағы кем немесе керісінше, бір саусағы артық деген сияқты жағдайлар да бар. Бұл ондаған жыл бұрын болған жағдайдың құнын төртінші, тіпті бесінші буын да өтеп жатыр деген тұжырымды растайды.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЭС ТУРАЛЫ
– Қазір Қазақстанда тағы да ядролық энергетика тақырыбы күн тәртібіне шықты, ендігі әңгіме "бейбіт атом" жайында. Бұл мәселеге қалай қарайсыз?
2019 жылы Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанда ресейлік технология бойынша атом электр станциясын салуды ұсынды. Содан бері елде АЭС салынуы мүмкін екені айтылып келеді. 2023 жылы осы мәселеге орай Алматы облысында Балқаш көлінің жағалауында орналасқан Үлкен ауылында қоғам талқысы өтті. Бұл АЭС құрылысы салынуы ықтимал негізгі орын саналады. 2024 жылы Қазақстанның барлық ірі қаласында қоғам талқысы өткізілді. Бұл процестегі келесі кезең – референдум. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуінше, референдум қазақстандықтардың АЭС салуды жақтайтынын не оған қарсы екенін анықтауға мүмкіндік береді. Референдум қашан өтетіні әзірге белгісіз.
– Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға қарсы емеспін. Бұл мәселені сөз еткенде ядролық технологияның жақсы жағы өте көп екенін түсіну маңызды. Қатерлі ісіктен емделу үшін медициналық изотоптар керек, медицина саласында басқа да процедуралар бар, тіпті ауыл шаруашылығында да ядролық технологиялар бар.
Мамандығым энергетик емес, сондықтан Қазақстан не істеуі керек, оған атом энергетикасы шынымен де керек пе, білмеймін. Мұны мамандар талқылағаны жөн. Бірақ ядролық қауіпсіздік пен ядролық саясат саласында жұмыс істеп жүрген адам ретінде сұрағым көп, әрі ол мәселелерді Қазақстан үкіметі бүкіл процесс басталғанға дейін шешуі керек немесе оған қалай жауап беруді білуі керек деп ойлаймын.
Атом электр станциясын салу деген қауіпсіздіктің ең жоғарғы стандарттары сақталуы керек деген сөз. Мамандар да, ресурс та болуы керек, сонымен бірге халық үкіметке сенім арта алатындай болуы керек. Қазіргі сәтте мұндай сенім жоқ. Үкімет әлі де мұндай сенім артуға жеткен жоқ деп есептеймін. Ендеше, осы бағытта жұмыс істеуі керек.
Жемқорлық сияқты ауқымды мәселе де бар. Астанадағы ЛРТ құрылысының аяқталмауы бір мәселе (2008 жылы басталып, әлі күнге аяғына жетпеген жеңіл рельсті жерүсті көлігі жобасы төңірегіндегі жемқорлық дауы – ред.), жоба қазір жемқорлық салдарынан тоқтап тұр. Ал Қазақстанның барлық талап аса жоғарғы деңгейде сақталуға тиіс ауқымды жобаны бастамақ болуы мүлдем бөлек мәселе. Жемқорлық салдарынан бір нәрсе дұрыс болмауы, стандарттар бұзылуы мүмкін. Немесе бәрі бір сәтте тоқтап қалса ше? Қазір Бразилиямен айналысып жүрмін, онда үшінші реактор ондаған жылдан бері жартылай салынбаған күйде тұр әрі оны ешкім керек етіп отырған жоқ.
Ең бастысы, Қазақстан үкіметі мұны жақсы түсініп отырғанына сенімдімін: серіктес таңдау айрықша маңызды, себебі АЭС құрылысы деген сол серіктеспен алдағы 30-40 жыл бірге, байланыста болу дегенді білдіреді. Басқа егемен елдің азаматтық ядролық нысанына әскері кіріп отырған, еншілес компаниялары қазірдің өзінде санкцияға ұшырап отырған ел Қазақстан үшін жақсы таңдау емес екенін естен шығармау маңызды деп санаймын.
Сонымен бірге, пайдаланылған ядролық отынның соңғы көмілетін жері де зор мәселе. Мұны осы күнге дейін бірде-бір ел шеше алған жоқ. Сондықтан техникалық мәселе де көп, саяси және геосаяси жағдайлар да баршылық. Менің ойымша, осы тәжірибе үкімет пен халық арасында сенім орнай ма, орнамай ма, соны да көрсетеді.
– Нақтылап кетейікші, сіз "Росатомды" айтып отырсыз ба?
– Иә. "Росатомның" өзі санкцияға ілікпегенімен, оның еншілес кәсіпорындарына санкция салынған. Түсінікті болу үшін таратып айтсақ: Ресей әскері Украинаның Запорожье АЭС-і аумағына кірген, бұл әрекеті арқылы Ресей ядролық қауіп төндіріп отыр. Сол себептен дәл осы жағдайда және дәл қазір оны әлеуетті серіктестің бірі ретінде қарастыру дұрыс емес деп ойлаймын.
СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫНЫҢ ЖАБЫЛУЫ: "ЕҢ МАҢЫЗДЫ РӨЛ ХАЛЫҚТІКІ"
– Полигонға қайта оралсақ. Жабылу сәтін айтсақ, қандай факторлар полигонның жабылуына алып келді?
– Ауқымды факторлардан бастасақ, әлбетте, Совет Одағы деңгейіндегі жағдайдың өзгеруі, билікке [Михаил] Горбачевтің келуі. Жариялылық, "қайта құру", коммунистік партиядан басқа да қоғамдық бірлестіктерге рұқсат беру. Сондықтан экологиялық қозғалыс құру мүмкіндігі туды. Бұл Совет Одағы деңгейінде болған жағдай. Горбачевтің өзі жаппай қарулануға ынталы болған жоқ. Ол тіпті сынақтың жалғасуын да аса қалаған жоқ. Бірақ совет әскери өнеркәсіп кешені өте қуатты болатын. Горбачев оған жалғыз тосқауыл бола алмас еді.
Қазақстанда маңызды өзгерістер болып жатты. 1980-жылдары ұлттық сана-сезім қайта жаңғырғандай болды, қазақ мәдениетінде маңызды орны бар қандай да бір шығармалар қайта орала бастады. "Қыз Жібекті" қайтадан қойып, жаңадан аудара бастады. Бұл бір ғана мысал.
Бұған қоса 1986 жыл, Чернобыль оқиғасын да ұмытпауымыз керек. 1989 жылғы 12 ақпандағы жерасты ядролық сынағы соңғы нүкте болды. Тағы қайталап айтайын, жариялылық, "қайта құру" деп, бұрынғыдай темірдей тәртіп болған жоқ. Сондықтан Шаған қалашығындағы әскери адамдар аппараттағы [жерасты сынағынан] ластану барын айғақтайтын көрсеткішті жасырып қалмады. Полигонмен тікелей байланысы бар әскери басшылар жоққа шығарғанымен де, бұл ақпарат жұртқа жария болды.
Тұлға факторы да рөл ойнады. Кешірім Бозтаев, антиядролық қозғалыс жетекшісі Олжас Сүлейменов, әрине, [Нұрсұлтан] Назарбаев та үлкен рөл ойнады. Дегенмен, ең маңызды рөл – халықтікі. Қарауылда, Семейде, Алматыда көшеге шығып, шеруге қатысқан халықтың рөлі зор болды.
Бұл оқиға адамды тебірентпей қоймайды, Қазақстанның түрлі құрамдас бөлігі: республика билігі мен жергілікті билік, халық, азаматтық қоғам көрінісі түріндегі қозғалыс бірден көтерілді. Осының бәрі ықпал етті. Әр айдың маңызы болды.
Наразылық шерулері мен антиядролық қозғалыстың арқасында ең соңғы сынақ 1989 жылдың қазан айында жасалды. Содан кейін полигонның үні өшті. Бұл да назар аударатын жайт, өйткені біз жекелеген адамдардың, антиядролық қозғалыстың рөлі туралы жеткілікті айтып жүрген жоқпыз, көптің ықпалынсыз ол мүмкін емес еді.
– Антиядролық қозғалыс қалай құрылды?
– Олжас Сүлейменовтің естелігіне сүйенсек, сынақ туралы радиоактив газ тарады деген ақпарат жеткеннен кейінгі алғашқы күндері ол Алматыдағы Жазушылар үйіне бұл жағдайға бей-жай қарамайтын жандарды шақырған. Мыңдаған адам жиналып, олар залға сыймай қалған, себебі залда 400 орын ғана болған.
Сол сәтте залда болған адамдармен сөйлескенімде, олар залдағы энергияның тым өзгеше болғанын айтты, Семейден келгендер де сөйлеген, дәрігерлер де сөз алған. Ауылдан, әлде қаладан екенін білмедім, бірақ перзентханада жұмыс істеген дәрігер әйел 12 нәресте туса, соның алтауында ауытқу болғанын айтқан. Сол күні залда түрлі сезімдер шарпысып жатты деп ойлаймын.
Сүлейменовтің естелігіне қарағанда, дәл сол күні ресми бір ұйым құру туралы шешім қабылданған. Алғашқы күндері қозғалысты жай ғана "Невада" деп атаған, "Семейі" болмаған. Бастапқыда, менің түсінгенім бойынша, қозғалыс көшбасшылары оны жаһандық ауқымдағы қозғалыс ретінде көрген: тек "Семей полигонын жабу" емес, бүкіл әлемдегі сынақтарға тыйым салуды талап етпек болған, олар өзін мейлінше жаһандық қозғалыстың бір бөлшегі ретінде сезінгісі келді деп ойлаймын.
Одан кейінгі бір-екі жылда, Қазақстанда белсенді қарсылық болып жатқанда, халықаралық қауымдастықпен өзара қарым-қатынас та қатар жүріп жатқан. Америкадан, Канададан белсенділер, Жапониядан зардап шеккендер келген, ресейлік белсенділер де болған. Олар бір-бірінен шабыт алған, шетелдіктер: "Біз үшін бұл ерекше жағдай, біз Совет Одағында, соның құрамындағы республикадамыз. Мұнда халық жаппай наразылық білдіріп, нәтижеге жетіп жатыр", – деген. Біздікілерге де үлкен қолдау болған, олар Америкаға барып, сондағы белсенділердің тәжірибесімен танысқан. Сондықтан бұл бәріне күш-қуат берген бір жақсы кезең еді деуге болады.
– Семей полигонының тарихы Қазақстан халқының қоғамдық санасында көрініс тапты ма, жоқ па, қалай ойлайсыз?
– Бір жағынан, атом электр станциясын салу мүмкіндігін талқылаған уақытта [полигон] жиі еске алынады. Адамдардың жадында қалған жарақат ізі терең, халық әлі ұмытқан жоқ, ол ұмытылмас із қалдырды деуге болады.
Екінші жағынан, терең білім әлі де жеткіліксіз сияқты көрінеді, халық антиядролық қозғалыс туралы да, аймақта не болғаны немесе не болып жатқаны туралы да жете біле бермейді. Қазақстандықтар "Семей тарихын" өзінің жалпы тарихының бір бөлшегі деп есептемейді деген ойдамын. Біртүрлі бізден бөлек сияқты қарайды. Ен тағып қарау да бар: Семейден шыққан жастар басқа қалаға жоғары оқу орнына түссе, курстастары ақылға қонымсыз сөзбен қылжақ қылуы мүмкін, т.т.
Қоғам санасында үстірт түсінік бар, әрине. Бірақ, түсіністікпен қарау, жанашырлық әзірге жеткіліксіз. Менің ойымша, бұл дәл қоғам деңгейінде көтерілуге тиіс тақырып. Өйткені өткенімізді дұрыс түсінбесек, болашақта алға жылжу қиынға түседі.
ПІКІРЛЕР