3 қыркүйекте Орталық референдум комиссиясы (ОРК) Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша референдум өткізуге байланысты отырыс өткізді. Комиссия мүшесі Сәбила Мұстафина референдумға 15,5 млрд теңге керек деді.
Мұстафинаның айтуынша, қаржының 71 пайызы 70 мыңнан астам комиссия мүшесінің еңбекақысына кетеді, қалған 29 пайызы ақпарат таратуға, бюллетень жасауға, типография өнімдеріне, референдум комиссияларының жұмысын ұйымдастыруға керек нәрсеге жұмсалады.
Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың сөзінше, референдумда 10 мыңнан аса сайлау учаскесі болады, 63 елде 78 сайлау учаскесі ашылады. Сайлау комиссиясында 70 мыңнан аса адам істейді деді Петров. ОРК дерегі бойынша, ел ішінде 12 миллионнан астам адам дауыс беруге құқылы.
"Біз алдымен қаржы, ұлттық экономика және әділет министрлігінен өтуіміз керек. Содан кейін ғана үкімет бюджет бойынша шешім қабылдайды" деді Сәбила Мұстафина.
Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша референдум биыл 6 қазанда таңғы сағат жетіден кешкі сегізге дейін өтеді. 5 қазан – "тыныштық күні" болады. Референдумға бір күн қалғанда үгіт-насихат пен референдумға байланысты сауалнама нәтижесін жариялауға, референдум қорытындысы туралы болжам жасауға тыйым салынады.
"Мәдениет және ақпарат министрлігі онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізетін болады. Заңға қайшы белгілері бар материалдар Бас прокуратураға жіберіледі" деді вице-министр Қанат Ысқақов Орталық референдум комиссиясы отырысында. Комиссия 7 күн ішінде референдум қорытындысын шығарып, ресми хабарды БАҚ-та жариялауға тиіс.
Референдумда "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұрақ қойылады.
2 қыркүйекте парламент сенаты мен мәжілістің бірлескен отырысында халыққа жолдауын жариялаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесіне байланысты референдум биыл 6 қазанда өтеді деп мәлімдеді.
2023 жылы Алматы облысында Балқаш көлінің жағалауында орналасқан Үлкен ауылында АЭС салу тақырыбына қоғам талқысы өткен. Бұл ауыл АЭС құрылысы салынуы ықтимал негізгі орын саналады.
ПІКІРЛЕР