Accessibility links

Ойлануға шақыратын қазақша үш фильм


"Бауырына салу" фильмін түсіру алаңынан. Сурет фильмді түсірушілерден алынды.
"Бауырына салу" фильмін түсіру алаңынан. Сурет фильмді түсірушілерден алынды.

Қазіргі қазақ киносы ойсыздығы мен тойшылдығы, жасандылғы мен керітартпалығы үшін cыналып жүр. Бірақ ара-тұра экранға қазақтың ұлттық болмысы, мінез-құлқы туралы ойлануға шақыратын ойлы дүниелер де шығады. Сол тұрғыда биыл кинотеатрларға жол тартқан үш фильмге шолу ұсынамыз.

"АҒАЙЫНДЫЛАР"

22 тамызда кинотеатрға шыққан "Ағайындылар" – Дархан Төлегеновтің дебют жұмысы. Қадамын былтыр Олденбург халықаралық кинофестивалінде "Кино рухы" деген жүлдемен бастап, содан бері түрлі фестивальдерден он бес жүлде жиған. Алайда бізге фильмнің жинаған жүлдесі емес, өзегі маңызды.

Мәдениеттанушы, журналист. Лондонның Куин Мэри университетінің PhD зерттеушісі Әсия Бағдәулетқызы.
Мәдениеттанушы, журналист. Лондонның Куин Мэри университетінің PhD зерттеушісі Әсия Бағдәулетқызы.

Бұл – метафоралық кеңістік тудыра білген, тегеурінді, асау эмоцияға толы фильм. Ноқтаға сыймайтын тарпаңдығы мен жастық жалыны – фильмнің басты табысы. Авторларға әсер еткен деп топшылауға болатын ағайынды Джошуа және Бенджамин Сафдилердің "Жақсы күндер" (2017) деген фильмі бар. Сондағы бұлқынған өмір, тамыр соғысы, кемерінен асып экраннан құйылып тұрған энергия "Ағайындылардан" да табылады.

Ақжол (Әлішер Ысмайлов) жетімдер үйінен шығып, өзі бұрын бар деп ойламаған інісі Дәленді (Айбар Салы) табады. Ағайындылар бір-біріне ұқсамайды: үзім нан үшін арпалысатын ортада өскен Ақжол – даланың тікенегі секілді. Ал музыкант інісі Дәлен бөлме гүліндей нәзік, биязы, шіркеушіл қатал жездесі мен туыс әпкесінің көлеңкесінде өсіп келеді.

Бір-бірін танымайтын ағайындылардың балалық шағы мен өмір тәжірибесі бөлек, бірақ бойда тулаған қаны бір. Сол қанның қуаты сияқты, жылжыған кадрларда көзге көрінбейтін құдірет бар. Елітіп, көрерменді лайым алға жетелеп отырады.

"Ағайындылар" ("Братья") фильмінен көрініс. Сурет фильмді түсірушілерден алынды.
"Ағайындылар" ("Братья") фильмінен көрініс. Сурет фильмді түсірушілерден алынды.

Бұрын тек жезденің айтқанымен жүріп-тұрған Дәлен ағасын тапқанда тынысы ашылғандай болады, есейеді, өзгереді. Аға мен іні екі бастау: Ақжол тән, Дәлен рух сияқты. Фильм қос жігіттің әкесін іздеуі жайлы болғанымен, қозғаушы күші – Ақжолдың арпалысы. Әкемді табам деген жабайы инстинктінің күштілігі сондай, Ақжолды өртеп, Дәленді шарпып барады. Оларға байыз таптырмаған жанталас көрерменге де беріледі.

Бірден айтайық, фильм арқылы пәлсапа соғу, көзқарас білдіру, не мемлекет я ұлт үшін пайдалы ой айту, басқаша айтқанда әлдебір идеологияға жұмыс істеу – режиссердің міндеті емес. Режиссерден "бұл фильммен не айтқыңыз келді?" деп сұрау – жалқаулықтың нышаны. Айтқысы келген ойы болса оны ашып айту да режиссердің міндеті емес. Өйткені туынды экранға шыққан күннен бастап көрерменнің еншісінде, оны көретін мың көрермен мың түрлі фильм көреді, мың түрлі түйін түйеді. Режиссердің бар мақсаты сондай түйінге жетелей алатын атмосфера жасау. Төлегенов сол мақсатқа жеткен. Ендігі жерде фильмге мағына беру – көрерменнің жұмысы.

Кез келген көркем туынды сияқты, "Ағайындылар" түрлі интерпретацияға ашық, ойланыңыз да өз мағынаңызды түйіңіз. Сергей Звягинцевтің "Оралу" (2003) фильміндегі сияқты, мұнда әке, аға, бауыр сияқты ұғымдар көпқабатты, мифтік мәнге ие болған.

Мысалы, "Ағайындылар" өткен шақпен ат құйрығын кесісу туралы болуы мүмкін. Өткен шақ болғанда да, советтік өткен шақты өлтіру. Адам өзін табу үшін тамырына үңілу керек. Ал өткені өгей болып шықса ше? Пайдасынан зияны көп қайырымсыз болса ше? Өмір сүру үшін ол өткеннің құрсауынан, өгей тарихтан құтылу керек. Сондықтан да бұл фильм советтік сананың қалдығындай болған әке буынға "сенің уақытың келді" деген, жастық максимализммен айтылған тарпаң әрі аяусыз ескертудей естіледі.

Інжілге тікелей сілтемесіне қарағанда, фильмді әкені емес, Құдайды іздеу деп те оқуға болады. "Адамға Құдай керек, болмаса ойдан шығару керек". Өйткені адам мағынаны өзінен емес, өзінен жоғары әлдебір тылсымнан іздейді. Сол жолда ол барын тәрк етуге бар. Ақжол адамның тәні, материясы десек, ол мағынаға ұмтылысында алдымен рухымен (Дәлен) қауышады. Бірақ іздеген Құдайы қайырымсыз екенін білгенде, тәннен күшті рух Құдайдан теріс айналады. Сондықтан жастық жалынмен түсірілген бұл фильм "адамға Құдай емес, рух керек" дегенді меңзеуі ықтимал.

Жетімдер үйі, қайырымсыз әке және бай мен кедей сияқты қайшылықтар призмасынан қарасақ, фильм әлеуметтік теңсіздік пен ұрпақтар арасындағы үзілген жалғастық туралы да болуы мүмкін. Ажырасу қалыпты жағдайға айналғанда, баланы әйелге не жетімханаға тапсырып кете беретін бір буын әкелердің балалары жетілді. Демек, фильм – әкелік парызын ұмытқан аға буынға жас буынның өкпесі. Ондай өкпелі буында "біз бір-бірімізді жетелеп қана тығырықтан шыға аламыз" деген бауырлық сезім бәрінен күшті, бірақ оның өзі де бай мен кедейдің алшақтығын еңсере алмайды.

"Ағайындылар" ("Братья") фильмінен көрініс. Сурет фильмді түсірушілерден алынды.
"Ағайындылар" ("Братья") фильмінен көрініс. Сурет фильмді түсірушілерден алынды.

Сүреңсіз өмір мен дәулетті салтанаттың қатар өмір сүруі, тіршілік үшін аяусыз тартыс, шекарадан өтудегі жанкештілік – бәрі де бір қарағанда Қазақстанда болып жатқандай. Алайда оператор Шерхан Таңсықбаевтың камерасы арқылы таныс дүниелер бейтанысқа айналған. Сценарийді де жастар, Ален Рахметалиев пен Дархан Төлегенов, бірігіп жазған.

Ал ішкі тегеуріні сыртқа теуіп тұрған дебютант актерлер Айбар Салы мен Әлішер Ысмайлов – қазақ кино өнеріне келген қос талант, қос табыс. Қосалқы рольдегі Азат Жұмаділ аса нанымды, органикасымен баурап алады. Жастар киносы деген осындай болса керек. Бір кездегі Рашид Нұғмановтың "Инесінен" (1988) кейін қазақ киносында болмаған асау эмоция, жастық жалын "Ағайындыларда" қайта тірілді.

Әрине, феминистік тұрғыдан, "ерлер әлемі туралы кезекті фильм, неге фильмде әйел жоқ" деген рәуіште сын айтуға болады. Бірақ бұл сирек түсірілетін, бәлкім өзінің қаншалықты терең екенін білмейтін фильм. Сонысымен құнды. Фильм жеткізген үмітсіз жанталас, ашыну сезімі – Қаңтар оқиғасы сияқты бұлқыныстарға жетелейтін қазіргі қоғамның диагнозы болуы бек мүмкін.

"БАУЫРЫНА САЛУ"

Француз теоретигі Андре Базен киноны өмірдің ізі деді. Одан бері киноның анықтамасы өзгерді, өмірдің ізі деуге келетін фильм қатары сиреді. Бірақ кейде киноның сиқыры қайтып оралады. Күтпеген жерден. Биыл шілдеде шыққан Асхат Кучинчерековтің "Бауырына салу" фильмі сондай әсер берді. Бұл да дебют, алайда есейген, өзіне, өмір мен өнерге анализ жасаған адамның көзқарасы. Кучинчереков Сергей Дворцевойдың "Жауқазын" (2008) фильміндегі Асхат ролі арқылы актер ретінде танылған. Одан бері бірнеше фильмде жұмыс істегенімен, бұл – тұңғыш толықметражды туындысы.

"Бауырына салу" фильмінің түсіру алаңынан. Сурет фильмді түсірушілерден алынды.
"Бауырына салу" фильмінің түсіру алаңынан. Сурет фильмді түсірушілерден алынды.

Оқиға әжесі бауырына салып өсірген қарапайым баланың (Ерсұлтан Ерманов) ересектермен қарым-қатынасы жайлы. Қазақ қоғамында кімнің басынан өтпей жатқан жағдай, әр отбасында бір-бір "апасының баласы" бар емес пе? Сөйтсек, біз дәстүрді жалғаймыз, ата-ананың көңіліне – бір, жұрттың сөзіне екі қараймыз деп баланың өзінен сұрауды ұмытыппыз. Бала не ойлайды? Нені қалайды?

Бір кезде бәріміз де жәутеңкөз бала болдық, бәріміздің айта алмайтын ойымыз бен талабымыз болды, бірақ есейгенде соны ұмытып кететініміз қалай? Қысқасы, бұл – ересектердің бала алдындағы жауапкершілігін еске салатын фильм. Баланы ата-әжесінің бауырына салу бауырмал дәстүр шығар. Бірақ халық дәстүрдің емес, дәстүр халықтың керегіне жараса керек-ті. Фильм дәстүрге балта шап деп ұрандамайды, оған бала ракурсынан қарап, ойлануға шақырады.

Неге десеңіз, "Мен сендерге керек емеспін!" деген Ерсұлтанның базынасы – көп ішінде айтылмай қалған базына. Сол кермек сезіммен өмір сүріп жүрген кешегі бала, бүгінгі ересектер қанша.

"Бауырына салу" фильмінен көрініс. Сурет фильмді түсірушілерден алынды.
"Бауырына салу" фильмінен көрініс. Сурет фильмді түсірушілерден алынды.

Фильмнің арқауы осы жан азабы болғанымен, оның тартымдылығы – ауыл өмірін бар күйінде таспалауы. Қазақ ауылы экранда ориенталистік көзқараспен, жабайы да қарабайыр болып көрінеді. Ауылға ориенталистік көзбен қарау үшін бөтен болу міндет емес. Ауылдан алшақ (не онымен жақсы таныс емес) режиссердің бәрі сол қақпанға түсіп жатады. Өйткені ауылды жатсынатындар санасында, ауыл десе ондағы қоңыр тіршілік емес, ол жайлы стереотиптер оянады. Кучинчереков ауылды жатсынбайды, өзі көрген күйінде, жадысын жаңғыртқандай түсірген. Ал оның "камера-қаламында" (Александр Астрюк) өз өткенін романтикаға айналдырмайтын, өміріне шыншыл қарайтын өзегі мықты суреткердің серпіні бар.

Ауылда өскен адамға бұл фильмдегі көріністің, адамдар қарым-қатынасындағы нәзік иірімдер мен ағыстардың бәрі таныс. Айталық, биік сөздерге бармай, тіршілік қамын ғана сөз ететіні – ауыл адамының айнымас мінезі. Биік сөздерді білмейді емес, бәрі көңіл түкпірінде құлыптаулы. Шайын ішетін ерлі-зайыптылардың шай үстінде "ұн бітіп барады", "ертең әкелеміз" деген сияқты тұрмысты сөз етумен шектелетіні содан. Әжесінің қалаға кетерде "есігіңді жауып жат", "сиырды шығар" деген сияқты тұрмыстық тапсырмалар беріп кете баруы да – сол мінез.

Әженің дәрігерге келіп ауыратын жерін емес, бар өмірін баяндап беретіні де табиғи. Көршісіне жалғыз баласын "күні бойы үй көрмейді" деп шағынатыны да таныс. Ерсұлтанның көрші үйіне барып қи ойысып, жатсынбай жұмысқа кірісіп кететіні де, оны сол үйдің отағасы өз баласындай жұмсайтыны да, сол үйде өз үйіндегідей емен-жарқын дастарқан басына отыратыны да боямасыз. Қара шаңырақтағы азамат ретінде жеткіншек баланың кәрі әжеге қамқорлығы мен көңілін бағуы да, кейін көрге түсетіні де – айтпай сіңірілетін мінез-құлық, әрекет жосығы. Қай әрекетті алсаңыз да өмірден ойып алынғандай.

"Бауырына салу" фильмінен көрініс. Сурет фильмді түсірушілерден алынды.
"Бауырына салу" фильмінен көрініс. Сурет фильмді түсірушілерден алынды.

Киноны өмірдің ізі деп санаған Базен монтаждалмаған, ұзақ кадрларды ұнататын, себебі экранда сырғыған уақыт (демек өмірдің өзі де) қиылман. Фильмнің бірінші жетістігі – осындай ұзақ, үзіліссіз кадрларды қозғалысқа толтырып, қызықты етіп түсіре білуі. Бұл оператор Жанарбек Елеубектің шеберлігі ғана емес, режиссердің түсірілімді ұйымдастыра білу шеберлігі.

Екінші жетістігі – актерлері. Кәсіби актерлер емес, көбінде ауылдың адамдары түскен фильмнің осыншалықты табиғи шығуы таңғаларлық жағдай. Қазақ фильмдеріне тән сұлық, жасанды актерлік ойын ешкім үшін құпия емес. Ал "Бауырына салуда" ауыл адамдары камераны байқамайтын сияқты, әркім өз шаруасымен жүргендей. "Ағайындылар" мен "Бауырына салудан" кейін қазақ киносындағы актерлік, табиғилық (органика) туралы өшкен үміт қайта оянды.

Фильмнің үшінші жетістігі – "сөз арасы" бөтен сөзбен былғанбаған, картон ұран, шешен диалог жоқ, әңгіменің бәрі шынайы. Мысалы, тұз басындағы көріністерді алсаңыз, бригадирдің сөйлеу мәнері, қолданатын лексиконы – бәрі де сценарий бойынша емес, өмірде болып жатқандай әсер береді. Сценарий шынайы болу үшін, кей режиссерлер сылтауратып жүргендей, орыс тілін араластырудың да қажеті жоқ екен.

"Бауырына салудың" тағы бір табысы – режиссерлік позадан бас тартуы. Саясатты сынамақ болмай, ақылдырақ, көркемірек болып көрінуге тырысып қиналмай да үлкен туынды жасауға болады екен. Көркемдік те, даналық та шынайылықта екен.

Кучинчерековтің кинодағы ұстазы Дворцевой – көркем фильмді деректі фильмдей түсіретін қолтаңбасымен әлемдік фестивальдерде көзге түскен суреткер. "Бауырына салу" – ұстазынан озған шәкірттің мысалы, өйткені Дворцевой қандай шебер болғанымен, кейіпкерлеріне сырт көз екені сезіліп тұратын. Ал Кучинчиреков формалық қана емес, рух тұрғысынан да шынайылыққа қол жеткізді: оның камерасы сырт көз емес, өз ішіңе үңілетін жүрек айнасы сияқты әсер береді. Визуал өнер ретінде "сыртты" көрсететін киноның шын мәнінде "ішті", жан дүниені таспалай алуы сиқыр емей немене?

Кучинчереков бұдан былай кино түсіре ме, түсірсе, дәл осындай деңгейде түсіре ме, белгісіз. Бірақ "Бауырына салумен" қазақ киносы тарихына айтулы шығарма қосқаны анық.

"МЕНІҢ АТЫМ ҚЫЗБОЛСЫН"

"Бауырына салу" сияқты ұлттық кино үшін табыс деуге келмесе де, биылғы көрсетілген комедиялардың алды деп мамыр айында шыққан "Менің атым Қызболсын" фильмін атауға болады. Режиссері Мақсат Оспанов бұған дейін де бірқатар комедия түсірген, бірақ бұл деңгейде табысты фильмі жоқтың қасы. Сценаристері – Татьяна Преффер, Лена Кигай мен актер Әзиз Бейшеналиев, алайда кейіпкерлердің сөз саптасынан Оспановтың да қолтаңбасын анық көруге болады. Әйелін өлтірген Бишімбаев оқиғасының алдында түсірілген фильм сол әйгілі сот ісіне сілтеме жасағандай болуы таңғаларлық сәйкестік.

"Менің атым Қызболсын" фильмінен көрініс. "Маскулинистер шеруі. Фото фильм авторларынан алынды.
"Менің атым Қызболсын" фильмінен көрініс. "Маскулинистер шеруі. Фото фильм авторларынан алынды.

"Менің атым Қызболсын" атауымен-ақ қарсылықты жеткізіп тұр. Бұл қарсылық қазақ қоғамына бірден түсінікті: астарында "Ұлболсын (Ұлжалғас, Ұлжан, Жаңыл) бар да, Қызболсын неге жоқ?" деген сұрақ бар. Неге қыз қадірсіз, неге қызды болудың қуанышы Олимпиада күміс алған спортшынікіндей өкініш аралас қуаныш? Әйтпесе "келесі жолы алтын бұйырсын" деген жұбату сияқты, неге қыздың атын Ұлболсын қояды? Оның астарында әйел затының абыройсыздығы, жылдар бойы жинақталған әлеуметтік құнсыздандыру жатыр. Әйелі қыз туғанда жабырқап, келесісі ұл болсыншы деген ниетпен есімін Ұлболсын қойып, сосын "мұрны пысылдап" бесікте жатқан қызына "Ұлболсыным пұл болсын" дейтін әкелердің логикасын өткен ғасырда Мағжан Жұмабаев "Ұлболсын" өлеңінде тамаша жеткізген. Демек, бұл – бұрыннан бар құбылыс.

Осы орайда "Менің атым Қызболсын" қазақ қоғамымен өзіне түсінікті тілде сөйлеседі: ер адамды "матриархатта ояту" арқылы патриархатқа көзін ашуға талпынады. Өйткені, патриархаттың парадоксын қарасаңыз, "ер басына күн тумайынша" қоғам проблеманы көрмейді. Саналы, әділетті адам гендерлік теңсіздікті жан-жағына қарап-ақ түсінуі керек-ті. Бірақ ондай сұңғылалық болмағандықтан "матриархатта өмір сүрсек күйіміз қандай болар еді" деп ер саналы көрерменнің жанды жерінен ұстайды.

Ал шын мәнінде фильмде ұсынылған балама – матриархат емес, патриархаттағы ер мен әйелдің ауысуы ғана. Адамзаттың патриархаттағы зорлық-зомбылыққа еті үйренгені сондай, онсыз қоғамды елестете алмайды. Сондықтан озды дегенде "матриархат орнаса әйелдер ерлерге зорлық көрсетер еді" деген еркектік қиял ғана ұсына алады.

"Менің атым Қызболсын" фильмінен көрініс. Фотоны фильм авторлары берген.
"Менің атым Қызболсын" фильмінен көрініс. Фотоны фильм авторлары берген.

Соның өзінде бұл фильм қазақ экранындағы комедия жанрын құтқаруға талпыныстай әсер береді. Өйткені той мен тұрмыстық тақырыпты көтеретін комедиялық фильмдер келіндер жағдайына, отбасындағы теңсіздікке назар аударған болып, шын мәнінде патриархал құндылықтарды қайта өндірумен айналысып келеді. Алысқа бармай-ақ "Бөлек шығайық" (реж. Н. Еркінұлы, 2024), "Маған назар аудар" (реж. А. Шайхислам, 2023), "Ұялам, но үй алам" (реж. А. Шайхислам, 2024) сияқты фильмдердің бәрі әйелдің жағдайын түсінген болып тұрып, әйелді кінәлі қылып шығарады. Қашан да артық кеткенін, не бәрі өзіне байланысты екенін түсініп, әйелдің өзі өзгеруі керек, оған ақыл кіруі керек, сонда ғана тепе-теңдік орнайды. Бұл – жүйелі түрдегі теңсіздікті жоққа шығару, қоғамдық дискурстың кемшілігін ескермей, жекелеген әйелдерді, яғни тағы да жәбірленушіні кінәлі қылып шығару және статус квоны сақтауға талпыныс.

Осындай контексте "Менің атым Қызболсын" комедия жанрына жан бітірді. Әрине, формалық жағынан коммерциялық қазақ фильмдерінен табылатын кемшіліктің бәрі бар. Әсіресе, суретшінің орны ойсырап тұр. Фильмнің мақсатына сай кеңістікті түрлендіру былай тұрсын, эстетикалық талғамның таяздығы көзге ұрады. Баян Қажынәбиева, Назгүл Қарабалина мен Азат Сейтметов сияқты аға буынның актерлік ізденісі ғана фильмді тартымды етеді.

"Менің атым Қызболсын" фильмінен көрініс. Басты рольдің бірінде Ақбота Нұр ойнады. Фото фильм авторларынан алынды.
"Менің атым Қызболсын" фильмінен көрініс. Басты рольдің бірінде Ақбота Нұр ойнады. Фото фильм авторларынан алынды.

Ал бас кейіпкерлерді сылбыр сомдаған Ақбота Нұр мен Еламан Есентаевқа қандай роль ойнап жүргенін түсіндіретін адам керектей; қосалқы рольдегі жас актерлер табиғилық пен қарабайырлықты шатыстырады. Алайда идеялық тұрғыда бұл – қоғамдағы қордаланған мәселеге үңілетін, және феминистік қозғалысқа үн қосатын фильм. Шәкен Аймановтан кейін соңынан жақсы сөз еріп көрмеген қазақ комедиясында прогрессив ой туады деп кім ойлаған.

P.S. Автордың жеке көзқарастары Азат Еуропа/ Азаттық радиосының ұстанымын білдірмейді.

Әсия Бағдәулетқызы

Кинотанушы, журналист. Лондонның Куин Мэри университетінің PhD зерттеушісі. Орталық Азияның мәдениеті мен интеллектуалдық тарихы, деколонизация және феминизм тақырыптарында қалам тербейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG