Accessibility links

"Еркектер құрған кеңістікті" өзгертуге тырысқан ақын


Мағжан Жұмабаев десе алдымен оның ұлтшылдығы, күрескерлігі мен махаббат лирикасы еске түседі. Оның әйел теңдігі туралы шығармаларын совет идеологиясының тар шеңберінде суреттейтіндер де бар. Патриархал қоғамда өмір сүрген ақынның феминистік идеалдарына, ол ұмтылған әйел теңдігіне көз салып көрейік.

Мағжанның баспа бетін көрген тырнақалды өлеңі – 1911 жылы "Айқаптың" 2-санында басылған "Жатыр" болатын. Абайдың ізімен қазақ жерінің тарылуы, cөйте тұра ел басқарған төрелердің болыстық жолында мал шығындаудан аса алмауы, Ресейден шен алғандардың өз халқына келіп таяқ болып тигені, діни білімнің ескіргені, ілім-білімнің аздығы сияқты елдік үшін ең маңызды саяси, әлеуметтік мәселелерді жіпке тізе келе әйел жайы қозғалады:

Әйелдер мал орнына жүріп жатыр.

Жас қызын малға, шалға беріп жатыр.

"Бес байтал әйел құны" деген бір сөз

Қармаққа талай жасты іліп жатыр.

Мағжан Жұмабаев кім?

Мағжан Жұмабаев (1893-1938) – қазақ ақыны, Алаш қозғалысының қайраткері, 1920-30 жылдары ұлтшыл ретінде қудаланып, 1938 жылы, cталиндік террор кезінде "контрреволюциялық әрекеттері үшін" атылған. Кей авторлар Жұмабаев 1938 емес, 1950-60 жылдары қайтыс болған дейді, дегенмен мұны растайтын құжат дерек табылмады

Салтты, дәстүрді жамылып қыз басын саудаға салу – Мағжан дәуірі үшін әйел құқы дегенде күйіп тұрған мәселе еді. Бірақ қыз саудасы айтарлықтай шешіліп, әйел тақырыбында тың мәселелер күн тәртібіне шыққан бүгінгі күн үшін, заманауи феминистік ой үшін Мағжан шығармашылығы қаншалықты қызық? Қаншалықты өзекті?

Айталық, 1923 жылы Мағжанды "ұлтшыл, отаршылдыққа қарсы ақын" деген Жүсіпбек Аймауытовтың бағасына арғы-бергі сыншылардың келіспейтіні некен-саяқ. Мағжан ұлтшыл ақын болғанда, ұлтын қалай елестетеді? Әдебиет зерттеушісі Эллеке Бохмер байқағандай, "постколониал ұлт деген заманауи санаға ер көшбасшылар, активистер мен қаламгерлер жазып қалдырған, тарихи тұрғыда еркек кіндіктілер құрастырған кеңістік (a male-constructed space), онда әйелдер символ не тотем, дәстүрдің тасымалдаушысы ғана". Мағжан осы түсінікті жоққа шығарғандай.

Оның ұлт туралы қиялында әйел адамның тұлғасына ер адаммен бірдей орын бар.

Өйткені оның ұлт туралы қиялында әйел адамның тұлғасына ер адаммен бірдей орын бар. Мысалы, бүгінде жиі айтылмайтын "Шойын жол" деген өлеңін алайық. 1924 жылы 1 наурызда "Ақ жол" газетінде басылған бұл шығарма ақынды совет үкіметінің қудалауына іліктің бірі болған. Өлеңдегі шойын жолға деген сенімсіздік "Түрксібтің" басы-қасында болған Тұрар Рысқұловтың шымбайына батса керек, саясаткер сол жылы сәуірде Сталинге "Алашорда туралы баяндама" жасайды. Баяндамадан үзінді Г.Ахметжанова және басқалар құрастырып, Т.Жұртбай алғысөзін жазған 2018 жылғы "Мағжан Жұмабай өмірі мен шығармашылығының шежіресінде" берілген. Сол жерде Рысқұлов осы өлеңді мазмұндай келе Жұмабаевтың шығармашылығын "большевиктік принциптерді мұқату, марксизмді теріске шығару" деп бағалайды. Расында, өлеңнің арқауы "Түрксібке" ғана емес, темір жол тасасындағы индустриализация мен күштеп отырықшыландыру, халықты күнкөрісі – малынан айыру саясатына сенімсіздік еді. Ақын шойын жол бойындағы тозған ел, қымызды ащы суға айырбастаған азамат жайын болжай келе, әйел күйін сөз еткен:

…Кешегі маңғаз бәйбіше,

Қолында құрттай бір кесе,

Қатық сатып тұр ма екен?

Сорлының жанын жаралап,

Саудалап тұрған бір cap ит

Қалжыңдап, шатып тұр ма екен?!

Алпыстағы Аналық,

Сатарына заты жоқ,

Көзін сатып жүр ме екен?

Көзін сатса, дариға,

Жанында бір қыз бала...

Қызын сатып жүр ме екен?

Мағжан ел дегенде "еркек кіндік" категориясында ғана ойламайды. Оның санасында "ұлт" дегенде ер адамның ғана "мені" көлбеңдемейді, ал әйелдер символикалық мәнге ие қиялдағы образ ғана емес, олардың басынан өткеріп жатқан шынайы тәжірибесі маңызды.

Демек Мағжан ел дегенде "еркек кіндік" категориясында ғана ойламайды. Оның санасында "ұлт" дегенде ер адамның ғана "мені" көлбеңдемейді, ал әйелдер символикалық мәнге ие қиялдағы образ ғана емес, олардың басынан өткеріп жатқан шынайы тәжірибесі маңызды.

ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ ҚАНШАЛЫҚ ОТАРСЫЗДАНДЫ?

Жұмабаевтың 1912 жылы, "Айқап" журналының 9-санына шыққан екінші өлеңі "Шын сорлы" деп аталады. Бұл сюжетті өлеңде (оқырман ерлі-зайыпты деп ұғынатын) Балтабайдың Оразкенді ұрып, ұйытқыған боранға қуып шыққаны сипатталады:

…Бейшара Оразкеннің түсі қашқан,

Жылауға, қозғалуға есі адасқан.

"Аяғым ауыр, қой деймін!" деп айтқанда,

Дүр қамшы ойнап кеткен қайран бастан.

Балтабай бір қолымен есік ашты,

Тепкен соң, сорлы Оразкен далаға асты.

"Кірме, өл далада, иттің баласы!" деп,

Бекітіп, іште тұрып есік басты.

Мағжан отарлық езгідегі қазақ халқын "жаны алқымға тығылған" "Сорлы қазақ" деп атайды, алғашқы жинағында басылған осы аттас өлеңде. Ендеше қазақ әйелі жай ғана отаршыл жүйенің құрбаны, "сорлы" емес, сол отаршыл жүйеден жапа шегуші қазақтың ер-азаматтарынан да зәбір көрген "Шын сорлы".

Мұндай күйді постколониал феминист зерттеуші Гаятри Спивак "субалтерн" дер еді. "Субалтерн" терминін Үндістан жағдайында қарастыра отырып, ол британдықтардың 1829 жылы үндінің сати (өзін өзі өртеу) рәсіміне тыйым салуын баяндаған: бұл тыйым ақ нәсілді ер адам үшін "қоңырқай әйелді қоңырқай еркектен құтқару" болса, "қоңырқай еркектер" дәстүрді қорғап, "әсілінде, біздің әйелдер өлгісі келеді" деп бұл тыйымға қарсыласып бақты. Өзі үшін өзгелер шешім шығаратын, қос бірдей қамыт киген әйелдердің бас көтерер дәрмені де, қалауын жеткізер даусы да болмады. Мағжан дәуіріндегі қазақтың субалтерні Оразкенде дауыс болды ма? Оны сабаушы Балтабайдың өзі де отарланған субъект екені Оразкеннің жан-және-тән жарасын жеңілдетті ме? Бүгінде отарлық қамыт қазақтың басынан сыпырылды десек те, қазақ әйелі қаншалықты отарсызданды? Бұл сұрақтардың әділ жауабы ұлт ұғымына ұл тұрғысынан қараудан биіктеуді қажет етеді.

Бүгінде отарлық қамыт қазақтың басынан сыпырылды десек те, қазақ әйелі қаншалықты отарсызданды? Бұл сұрақтардың әділ жауабы ұлт ұғымына ұл тұрғысынан қараудан биіктеуді қажет етеді.

Қара сөзбен жазылған өлең, "марқұм Ж-ға

арналған" деген ескертуі бар "Домбыра":

"Әйел қарғайды. Өз қолымен отқа салған ата-анасына, аяу білмеген тасбауыр жақынына, жансыз ойыншық қылған, намыссыз күң қылған мұндағыларға қанды жас төгіп, лағынет айтады әйел... Ақырын есік ашып, ол үйге кірді. Жас бір қыз. […] Жұқа ақ көйлектің астынан денесінің әр жерінде көгерген сықылды таңбалар қарайып білініп тұр. Зор қара көздерінде есепсіз мұң, сансыз қасірет... Маған жақындап келіп, менің көздеріме тура қарады. […] Мен оны таныдым. Қарындасым! Сүйікті қарындасым! Періште жанды, хор жүзді сұлу қарындасым. Сұлу... қайғылы сұлу. Бейшара бақытсыз қарындасым!.. Аз өміріңді у жұтып өткізген қарындасым! Жауыздар тірідей жерге көмген қарындасым!.. Денем күйді... Жүрегім аузыма тығылды... Көзімнен ыстық жас төгілді... Домбыра да күңіренеді. Зарлайды... Ақырын жассыз жылайды... Жыла, домбыра, жыла!.."

"Түн еді" деген өлең де Мағжанның қайбір қарындасына арналған.

...Әлдекім: "Тәйт! Шығарма үнің! деді,

Сен бір мал, бір бес байтал құның, деді,

...Ойлама, деді,Күнді, сен мал, күңсің,

Сөксем де, соқсам-дағы шыда, көн сен.

Шыдамасаң, қарсы "ләм" деуші болма,

Тұншығып көз жасыңа көміл, өл сен!"

Қудалаудан ақтауға дейін. Мағжан ақынның бір ғасыры
please wait

No media source currently available

0:00 0:25:33 0:00

Осы күні Мағжанның шымбайына батқан қыз саудасы мәселесі шешілгенімен, тұрмыстық зорлық- зомбылық мәселесінің шешілмегенін статистика да, әлеуметтік желі да, "Бишімбаев ісі" сияқты даулы процестер де көрсетіп отыр. Ал оның түп-тамыры қоғам санасындағы өзіңнен әлсізге және әйелге қарсы зорлық-зомбылықтың қалыпты жағдайға балануында. Жұмабаев бұл мәселеге "Асық иіру" деген өлеңінде меңзейді:

Қарындасым! Сүйікті қарындасым! Періште жанды, хор жүзді сұлу қарындасым. Сұлу... қайғылы сұлу. Бейшара бақытсыз қарындасым!.. Аз өміріңді у жұтып өткізген қарындасым!
Мағжан

…Күркеге барсам, жайланып:

"Әй, қатын, бері кел!" десем,

Бірдеңеге айналып,

Ол кешігіп, келмесе.

Қайта шығып күркеден,

Қатынға барсам тістеніп.

Отырған жерде желкеден

Теуіп-теуіп қалсам кеп.

Бұл – юмормен сызылған әлдебір Мырқымбайдың портреті. Асық иіріп, ерігіп отырып та ондай кейіпкерлер "қатын алсам" деп бір, "сосын оны желкелеп, теуіп отырсам" деп екі қиялдайды. Мағжан әйелді тепкі астында ұстауды табиғи жағдай санайтын зорлық сананы дөп басып жеткізді. Әйел ердің мүлкі дәрежесінде қосақталған қоғамда басқаша болуы да неғайбыл.

"ЖАС КЕЛІН ЖҮРЕР САУЫНДА..."

Ал тұрмыс құрған жас әйелдің жайы қандай? Келін өмірін көлденең кісі көрмеген болады, оның отбасына бейімделуі қалай жүріп жатса да көз жұму, бұл статус квоны сақтау үшін қажет деген үнсіз келісім басым. Мағжан осы үнсіз келісімді бұзады. Кейінгі жинақтарда 1923 жылғы үлгісімен беріліп жүрген "Жас келін" өлеңі:

…Арып-ашып жүрсе де,

Ойлайтыны жақсы атақ.

Бұрқыраған дауылда,

Сабап құйған жауында,

Ләм деп бір сөз шығармай,

Жас келін жүрер сауында.

Жас келіннің бірден әлеуметтік қысымға ұшырайтынын, "жақсы атақ" алу үшін "кемпірлерден" көретін теперішін, тауқыметті тұрмысқа шыдап беретінін, жоғарыдағы және өзге де детальдар арқылы сипаттайды. Ақын байқап, баяндап отырған жағдайларды бүгінгі қазақ отбасын зерттеген әлеуметтанушылар Ғалым Жүсіпбек пен Жанар Нағаева "Келіндерді, әсіресе жас келіндерді, "дәстүрлі" отбасындағы орны мен мәртебесі ең төмен жандар деуге болады" деп түйер еді.

Осы күні Мағжанның шымбайына батқан қыз саудасы мәселесі шешілгенімен, тұрмыстық зорлық- зомбылық мәселесінің шешілмегенін статистика да, әлеуметтік желі да, "Бишімбаев ісі" сияқты даулы процестер де көрсетіп отыр.

Жүсіпбек Аймауытов Мағжанның әйел теңдігі тақырыбындағы өлеңдерін "сентиментализм әсері бар" деп бағалады, бірақ бұл тақырыптағы өлеңінің бәрі Аймауытов айтқандай "әйелді аяй есіркеу" дегенге келісу қиын. Ақынның байқампаздығы, сезімталдығы, ең алдымен жапа шеккенге жақтастық этикасы оны төңірегіндегі әділетсіздікке бейжай қалдырмаған сыңайлы. Мағжанның алғашқы "Шолпан" жинағында жарияланған "Зарлы сұлу" өлеңін алайық. Алғысөзін профессор Шерияздан Елеукенов жазған ақынның көптомдығында берілген түсініктемеде бұл өлең Мағжанның немере қарындасы Нұрмағамбетқызы Шолпанға арналғаны, әрі айттырылған жеріне барғысы келмеген қыз қайғыланып, есінен адасқаны көрсетілген. "Қайғылы сұлуға" (Ж-ға) деген өлең кейіпкерінің тағдыры да осыған ұқсас өрбіген. Осындай тағдырлар Мағжанның өз төңірегінде болғандықтан да ол қазақ қыздарының айнымас тілекшісі, жанкүйеріне айналған сыңайлы. Осы тақырыптағы ең әсерлі өлеңі деуге болатын "Жәмилада" былай дейді:

Жәмила!

Мұнша неге жүдедің?

Бетінде тамшы қан жоқ қой.

Жаралы ма жүрегің?

Тегінде, терең зар көп қой!

... Жәмила!

Қасіретті, сорлы қарындас,

Қайғыға қалай шыдайсың?

Жыла, бауырым, төгіп жас,

Мен де бірге жылаймын...

Жәмила!.. Жәмила!.. Жәмила!..

Бірақ ақын қыздармен "бірге жылап" қана, "жалын, жаным, Алла де, бұдан басқа не хайлаң?" деп қол қусырып қана қоймайды. Уақыт өте келе өмірі өзгерген қыздарды көріп, ақынның өлеңі де өзгере бастағандай. 1925 жылы "Еңбекші қазақта" жарияланған "Ұлболсын" өлеңін ол:

Бауырсақ мұрны пұштиып,

Бесікте жатты Ұлбосын.

Әкесінің ойында:

"Ұлбосыным пұл босын!.." деп бастайды.

Күн сайын әкесі "пұл болсын!" деп тілеген Ұлболсын бойжеткенде еркіндігі өзіне бұйырып, сүйгенімен қашып кетеді. "Күл болмаса, бұл болсын!" деп әкесі бұрқылдап қалады, ал автор, "Мен не деймін қалқам ау, Жол болсын, енді, жол болсын!" деп тілектестікпен түйіндейді. Қарындасқа ақ жол тілеген "Ж-ға" деген өлеңнің мағынасы да осыған ұқсас. Елеукенов алғысөзімен шыққан көптомдықта бұл өлең Тастемірова Жамал Жақияқызына арналған, Мағжанның өзі араласып қыз қалауынсыз болған құдалықты бұзған, ал Жамал Таупық Бердіқожин деген адвокатқа тұрмысқа шыққан деген деректер келтіріледі.

"БҰЛҚЫНЫП, БҰҒАУ ҮЗГЕН ҚАРЫНДАС..."

Ақынның бас теңдігі жоқ әйелдерді Аймауытов айтқандай "іші-бауыры елжіреп, қатты аяйтыны" тағдыры талқан болған қыздарға келгенде өз тұстастарынан өткірлеу әділет сезімінде жатса керек. Мағжан қарындастарына қарағанда лайым осы уайым көңілінен шықпайтындай. 1927 жылы "Әйел теңдігі" басылымында жарық көрген "Қарындастар" деген жыр бұйығы мінезді "Үйдегі үнсіз қарындасқа" қарап уайым жеумен басталады:

Қарындасым, салмақтым

Қорғасын құйған асықтай...

Әкеңменен қол соғып,

Алады-ау сатып сасық бай.

Келесі бөлімде "Бұлқынып, бұғау үзген қарындасқа" қуанады:

"Мен енді азат адам, – деп, –

Сүйгеніме барам", – деп,

Тас түлектей талпынып,

Өзіне теңді таңдапты.

Оқуын тәмамдағаннан кейін "Жолға шыққан қарындас" ауылдағы әпкесіне аңсаған азаттықты әкеледі. Белсенді, әрекетшіл. Пассив объект емес, өз тағдырын өзі жасайтын субъект.

Өлең өрбіген сайын қарындастың әрекеті де ілгерілей береді. Келесі бөлімде білім қуған, "Оқудағы қарындас" әңгіме арасында "ауылшыл" екенін байқатады, өйткені "апасы қапты-ау ауылда". Оқуын тәмамдағаннан кейін "Жолға шыққан қарындас" ауылдағы әпкесіне аңсаған азаттықты әкеледі. Белсенді, әрекетшіл. Пассив объект емес, өз тағдырын өзі жасайтын субъект. Феминистер көп болсын деп талап ететін образ – осы қарындас. Ең соңғы бөлімде "Қызметтегі қарындасты" көреді. Мұнда Мағжанның әйел образына қатысты заманауи феминистік сын көрсетіп жүрген бірқатар мәселенің алдын орағанын байқауға болады:

Азаттық іздеп шарқ ұрды,

Тұрмыста тұщы татпады...

"Бұзылған бала" атанды,

Басында жұртқа жақпады.

Бықсық, сасық өсекті

Табанға салды, таптады...

Қарындастың бойындағы мойымас жігер, қиындықтарды жеңе білу сияқты қасиеттермен қоса оның стереотиптік фемининдік образдардан бас тартқанын көресіз. Мағжанның қарындасы:

Бой бақпады, ой бақты...

Бетіне бояу жақпады.

Шұбалтып ұзын шаш қойып,

Шылдырлап шолпы тақпады.

Шапке киіп, папке алып,

Баяндама жаттады.

КГБ-ға хат. Жазушылар одағы Мағжанның ақталуына неге қарсы болды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:31:44 0:00
Нағыз әйел болу үшін жынысың әйел болу аз, қоғам жапсырған бірқатар стереотиптерге сәйкестік талап етіледі.

Гендер теоретигі Джудит Батлер мұны "перформативтілік" дер еді. Яғни Симона де Бовуардың "Әйел болып тумайды, әйел болып қалыптасады" дегенде меңзегеніндей, әйел деген физиологиялық, биологиялық ұғым ғана емес, әйел деген әлеуметтік ұғым. Нағыз әйел болу үшін жынысың әйел болу аз, қоғам жапсырған бірқатар стереотиптерге сәйкестік талап етіледі. Мағжан байқайтын "бояу жағу, ұзын шаш қою, шолпы тағу" сияқты белгілер гендер перформативтілігінің көрінісі, яғни бойжеткен болу ғана емес, шолпыны "Сылдыр сылдыр сылдыр..." еткізіп керіліп жүріп, "жүректі жандырды құрғыр" бойжеткен болып көрінудің белгілері. Және "Қызметтегі қарындас" - жай ғана белсенді, стереотиптерді жоққа шығарған кейіпкер емес, феминист кейіпкер. Оның әрекеті өзі ғана азат болу емес, өзге әйелдерді де азат етумен байланысты:

Орынбор, Мәскеу аралап,

Жазы-қыс дамыл таппады.

Арып-ашып ел кезіп,

Қайғылыны хаттады.

Күң боп езіліп, егіліп

Жылағанды жақтады.

Суырылып топта сөз сөйлеп,

Әйел мұңын жоқтады.

Қысқасы, әйел жынысына

Қара ормандай қызмет қып,

Өркені өскір қарындас

Ақтады үмітті, ақтады.

Жас келіннің бірден әлеуметтік қысымға ұшырайтынын, "жақсы атақ" алу үшін "кемпірлерден" көретін теперішін, тауқыметті тұрмысқа шыдап беретінін, жоғарыдағы және өзге де детальдар арқылы сипаттайды

Бұл 1920-30 жылдардағы советтік шығыстағы ұраншыл "әйел теңдігі" аясындағы елп етпе жыр емес, мұнда тіпті партия да, қызыл ұран да жоқ. Қанша "тоқсанның тобындамын" деп жар салғанымен, қызыл саясатты да, оның "қыбырлаған қоңыздары" мен "қорсылдаған доңыздарын" да қабылдай алмай кеткен Мағжан әйел теңдігіне ұраншылдықпен емес, биік гуманистік идеалдар арқылы келген. Ол әйел теңдігін совет үкіметі орнағанға дейін де жырлаған, одан кейін де жырлады. Мағжанның феминистік сынның алдын ораған тағы бір туындысы 1926 ж. "Еңбекші қазақта" жарық көрген "Қаныш бай қиссасы" деген дастаны деуге болады. Шығарма сюжетіне сай, Қаныш деген бай тоқал алады.

Ұл табуға міндетті екен,

Тоқал қасқа қысыр қапты.

… Таяқ басқа тие берген,

Таяқ тоқтар кезі келген.

Әрі бата, әрі қата

Тиіп, бір күн тоқал өлген.

Мұны Tереза де Лауретис әйелді "символикалық және табиғи ресурс" ретінде ғана көру, әйелдің патриархалдық жүйеге қызметін бала (ұл) туумен ғана өлшеу дер еді. Мағжан бұл жағдайды байқап қана қоймайды, сюжет бойынша өлген тоқал қарақұрт болып келіп байды шағып, оның да жанын жаһаннамға аттандырады. Осыған дейінгі әйел теңдігі туралы нарративтің бәрінде әйел – сұраушысы жоқ, жылап-сықтаушы мәңгі құрбан болса, "Қаныш бай қиссасы" қазақ тіліндегі "феминистік кек алу" бағытында жазылған тұңғыш жыр десек болады.

НЕГЕ "СҮЙ, ЖАН СӘУЛЕМ" АЛДЫМЕН ЕСКЕ ТҮСЕДІ?

Бірақ Мағжанның феминистік қисынға қиғаш келетін тұстары да бар, олар әсіресе ақынның серілік образымен байланысты. Мағжан поэзиясындағы әйел тақырыбы дегенде "Шын сорлы" мен "Қарындастар" емес, "Сүй, жан сәулем", "Гүлсім ханымға" "Шолпы", "Сен сұлу" сияқты махаббат лирикасы еске түседі. Өйткені олардың қуаты да, оты да, насихаты да басым. Мұндай поэзия әйелді қадірлеу, әйелге сүйсіну, тіпті табыну деп сендіріп келсе де, шын мәнінде оның субъектісі еркек кіндіктің "мені" де, ал әйел соның сүю-күю, қызғаныш сияқты жылт етпе эмоцияларының нысаны ғана болып қала бермек.

Мағжан әйел теңдігіне ұраншылдықпен емес, биік гуманистік идеалдар арқылы келген. Ол әйел теңдігін совет үкіметі орнағанға дейін де жырлаған, одан кейін де жырлады.

Қаламгердің көбі ер адам жағдайында бұл әлі де өзекті (өткен шақты былай қойғанда, қазір де Қазақстан Жазушылар одағы мүшелері қатарында әйелдер үлесі жиырма пайызға жетпейді). Мағжанның серілік поэзиясы, "Р-ға" (З-ға), "N-ға", "К-ге", "...-ға", "Көңіл", "Сүйгенім анық", т.б. бірсыпыра өлеңдеріне де феминистік сын қисынымен қарасақ, әйелдің "алма мойын қиғаш қасын" тәтті сөзбен сипаттау – әйелді қадірлеу емес. Қайта әйелді патриархал жүйенің стандарттарына сыйғызуға тырысу. Әйелді шын қадірлеу оның патриархал тәрбиеден тыс, ескі құрсаудың сыртында да қалауы болуы мүмкін екенін мойындаудан басталады. Мағжан шығармашылығының феминист зерттеушілер үшін бір қайшылығы болса, ол осы, таяқтың екі ұшын да ұстауы. Осы қайшылық 1923 жылы басылған "Шолпанның күнәсі" әңгімесінен анық байқалады. Бұл – қазақ әдебиетінде әйелдің сексуалдығын, тән қалауы болатынын мойындаған ізашар шығарманың бірі, басқаны қойғанда "Қаралы сұлу" мен "Ақбілектен" бұрын басылған. Мұнда әйелдің өз қалауы болатыны, және оның қоғамның қалауымен бірдей бола бермейтіні тұңғыш рет айтылды. "Балалы болсам, әдемі өмірім бұзылады-ау", – деп ойлайтын еді Шолпан... Бала туса, күйеуімен екеуінің ортасында бір тікенек өсетіндей болушы еді... Қиюласып қосылған екі жанның арасына жат бір үшінші жан түскен соң, екеуінің де жалынды, екпінді махаббаты бүлінер, бәсеңдер, суынар деп қорқушы еді Шолпан". "Шолпанның күнәсіне" дейін жұрт тұрмысқа шығып, балалы болуға ұмтылу табиғи тілек деп ұғынатын. Мағжан әйелде өзге тілек болуы мүмкін деді, кейіпкерін сынаған жоқ, "ее, байқұс-ай" деп биіктен де қарамады, дұрыс жолды сілтемек болып дидактикаға да ұрынбады, бар күйінде, өзгеріс барысында түсінуге тырысты. Алайда Лев Толстойдың Анна Каренинасын әспеттей, зерттей келе өлтіретіні сияқты, Мағжан да Шолпанның жан дүниесін зерттей келе, оны өлтіріп тынды.

"Қарындастар" мен "Қаныштың қиссасы" Мағжанның феминистік идеалдарға неғұрлым жақындаған шығармалары дедік. Мағжан жырының сыртқы сұлулығына да, сазына да, сезімталдығына да, ұлтшылдығы мен түрікшілдігіне де еліктеген ақын көп. Бірақ оның осы, әйел теңдігін патриархал үстем сананың шеңберінен шығып, шын тілектестік, жанкүйерлікпен жырлауы айтылмай да ескерілмей, еліктелмей келе жатқандай. Себебі сұлу қыз да, ақын ғашық қыз да, ақынға ғашық қыз да, ақ жаулықты ана да, бармағын батырмай кесе ұсынатын ибалы келіндер де бар қазақ поэзиясында, бірақ патриархал мета-нарративтің шеңберінен шыққан, әйелге шын тілеулес жыр әлі де тапшы. Мағжаннан кейінгі, "әйел жанының жыршысы" делініп жүрген авторлар әйелді мүсіркеу мен мадақтау арасынан әлі шыға алмай келеді. Ал Мағжан шығармашылығында санасын патриархал менмендік бүркемеген, шынайы жанашырлық бар, әрі әйел теңдігін гендерлік теңдік емес, ұлт, адамгершілік, әділет мәселесі деп түсінген тереңдік бар. Үңіле қарағанда феминизм деген гуманизм емес пе?

Мақаланы жазуға мына дереккөздер пайдаланылды:
Boehmer E. 2009. Stories of Women: Gender and Narrative in Postcolonial Nation. Manchester.
Butler J. 1999. Gender Trouble: Feminism and the Subversion of Identity. London, New York.
De Beauvoir S. 2010 (1949). The Second Sex. New York.
De Lauretis T. 1984. Alice Doesn’t. Feminism, Semiotics, Cinema. London.
Foucault M. 1990 (1976). The history of sexuality, Volume 1: An introduction (Trans. R. Hurley). New York.
Spivak G. 1985. ‘Three women’s texts and a critique of imperialism’. Critical Inquiry, 12-1.
Heydari A, Teymoori A, Trappes R (2021) ‘Honor killing as a dark side of modernity: Prevalence, common discourses, and a critical view.’ Social Science Information 60(1): 86-106.
Аймауытов Ж. 2016 (1923). "Мағжанның ақындығы туралы".
Ахметжанова Г., Мәлікова С., Оспанов Қ., Тайшыбай С. (Құраст.) 2018. "Мағжан Жұмабай өмірі мен шығармашылығының шежіресі". І том. Петропавл.
Жұмабаев М. 2002. Көптөмдық шығармалар жинағы. І том. Алматы.
Жұмабаев М. 2004. Көптөмдық шығармалар жинағы. ІІ том. Алматы.
P.S. "Мәдениет алаңы" – зерттеуші Әсия Бағдәулетқызының жеке блогы. Материалдағы автордың жеке көзқарастары Азат Еуропа/ Азаттық радиосының ұстанымын білдірмейді.

Әсия Бағдәулетқызы

Кинотанушы, журналист. Лондонның Куин Мэри университетінің PhD зерттеушісі. Орталық Азияның мәдениеті мен интеллектуалдық тарихы, деколонизация және феминизм тақырыптарында қалам тербейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG