Accessibility links

БҰҰ: Израиль соққысынан Газада алты қызметкеріміз мерт болды


Газа секторы орталығындағы "Нүсейрат" босқындар лагеріндегі мектеп ауласының соққыдан кейінгі көрінісі. 11 қыркүйек, 2024 жыл.
Газа секторы орталығындағы "Нүсейрат" босқындар лагеріндегі мектеп ауласының соққыдан кейінгі көрінісі. 11 қыркүйек, 2024 жыл.

БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігі (UNRWA) 11 қыркүйекте Израильдің Газа секторы орталығындағы мектептерінің біріне жасаған шабуылынан алты қызметкері мерт болғанын хабарлады.

Агенттік Израиль мен ХАМАС тобы арасында соғыс басталғалы бері "бұл - бір оқиғадан өте көп қызметкер қаза болған жайт", кейінгі 11 айда паналайтын орын болған мектепке бесінші рет соққы жасалды деді.

BBC-дің жазуынша, бұған дейін жергілікті дәрігерлер мен ХАМАС бақылауындағы Газаның азаматтық қорғаныс басқармасының өкілдері "Нүсейрат" босқындар лагеріндегі "Әл-Жауни" мектебіне жасалған соққыдан 14 адам қаза тапты, оны мыңдаған палестиналық паналап отырған деп айтқан.

Израиль әскерилері мектеп маңында болған және сол жерден шабуыл жоспарлаған содырларға дәл соққы бергенін айтып, бейбіт тұрғындарды қорғауға шаралар қабылданды деді.

"Бұл – ХАМАС террористік ұйымының халықаралық құқықты сақтамай, азаматтық инфрақұрылымды жүйелі түрде қолданып жатқанының тағы бір мысалы", – деп мәлімдеді Израиль қорғаныс армиясы. ХАМАС ұйымы АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым деп танылған.

Газадағы жарылыс, АЭС-ке қарсылық, көшпенділер ойыны – AzatNEWS | 10.09.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:28:49 0:00

БҰҰ-ның ресми өкілі Стефан Дюжаррик журналистерге ұйым "бейбіт тұрғындарға, БҰҰ нысандарына бағытталған әуе шабуылдарының бәрін" айыптайды деді.

Соққыға дейін БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігі соғыс басталғалы Газа секторында 214 қызметкері, бұдан бөлек, БҰҰ мектептері мен оның басқа да нысандарын паналаған кемі 563 босқын қаза болғанын хабарлаған.

Израиль билігі бұған дейін агенттік қызметкерлерін былтыр 7 қазандағы ХАМАС шабуылына қатысы бар деп айыптаған. ХАМАС шабуылынан 1200-ден аса адам қаза тапқан, содырлар 250-ден астам адамды Газа секторына күштеп алып кеткен.

Агенттік айыптауларды жоққа шығарған, бірақ тамызда Газадағы тоғыз қызметкерінің шабуылға қатысы барын анықтап, жұмыстан шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG