Accessibility links

Израиль армиясы БҰҰ-ның Газадағы ғимараты астынан ХАМАС туннелін тапты


Израиль әскері ХАМАС туннелін көрсетіп жатыр. 8 ақпан 2024 жыл.
Израиль әскері ХАМАС туннелін көрсетіп жатыр. 8 ақпан 2024 жыл.

Израиль әскері БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігінің (БАПОР) Газадағы штаб-пәтері астынан ХАМАС радикалды тобының (ЕО және АҚШ-та террористік ұйым деп танылған) туннелін тапты. Онда ХАМАС барлау орталығы орналасқан. БАПОР өкілдері мұндай туннель барын білмегенін айтты.

Израиль әскері журналистерге 700 метрлік туннельді көрсетті. Ол 20 метр тереңдікте орналасқан. Ол жерден серверлер мен компьютерлік техникалар табылған. Бұған қоса, БАПОР-ға тиесілі мектеп маңындағы ғимарат астынан да туннель табылған.

Әскери қызметкерлер электр сымдары мен оптика-талшық кабельдерін көрсеткен, бір бөлігі БАПОР-дың жертөлесіне шығып жатыр. Электр энергиясы туннельге сол сымдар арқылы келген, дейді Израиль әскері. Агенттіктің ғимаратынан ХАМАС-тың қару-жарақтары мен оқ-дәрілері табылған. Болжам бойынша, ХАМАС БАПОР қызметкерлері штаб-пәтерден кеткеннен кейін ғимаратты пайдаланған болуы мүмкін.

БАПОР жетекшісі Филиппе Лаззарини Х желісінде агенттік туннель орналасқанын білмегенін жазды. Оның сөзінше, кеңсе қызметкерлері ғимараттағы жұмысын былтыр 12 қазанда тоқтатқан, содан бері ол жаққа мүлде бармаған, сондықтан табылған заттарға түсініктеме бере алмайды.

"Ақпарат құралдарындағы хабарламаны тәуелсіз зерттеу керек, әскери қимыл қызу жүріп жатқан шақта оны жүргізу мүмкін емес" деді Лаззарини.

Қаңтар айында Израиль БҰҰ-ға БАПОР-дың 12 қызметкерінің 7 қазан күнгі ХАМАС шабуылына қатысы барын айғақтайтын бірқатар материал ұсынған. Агенттік өкілдері тергеу басталған кезде қызметкерлерін жұмыстан босатқанын айтқан. Бірқатар донор елдер тергеу нәтижесі дайын болғанға дейін БАПОР-ды қаржыландыруын тоқтатты. Израиль сыртқы істер министрі Исраил Кац Газада БАПОР-дың жұмысын тоқтатуға үндеді.

Израиль бұған дейін де БАПОР-ды бірнеше рет сынап, агенттік басқаратын мектептерді ХАМАС террористік мақсаттарына пайдаланғанын айтқан.

Израиль жағының мәліметінше, ХАМАС пен "Исламдық жихад" ұйымдарының шабуылы салдарынан Израильде шамамен 1200 адам қаза болған, 240 адам кепілдікке алынған (кемінде 31 тұтқын қаза болды, 130-ы тұтқында отыр).

ХАМАС-ты жоюға уәде берген Израиль аталған топтың бақылауындағы Газа секторына соққы жасап жатыр. Палестина жағының мәліметінше, Израиль шабуылының салдарынан Газада 30 мыңнан астам тұрғын опат болған.

XS
SM
MD
LG