Accessibility links

Ұлыбритания премьері Путинге "Ресей соғысты қазір-ақ аяқтай алады" деп жауап қатты


Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер (сол жақта) мен сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер (сол жақта) мен сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми.

АҚШ президенті Джо Байден 13 қыркүйекте Вашингтонда Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен келіссөз өткізеді. Ұлыбритания премьері биыл шілдеде лейбористер партиясы сайлауда жеңіске жетіп, жаңа кабинет құрылғаннан кейін АҚШ-қа алғаш рет ресми сапармен барып отыр. Кездесудің басты тақырыбы Ресейдің Украинаға қарсы соғысы болмақ деп жатыр. Олар Батыс елдері Украинаға беретін алысқа жететін қарумен Ресей аумағына шабуыл жасауға қойылған шектеулерді алып тастауды я оны жұмсарту мүмкіндігін талқыламақ.

Бір күн бұрын Ресей президенті Владимир Путин егер АҚШ пен оның одақтастары Ресей аумағына мұндай қару қолдануға рұқсат берсе, бұл НАТО елдерінің Ресейге қарсы соғысқа қатысуды ұйғарғаны деді. Путиннің сөзінше, Ресей де жағдайға қарай әрекет етпек.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Вашингтонға ұшып бара жатып, журналистерге берген сұхбатында Путиннің сөзіне байланысты пікір білдірді.

"Бұл қақтығысты Ресей бастады. Ресей Украина жеріне басып кірді. Ресей оны қазір-ақ тоқтата алады. Украина өз жерін қорғауға құқылы және мұны толық қолдаймыз", – деді премьер. Стармер "біз Ресеймен қақтығысуды көздемейміз, ойымызда да жоқ" деп мәлімдеді.

BBC тілшілерінің айтуынша, Стармер Батыс қаруын қолдануға қойылған шектеуді алып тастау мүмкіндігі туралы "ұстамды" пікір білдіріп, Байденмен кездесуде "тактикалық шешімдерге" емес, Батыс одақтастарының Украинаны қолдаудағы "стратегиялық контексіне" назар аударғысы келетінін айтқан. Премьердің сөзінше, мұндай шешімдердің қай-қайсысы болсын стратегиялық контекске енуі керек.

11 қыркүйек кешке The Guardian газеті Ұлыбритания үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, Лондон Украинаға Storm Shadow зымырандарын Ресей аумағындағы нысаналарға қолдануға рұқсат беру жөнінде шешім қабылдады, алайда ол туралы әзірге жария түрде хабарламайды деп жазды. Ұлыбританияның билік өкілдері бұған жауабында Лондонның саясаты әлі өзгерген жоқ, яғни шектеулер күшінде қалмақ деді.

Британдық және америкалық басылымдар Байден мен Стармер Ақ үйдегі кездесуде Киевке Ресей аумағына алысқа жететін қарумен шабуыл жасауға рұқсат беретінін хабарлауы екіталай деп жазды. The New York Times және Bloomberg дереккөздеріне сүйеніп, АҚШ Украинаға мұндай шабуылға америкалық ATACMS зымырандарын емес, Ұлыбритания мен Франция (Storm Shadow және SCALP) ракеталарын қолдануға рұқсат беруі мүмкін деп жазды. Бірақ президент Байден әлі нақты шешім қабылдамаған дейді дереккөздер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG