Украина президенті Владимир Зеленский қыркүйектің соңында АҚШ президенті Джо Байденмен кездесу кезінде таныстыратын жоспары төрт кезеңнен тұратынын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл жоспар Ресеймен соғыста Украинаға жеңіс әперуі тиіс.
Зеленскийдің америкалық CNN телеарнасына берген сұхбатының толық мәтінін Украина президенті кеңсесі жексенбі күні жариялады.
Зеленский жоспарының жай-жапсарын айтқан жоқ, тек негізгі тұстарына ғана тоқталған. Оның сөзінше, бірінші кезеңі – қауіпсіздік, екіншісі – Украинаның геосаяси орны, үшіншісі – "өте қуатты әскери қолдау" және төртіншісі "экономикалық қолдауға" байланысты.
Зеленскийдің айтуынша, Украина батыс елдерінен Ресей аумағындағы нысандарға соққы жасауға рұқсат сұрау да жоспарда бар. Дегенмен Украина басшысы АҚШ пен өзге елдерден әзірге мұндай рұқсат алмағанын айтып өтті.
Украина басшысының айтуынша, батыс қару-жарағы Ресейдегі әскери нысандарға, Украинаны соққылайтын ұшақтар ұшырылатын аэродромдарға соққы жасауға пайдаланылмақ.
Зеленскийдің сөзінше, Ресей әскері Украинадағы энергетика инфрақұрылымының 80 пайызына соққы жасаған.
"Донбастағы қорғанысты күшейтудің орнына Украина әскері өткен айда Ресейдің Курск облысына шабуыл жасады, бұл жөнінде не айтар едіңіз?" деген сұраққа Зеленский аталған операция арқылы украин күштері "тәуекелге барғанын", бірақ соған қарамастан діттеген мақсаттарына жеткенін атап өтті. Оның сөзінше, соның салдарынан Ресей әскерінің біраз бөлігін Курскіге жіберіп, Донецк облысындағы шабуылын бәсеңдеткен.
Зеленский сұхбат барысында Батыс елдерінен Украинаға әскери көмек қарқыны бәсеңдегеніне шағымданып, соның салдарынан майданда украин күштері қару-жарақ тапшылығына ұшырап, жаңадан құрылған бригадалар тиісті дәрежеде жабдықтала алмай жатқанын алға тартқан.
Ресей президенті Владимир Путин туралы айтқан Зеленский Батыс елдері мен олардың одақтастары "бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып" бірлік танытпаса, Путин және соған ұқсас тұлғалар "әлемді бөліске түсіру ниетінін" танбайтынын жеткізген.
Зеленскийдің болжамынша, Путин шетел қысымынан гөрі Ресейдің өз ішіндегі қоғам қарсылығынан қатты қорқады.
"Егер Ресей халқы украиналықтар тәрізді күнделікті бейбіт өмірден айырылып, қауіпті сезінсе, жарықсыз қалса, онда соғыстың қарын сезіне бастайды, бұған наразы болып, Путинге ықпал ете бастайды" деді ол.
Зеленскийдің ойынша, дәл осы жағдай Путинді "Украинамен келісуге итермелеуі" мүмкін. Ал Ресей қоғамында осындай реакция туындауы үшін "Украинаны күшті қылу" керек. Зеленскийдің сөзінше, қазір Путин ықтимал келіссөз туралы екіжүзділік танытып отыр.
Бұған дейін Ресей президенті Украина бірқатар аумағынан бас тартса ғана келіссөзге баратынын айтқан еді. Киев бұдан үзілді-кесілді бас тартқан.