Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында биыл шілдеде "жоғары сынып оқушысы жасөспірім қызды зорламақ болды" деген сыбыс тарап, ашулы адамдар екі үйге басып кірмек болған оқиғадан кейін қозғалған екі қылмыстық істің бірі тоқтады. Бұл іс әуелі "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздық қоздыру" бабы бойынша қозғалып, кейін "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабына ауысқан.
Жібек жолы ауылындағы оқиғадан кейін бірнеше күн өткенде полиция осы іс аясында Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі Дилара Исаны куә ретінде бір рет шақырған. Тілші мен адвокат Әбдіраман Аққұлов сол кезде іс материалдарын жария етпеу туралы қолхатқа қол қойған.
Шілденің аяғында іс "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабына өзгерген. Сарыағаш аудандық полиция бөлімі 15 қыркүйекте істі "қылмыс құрамы жоқ" деп тоқтатқан. Бұл туралы Азаттыққа 24 қыркүйекте адвокат Әбдіраман Аққұлов хабарлады.
"Тергеуші маған істің қылмыс белгісі болмауына байланысты тоқтағаны (қысқарғаны) жайлы хабарлама берді, өзге ештеңе айта алмаймын", – деді ол.
Сарыағаш аудандық полициясы Жібек жолы ауылындағы оқиғаға байланысты екінші қылмыстық істі "Зорлау" және "Бұзақылық" баптары бойынша қозғап, екі адам қамауға алынған еді. 24 қыркүйекте Түркістан облысының полициясы Азаттыққа бұл баптар бойынша қозғалған іс сотқа өткен деп хабарлады.
Жібек жолы ауылындағы оқиға биыл 14 шілдеде сағат 00:00-ден асқанда болған. Әлеуметтік желіде "11 сынып оқушысы 14 жасар қызды зорламақ болып, қоқан-лоқы көрсеткен" деген ақпарат тарағаннан кейін ашулы адамдар тобы күдікке ілінген жасөспірім ер бала тұратын үйдің маңына жиналған. Ақпаратқа қарағанда, кейбірінің қолында тас, ағаш сияқты заттар болған. Ашулы топ әлгі үйдің маңындағы көліктердің сыртына тас лақтырып, терезелерін сындырған.
Азаттық тілшісі сөйлескен, аты-жөнін атауды қаламаған тұрғындар оқиға болған түні көшеге жүздеген адам шықты деп айтты. Бірақ ауыл әкімдігі "елу шақты адам ғана болған" деді. Бірнеше сағаттан кейін ауылға полиция келіп, ашулы топты таратқан. Елді мекеннің кіреберісіне полиция күзеті қойылған. Ауыл тұрғындары оқиға салдарынан бірнеше адам зардап шекті деді. Алайда ауыл әкімдігі ондай ақпаратты жоққа шығарды.
Шамамен 11 мың тұрғыны бар Жібек жолы ауылында, ресми мәлімет бойынша, 17 түрлі диаспора өкілі тұрады.
Былтыр Жібек жолы ауылында ойнап жүрген бес жасар қыз бала жоғалып кетіп, артынан көрші үйден өлі табылған. Бүлдіршіннің денесінде зорлық-зомбылық іздері қалғаны туралы суық хабар ауылды дүр сілкіндірді. Ашу-ызаға булыққан жұрт күдіктіні өздеріне беруді талап етіп жиналған. Сол жолы да ауылға полиция кіргізіліп, интернет байланысы ажыратылған-ды.
Басқа қылмысы үшін бостандығы шектелген 48 жастағы ер адам қыз баланы зорлап, өлтіргенін мойындаған. Кейін сот оны "Адам өлтіру" және "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бабымен кінәлі деп тауып, өмір бойына түрме жазасын кесті. Ол осы қылмысқа дейін бостандығы шектелген кезде оның жүріс-тұрысын дұрыс бақыламай, "қызметіне салғырттық танытты" деп танылған пробация қызметкері екі жылға сотталды.
ПІКІРЛЕР