Түркістан облысында тәуелсіз бақылаушының телефонына бюллетеньді топтап салу фактісі түсіп қалған.
Оқиға 6 қазанда Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы №456 учаскеде шамамен сағат 16-да болған. "Ұлы көш" қоғамдық қорының бақылаушысы Берік Әбеновтің Азаттыққа айтуынша, ол телефон камерасын іште қосып кетіп, өзі сыртқа шығып кеткен. Келген кезде телефонына бюллетеньді топтап салу фактісі түсіп қалған.
Видеода референдум комиссиясы мүшесіне ұқсайтын әйел адам бірнеше бюллетеньді жәшікке асығыс тастап жатқаны көрінеді. Азаттыққа сұхбат берген бақылаушы әзірге заңсыздық актісін толтырмағанын айтқан. Оқиға орнына қоғамдық қор өкілдері бара жатқаны хабарланды.
Азаттық Түркістан облыстық референдум комиссиясының өкілдеріне хабарласқанмен әзірге жауап ала алмады.
Қазақстан бас прокуратурасы бүгін күндіз екі заңсыздық тіркелгенін мәлімдеген. Біріншісі "жеке тұлғаның заңсыз қоғамдық сауалнама жүргізуіне қатысты". Екіншісі "заңсыз үгіт-насихатпен байланысты". Екі жағдайда да заң бұзғандарға айыппұл салынған.
Бас прокуратураның қоғамдық мүддені қорғау жөніндегі басқарма бастығы Бекжан Қараманов қоғамдық тәртіпті дөрекі бұзу оқиғасы тіркелмеді деп мәлімдеген.
Бұған дейін үгіт-насихат кезеңінде билік 20 шақты заңсыздық тіркелгенін хабарлаған еді. Барлығы сауалнама өткізу ережесімен байланысты.