Алматы қаласының қылмыстық соты Алматы әуежайында ұсталған ресейлік кәсіпкер Евгений Наказненконы қамау мерзімін бір жылға ұзартты. Бұл туралы бүгін, 1 қарашада Азаттыққа Наказненконың адвокаты хабарлады.
Ал жақтастары Қазақстан билігінен оны экстрадицияламауды сұрап, қол жинай бастады. Олардың сөзінше, соғысқа қарсы көзқарасымен танылған адамды Ресейге берсе, өміріне қауіп төнуі мүмкін.
— Сот шешімі дұрыс болмады деп ойлаймын. Себебі мемлекетаралық келісімдер бар ғой. Кишинев конвенциясы, Минск конвенциясы бар. Солар бұзылып отыр. Біздің Қылмыстық-процестік кодекстің 596-бабы бұзылып отыр. Сосын Қылмыстық кодекстің 7-бабы орындалмай жатыр. Сот оның ешқайсысына қараған жоқ. Тек қана шешім шығарды, — деді адвокат Диас Ахметов Азаттық тілшісіне телефон арқылы.
Наказненконы қамау мерзімін бір жыл, яғни 2025 жылдың 17 қыркүйегіне дейін ұзарту шешімі 26 қазанда шыққан. Бүгін, 1 қарашада өткен апелляциялық сот отырысында да осы шешім өзгеріссіз қалдырылды.
Адвокат Диас Ахметов енді адам құқықтары жөніндегі уәкіл, адам құқықтары жөніндегі халықаралық комитет және Біріккен ұлттар ұйымына жүгінбек.
Жақтастары Қазақстанның құқық қорғау органдарынан Наказненконы Ресейге бермеуді сұрап, қол жинап жатыр. Олардың айтуынша, Украинаға басқыншылығын “арнайы әскери операция” деп атайтын елде “соғыс” сөзін қолданғандарға жаза қатаң, сондықтан Наказненконың өміріне қауіп төнуі мүмкін. Қазақстан билігі оның қауіпсіздігін ескеріп, “саяси баспана” беруі керек.
Бірақ қол жинаушылардың бірі Елена Чембарисованың сөзінше, хатты қолдаушылар аз. “Адамдар құқық қорғау органдарының қырына ілігіп қаламыз ба деп қол қоюдан жасқанады” деді ол.
Адвокат Диас Ахметов Евгений Наказненко айыбы дәлелденсе, Қазақстан заңымен жазасын өтеуге дайын дейді. Оның Ресейге және одан басқа елге кеткісі келмейді. Тек Қазақстанда қалуды ойлайды дейді ол.
Наказненконы Қазақстанның құқық қорғау органдары биыл қыркүйекте Алматы әуежайында Түркияға ұшпақ болғанда ұстап, 40 күнге қамаған. Ақпаратқа қарағанда, оған Ресейде орыс армиясы туралы “жалған ақпарат тарату” және “терроризмге шақыру” баптары бойынша айыптар тағылып, іздеу жарияланған. Адвокаттың айтуы бойынша, Наказненко өзіне іздеу жарияланғанын білмеген, шетелге кәсібіне қатысты іссапармен бармақ болған.
Соғыс басталған соң Ресейден кеткен журналист Евгения Балтатарованың айтуынша, Наказненконың үстінен іс қозғалуына Қазақстанда тұратын ресейшіл блогер Антон Бударовтың бейнежазбалары әсер еткен. Бударов жеке YouTube-арнасында Ресейдің құқық қорғау органдарынан Наказненконы жазалауды сұраған. Бударовтың айтуынша, Наказненконың Ресей азамат бола тұра Ресейді жамандауы ақылға қонбайды.
Жақтастары оның соғысқа және соғысты қолдаушыларға қарсы көзқарасын ашық айтып жүргені рас, бірақ жалған ақпарат таратып, ешкімді бүлікке шақырған жоқ дейді.
— Біз танысқан алғашқы сәттен-ақ ол Ресейдің Украинаға жасаған басқыншылығын айыптады. Ол соғысты әділетсіз деп, көзқарасын ашық айтты. Пікірін өте ашық білдірді. Бәлкім, оның кейбір сөздерін бүкіл орыс ұлтына қарата айтылған деп ұққандар бар шығар. Бірақ мен оның аузынан ешқашан ұлтқа қарсы сөз естіген емеспін. Ол соғысты қолдайтындарды сынайтын. Қалайша соғысты қолдауға болады деп түсінбейтін, кейбіреулердің ерікті түрде майдан даласына аттанып жатқанын қабылдай алмайтын. Міне, ол осыны айыптады. Біздің қалада соғыс туралы бейтарап пікірдегі адамдар көп әрине, бірақ қолдайтындар да бар. Сондықтан олар Евгенийді ұнатпайтын шығар, — деді Елена Чембарисова.
Ұлты украин Евгений Наказненконың Ресей азаматтығы бар. 2007 жылдан бері Қазақстанда тұрып, шет тілін үйрететін Oxford Team мектебінің негізін қалаған. Ол Қазақстанда тұруға рұқсат беретін құжат алған, бірақ азаматтық алып үлгермеген.
ПІКІРЛЕР