Accessibility links

Қазақстан мен Ресей шекарасындағы бекетте жүк көліктері жиналып қалды


Атырау облысындағы Қазақстан мен Ресей шекарасындағы "Құрманғазы" бекетінде жүк көліктері бөгеліп, ұзын-сонар кезекке тұрып қалды. Қазақстанның мемлекеттік кіріс комитеті шекарада 280-ге жуық көлік кезек күтіп тұр деп хабарлады.

Жүк көлігін жүргізетін Бауыржан Әбішев Азаттыққа "кезекте екі күн тұрдым" деді. Оның сөзінше, ұзын-сонар кезек бір ай бұрын басталған. Әбішев 5 қарашада Ресей аумағына өтіп, ол жақта да кезекте тұрып қалған.

– Кептеліс CarGoRuqsat электрон кезек жүйесі іске қосылғаннан басталды. Қазір кезек 12 шақырымнан асады. Біз кезекті осы қосымша арқылы сатып алып отырмыз. Жүйеде алдымызда көлік жоқ деп көрсетті. Келсек, көлік толып тұр. Қосымша бойынша, бір көлікке бір сағат беріледі. Бірақ мен кезекте екі күн тұрдым, – деді Әбішев.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитеті "Атырау – Астрахань" тасжолында жөндеу жұмысы аяқталып, көлік саны күрт өсті, содан кептеліс пайда болды деп мәлімдеді.

– "Құрманғазы" бекетінен бір күнде 200 көлік өте алады. Алайда оған күн сайын шамамен 250-300 көлік келеді, – деді комитет.

Жүк көлігін жүргізетіндер бұл уәжге келіспейді. Олардың сөзінше, "Атырау – Астрахань" тасжолындағы жөндеу жұмысы кемі екі ай бұрын біткен, кептеліс электрон кезек жүйесі енгізілгеннен кейін басталған.

Ресми ақпаратқа сәйкес, CarGoRuqsat электрон кезек жүйесін Атырау облысында 9 қыркүйекте іске қосқан. Мемлекеттік кіріс комитеті "қазіргі уақытта электрон кезекке байланысты мәселе жоқ, барлық жүргізушіде [шекарадан] өтуге талон бар" деді. Ал кезекте тұрған көлік жүргізушілері "талон бар, бірақ кезек уақытынан кешігіп өтіп жатырмыз" деп айтты.

Мемлекеттік кіріс департаменті ЕАЭО аясында қосылған құн салығын әкімшілендіру басқармасының басшысы Мейрамбек Шманов мұндай кептеліс қыркүйектің алдында да болған деді.

"Атырау – Астрахань тасжолында жөндеу жұмысы аяқталғанына байланысты "Құрманғазы" бекетінен Түркіменстан, Өзбекстаннан келе жатқан жүк көліктері де Ресей арқылы Түркия, Грузияға немесе басқа елге өтуге келген. Көліктер көп жиналып тұр. Электрон кезектен проблема жоқ", – деді Шманов.

Мемлекеттік кіріс комитетінің ақпаратынша, Қазақстан Қытаймен, Өзбекстанмен, Түркіменстанмен, Ресеймен шекарада CarGoRuqsat жүйесін қолданады. Комитет "электрон кезек жүйесі тиімді екенін көрсеткен, жүк тасымалдаушылар оны жақсы қабылдап жатыр" деді.

Жүк көлігін жүргізетіндер CarGoRuqsat қосымшасынан кезек сатып алады, оның құны – 3 692 теңге (1 АЕК). Жүргізушілер сатып алған кезекті уақытында өте алмаса, онысы күйіп кетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG