Тоқаев Трампты құттықтады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президент сайлауында жеңіске жеткен Дональд Трампқа құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі Telegram-арнасында мәлімдеді.
"Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа Америка халқының өсіп-өркендеуі жолындағы, сондай-ақ жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қызметіне табыс тіледі" деді баспасөз қызметі.
Ақорданың мәлімдеуінше, "Қазақстан Президенті қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау, инвестиция салаларындағы екіжақты ынтымақтастық дәйекті түрде дами беретініне сенім білдірді".
Трамптың екінші мерзімінен не күтуге болады?
Трамптың президент ретіндегі екінші мерзімі қандай болмақ? Жақтастары Трамп АҚШ-тың қуатын қалпына келтіреді десе, сыншылары ол АҚШ демократиясының түбіне жетеді дейді.
Депутат Ермұрат Бапи: Трамптың келіп-кетуі геосаяси әлемдегі жағдайға әлдеқандай ықпалы болар.
Трамптың билікке келгені Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Депутат Ермұрат Бапи былай жауап берді:
"Трамптың келіп-кетуі геосаяси әлемдегі жағдайға әлдеқандай ықпалы болар. Мысалы, Украинадағы соғысқа немесе Американың НАТО-ға қатысты мәселелеріне сәл өзгеріс енгізуі мүмкін. Бірақ ол түбегейлі өзгерістер болады деп ойламаймын. Себебі АҚШ өзінің әлемдік жандарм, полициялық міндетін атқарады. Әлемдегі саяси полюстер балансын сақтап қалуға тиіс деп ойлаймын. Қазақстанға келер болсақ, әлемдік саясатта Қазақстанның сондай бір керемет рөлі бар деп айта алмаймын. Дегенмен елдің негізгі мемлекеттік бюджетін қалыптастыратын мұнай саласы болған соң, бұл салада бізде кішкене біраз қиындық болуы мүмкін. АҚШ Ресей мен Қазақстанға бағыттаған санкцияларына байланысты, мұнайдың бағасына байланысты радикал бағыт ұстанып, Ресей мұнайының бағасын түсіру әрекетін жасайтын болса, онда бұл біздің экономикалық жағдайымызға біраз ықпалын тигізу қаупі бар деп ойлаймын" деді депутат.
Депутат Айдос Сарым: Соғыс бір күнде тоқтайтынына сенбеймін
АҚШ президент сайлауында Дональд Трамп жеңіске жететіні айқындала түскенде Азаттыққа сұхбат берген Қазақстан парламентінің мәжіліс депутаты Айдос Сарым жаңа президент тұсында АҚШ пен Қазақстан қарым-қатынасы елеулі өзгеріске ұшырай қоймайды дейді.
"Трамп осыған дейін де президент болды. Сол кезде Қазақстан опық жеп, көшеде қалған жоқ қой. Керісінше, республикашыл президенттер болғанда Қазақстанның АҚШ-пен қарым-қатынасы жақсы дәрежеде жүріп тұрды" деді Қазақстан парламент мәжілісіндегі халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарым.
Депутат Украинадағы соғыс мәселесін бір күнде шешемін деген Трамптың сөзіне күмәнмен қарайды.
"Жүз жерден алтын болса да, Путин бір күннің ішінде соғысты тоқтатады дегенге сенбеймін. Мүмкін емес нәрсе. Украина 20 пайыз жерінен айырылып отыр, Трамп айтты екен деп, бір күнде соғысты тоқтатады дегенге тағы сенбеймін. Сондықтан ұзақ мерзімді саясат жүргізуі ықтимал, қаржылық, әскери, қару-жарақ көмегі азаюы мүмкін. Сол арқылы ерте ме, кеш пе, келіссөзге немесе басқаға итермелеуі мүмкін дегенге сенемін, бірақ ол бір күннің шаруасы емес" деді мәжіліс депутаты Айдос Сарым.
ПІКІРЛЕР