Қостанай облысы Амангелді ауылында қазандық жарылғаннан кейін тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар модульді қазандыққа қосылды. Бұл жөнінде Tengrinews сайты хабарлады.
6 қарашада мәдениет үйінде жеке тұрған қазандық жарылып, ғимарат опырылып құлаған. Бір ер адам зардап шеккен. Оның жағдайы тұрақты ауыр екені хабарланды. Дәрігерлер науқастың жағдайын бақылап отыр.
Сайттың жазуынша, қазандық жарылғаннан кейін үйлер тоқ және өзге де жылыту құрылғыларымен жылытыла бастаған. 7 қарашада аудан орталығына жылжымалы қондырғы жеткізілген.
"Блокты-модульдік қазандық (11 киловатттық екі айналым сорғысынан тұратын үш қазандық) жеткізілді. Сағат 9:30-дағы жағдай бойынша модульдік қазандықтарға құбыр тарту жұмыстары аяқталды, жылу берілді" деп хабарлады Амангелді әкімдігі.
Кейінгі ақпаратқа қарағанда, модульді қазандыққа қосылған нысандар мен үйлердегі температура 18-20 градус.
Амангелді аудандық әкімдігінің мәліметінше, жарылыс болған қазандық 2022 жылы орнатылған. Ол ауылдағы екі қабатты үш тұрғын үйді және сот, мұражай, мәдениет үйлеріне жылу беріп отырған. Ауылда 7 мыңнан астам адам тұрады.
Қазақстанда жылу орталықтарында жиі апат болып, тұрғындар жиі жылусыз қалады. Былтыр энергетика министрлігі 2023 жылы жылу-энергетика нысандарын жөндеуге 146 миллиард теңге бөлінгенін, жылу беру маусымына дайындық жоғары деңгейде болғанын мәлімдеген. Алайда биылғы қыста да бірқатар өңірлерде қатты аяз кезінде жылу орталықтарында апат болып, жылу жүйесі мен электр станциялары істен шықты.
Қазанның басында Қарағанды облысы Саран қаласында он жыл бойы салынып, биыл іске қосылған орталық қазандық істемей қалып, 160-тан астам үй жылусыз қалған. Кейін қаладағы үйлерге жергілікті қазандықтардан жылу беріле бастаған. 29 қазанда облыс әкімі Бөлекбаев Саран қаласының әкімі Еркін Баулықовты қалада "жылыту маусымы кезінде жіберген олқылығы үшін" қызметінен босатқан. Ал 1 қараша президент Қасым-Жомарт Тоқаев "жылу беру маусымына дайындық жұмыстарына тиісті бақылау жасамағаны үшін" Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс жариялады.
ПІКІРЛЕР