Қаржы мониторинг агенттігі (ҚМА) 14 қарашада Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайрат ұсталғанын хабарлады. Ол көктемгі тасқын кезінде зардап шеккендерге арнап жиналған 1,5 млрд теңге көлемінде қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген.
"Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды. Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алды" деп жазылған хабарламада.
ҚМА мәліметінше, ол осы уақыт аралығында Астанадан премиум санатындағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" тұрғын үй кешендері, сонымен бірге "Vela Village" коттедж қалашығынан жалпы құны 600 млн теңге болатын жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алған.
"Оған қоса, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбұлдағы St. Regis, Shangri-La, Palazzo Versace және Kempinsk сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған. Бұл елдерде ол Cartier және Louis Vuitton сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған" деп жазылған ведомство хабарламасында.
Biz Birgemiz Qazaqstan қорының жетекшісі Перизат Қайрат биыл сәуірде Қазақстанның бірнеше өңірі су тасқынынан зардап шегіп жатқан шақта президентке қайырылып, мемлекет тарапынан көмек жоғына шағымданған. Көп ұзамай оның жазбасы Instagram-нан өшірілген. Ras aitamyn телеграм-арнасында жазбаның скрині сақталып қалған. Онда тек үкімет қана емес, президентке де сын айтылады.
"Президент халықтың ажалына жол бермес үшін жедел әрекет етіп, төтенше жағдай орындарына баруы керек. Өйткені, Ата заңымызда "Мемлекеттің басты байлығы – халық" деп жазылған. Бұдан бөлек, төтенше жағдай кезінде елдің басқа президенттері сияқты барлық халықаралық сапарлардан бас тартуы керек" деп жазды сол кезде Перизат Қайрат.
Ол жазбада су тасқынынан зардап шеккендерге көмек негізінен мемлекеттен емес - халықтан түсіп жатқанын айтқан. Жазба өшірілгеннен кейін Перизат Қайрат жаңа пост жазып, кешірім сұрап, президент төңірегінде бірігуге шақырған.
Biz Birgemiz қоры әзірге ұстау туралы түсініктеме бермеді. Перизат Қайраттың туыстары мен жақындарынан да әзірге ақпарат түспеді.
Biz Birgemiz Qazaqstan қоры 2021 жылы маусымда жалпыұлттық еріктілер қозғалысы ретінде құрылған. Оның құрамында 15 мың ерікті бар.