Accessibility links

11 күнде биліктегі режимді төңкерген Сирияны алда не күтіп тұр?


Сирияның экс-президенті Башар Асадқа қарсы топтар небары 11 күнде солтүстіктен оңтүстікке еш кедергісіз жылжи отырып, Алеппо, Хама және Хомс сияқты ірі қалаларды ұрыссыз алды десе болады. Содан кейін Дамаскіге кіріп, елді жарты ғасырдан астам уақыт басқарған Асад әулетінің режимін биліктен тайдырды.

"Бір күнде тұтас корпус – 10 мыңға жуық адам ғайып болды"

Сирия үкіметінің армиясы 26 қарашада елдің үлкен бөлігін бақылауда ұстап отырған еді. Сирия президенті Башар Асад Ресейдің, Иранның және Иран қолдау танытатын "Хезболла" тәрізді қарулы топтардың көмегімен, 2011 жылы басталған көтерілісті үкімет күштері қанға бөктіріп басып-жаншығаннан кейін елде басталған азамат соғысы 2020 жылы саябырсығандай болған.

Ал көтерілісшілер – 2017 жылы құрылған "Хайат Тахрир әш-Шам" (АҚШ, Еуроодақ пен Ресей және өзге елдер террористік деп таныған) исламшыл тобы мен Түркия қолдайтын Сирия ұлттық (бұрынғы халық) армиясы Сирияның солтүстігінде, Түркиямен шекаралас аймақтағы шекті аумақ: Идлиб пен Алеппо провинцияларын өзіне қаратып алған еді.

27 қарашада көтерілісшілер шабуылға шығып, екі күннен кейін Сириядағы екінші ірі қала Алеппоны, тағы бірнеше күннің ішінде Хомсты, одан кейін Хаманы ұрыссыз алды деуге болады. 8 желтоқсанда ел астанасы Дамаск көтерілісшілер қолына өтті. Билікті тастап, қашып кеткен Башар Асад Мәскеуді паналағанын Ресей сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Үкімет әскері өздері отырған базалар мен қару-жарақты тастап, қарсылық көрсетпей тарап кетті. Бұған дейін Асад көтерілісшілермен соғыста арқа сүйеп келген, оған билікті сақтап қалуға жәрдемдескен негізгі одақтастары бұл жолы Сириядағы жағдайға бұрынғыдай белсене араласпады. Неліктен?

Таяу Шығысты зерттеу орталығы директорының орынбасары Сергей Данилов оның себептерін атады.

"Асад әке-шешесінің үстінен балалары, ал әйелі күйеуіне қарсы арыз жазып жіберетін ең озбыр тоталитарлық жүйелердің бірін құрды. Үрей билеген ондай жағдайда ынтымақтастық та, адалдық та болмайды. Асад мемлекетті нығайтқан жоқ, өзіне деген халық сенімін қалыптастыра алмады, сырт жақтан, бірінші кезекте "Хезболланың", ресейліктердің, Иранның клиенттері мен Ислам революциясы сақшылары корпусының қолдауына үміт артып, өз қарулы күштеріне инвестиция салмады. Әскер мен билік аппаратында жанқиярлықпен күресіп, қорғайтындай идея болған жоқ. Оларға ақша төлеп те жарытпады", – деді Сергей Данилов "Настоящее Время" арнасына.

Сириядағы көтерілісшілер кімдер?

Сириядағы шабуылға "Хайат Тахрир аш-Шам" қарулы тобы жетекшілік жасап жатыр. Бұл Асад режимімен күресіп жатқан сүннит жиһадшылар топтарының коалициясы. Аталған топты БҰҰ, АҚШ, Түркия және өзге елдер "террористік ұйым" деп таныған.

Сириядағы қақтығыстарға көп жылдан бері қатысып келе жатқан ұйым 2011 жылы "Жебхат ән-Нусра" деген атпен "Әл-Қаида" террористік ұйымының бір бөлімі ретінде құрылған.

ДАИШ тобының ("Ислам мемлекеті") жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдади да оның құрылуына атсалысқан деп айтылады. Қарулы топ президент Башар Асад режиміне қарсы қатты қарсыласқан әрі онымен ең тиімді күрескен топ саналады.

Сарапшылар дегенмен де топ революциядан гөрі жиһад идеологиясына көбірек берілгенін және бұл көтерілісшілер коалициясының "Еркін Сирия" ұранына қайшы келетінін айтады.

2016 жылы топтың жетекшісі Әбу Мұхаммед әл-Жулани "Жебхат ән-Нусраны" таратып, жария түрде "Әл-Қаидамен" "ат құйрығын шорт кесіскен". Ізінше "Хайат Тахрир әш-Шам" деген атпен қайта құрылып, өзге топтармен біріккен.

Біраз уақыттан бері "Хайат Тахрир әш-Шам" елдің солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясында шоғырланып келді. Бұл аумақ топтың де-факто жергілікті әкімшілігі саналады. "Әл-Қаидадан" қол үзгелі бері оны мақсаты біраз "тарылып", Сирияда фундаменталистік діни бағыт ұстанатын билікті орнатуға күш салып келеді.

Сарапшы Сирия араб армиясы (үкіметтің қарулы күштері) сапында көтерілісшілермен салыстырғанда сарбаз көп болғанына назар аударады.

Биылғы жылдың басында үкімет күштері қатарында 130 мың адам болған деген дерек айтылған. Бұған қоса, оның қолында мыңдаған беренді техника, артиллериялық қарулар мен зымыран жүйелері, әскери авиация бар еді. Ал азамат соғысы басталғанға дейін, 2011 жылы Сирия армиясы араб елдері арасындағы ең қуатты армиялардың бірі деп саналатын.

Алайда көп жылға созылған ұрыс-шайқастар үкімет әскерін титықтатып тастады, ал АҚШ Асадқа қарсы енгізген санкциялар (оған Сирия үкіметімен мәміле жасасқан кез келген тұлға ілінеді) экономиканы құлдыратып жіберді, армияға төленетін жалақы төмендеп кетті.

4 желтоқсанда, көтерілісшілер шабуылды үдетіп жатқан шақта Асад сарбаздардың жалақысын 50 пайыз көтеруге уәде берді, бірақ бәрі кеш еді.

Ресей мен Иран бұл жолы Асад армиясы үшін отқа түскен жоқ: Израильдің шабуылдарынан кейін Тегеран мен "Хезболла" көптеген әскери қолбасшыларынан айырылды, ал 2022 жылдан бері Украинаға қарсы өзі бастаған соғысқа бар күшін салып жатқан Кремль Жерорта теңізі жағалауындағы әскери базадан ұшақтарының едәуір бөлігін алып кеткен-ді.

Көтерілісшілер болса, керісінше, ұйымдасып, жұмыла түскен: "Хайат Тахрир әш-Шам" тобы мен Түркия қолдайтын Сирия ұлттық армиясының құрылымдары бірлесіп басқару орталығын құрды. Олар қару-жарақтан тарыққан жоқ: Түркиядан да алды, Идлиб аумағында өзінің қару-жарақ өндірісі де бар.

Көтерілісшілердің риторикасы да маңызды рөл атқарды деп хабарлады BBC сарапшылары: "Хайат Тахрир әш-Шам" тобының жетекшісі Әбу Мохаммед әл-Жулани жергілікті тұрғындарға діни наным-сенім және азаматтық еркіндіктерге қол сұқпаймыз деген сөзді үнемі қайталаумен болды.

"Асад күштері көтерілісшілер бақылауындағы Идлиб провинциясында шағын операция бастаған, – деді оқиғаның қалай өрбігенін баяндаған Данилов. – Ал көтерілісшілер оған жауап ретінде (маған оны солармен байланыстағы бір кісілер жеткізді) былай деді: "Біз Курск облысындағы украиндер сияқты іс-қимылға көшіп, Алеппо түбіндегі бірнеше елді мекенді басып алуды, сөйтіп олармен саудаласуды ұйғардық. Біз солай бастап жібердік, ал Асадтың әскері қаша жөнелді, біз болсақ ары қарай кете бердік".

Әскер жан-жаққа қаша бастады. Бір күнде тұтас корпус – 10 мыңға жуық адам зым-зия болған, олар жихадшылармен соғысқысы келмей, үйді-үйіне тарап, басы ауған жаққа кетіп қалған".

Иран, Ресей және Израиль үшін салдары қандай болмақ?

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Асад режимінің құлауы "Таяу Шығыстағы тарихи күн болды" деп мәлімдеді.

Израильдің құрлықтағы әскері 1973 жылдан бері алғаш рет шекара маңындағы демилитаризациялық аймақтан өтіп, Сирия аумағына ашық кірді деп хабарлады The New York Times басылымы.

Нетаньяху Израиль армиясына (ЦАХАЛ) Сириямен шекарадағы Голан жотасы ауданындағы буфер аймаққа кіріп, табан тіреуді бұйырған. Бұған қоса ЦАХАЛ сириялық Хермон бекетін де бақылауына алды деп хабарлады Al Hadath телеарнасы, және де Дамаскідегі Кафр Суса ауданындағы қауіпсіздік кешеніндегі кеден мен әскери барлау штаб-пәтеріне шабуыл жасады деп жазды Reuters агенттігі.

Ал АҚШ әскері "Ислам мемлекеті" (АҚШ және өзге елдер террористік деп таныған – ред.) тобының жетекшілерін, лагерлерін нысанаға алып, бірнеше рет әуеден шабуыл жасады деп жазылған CENTCOM мәлімдемесінде.

"Израильде (Асадтың құлауына байланысты) аралас сезім бар сияқты, – деп түсіндірген "Настоящее Время" телеарнасына Данилов. – Бұл жақсы екенін бәрі мойындайды: өйткені басты жау – қалай болғанда да Иран, ал Асад Иранның келуін қамтамасыз етті. Асадсыз ол жерде ирандықтар да болмайды: Жулани Иранға қаны қас, шиттерге қарсы ұстанымдағы адам. Бірақ, екінші жағынан, Израильде Жуланидің өзі барлық аумақты бақылауда ұстап тұра алмайды, және де жекелеген террорлық қауымдастықтар шекарада бетімен кетеді деп қорқатындар бар".

Сарапшының сөзінше, Асад режимінің құлауы негізінен Иранға әсер етеді: Сириядағы жеңіліс элита ішіндегі күрес процесіне де, сол сияқты халық көтерілісіне де қозғау салуы мүмкін.

Асадты 2011 жылдан бері қолдап келген санаулы елдердің бірі Ресей үшін бұл "Таяу Шығыстағы беделінен айырылу" болды деді Данилов.

Кремль Сирияда әскери операцияларын ресми түрде бастаған 1995 жылдың қыркүйегінен бері онда кемінде 543 ресейлік әскери қызметкер мен "Вагнер" жеке меншік әскери тобының жалдамалы жауынгерлері қаза тапқан деп хабарлады ВВС-дің Орыс қызметі.

Сол жылдары Ресей Таяу Шығыстағы екі әскери базаны: Тартустағы әскери-теңіз базасы мен Хмеймимдегі әуе базасын кеңейткен. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ол базалар енді жұмысын тоқтатуы мүмкін екенін жоққа шығармады деп хабарлады ресейлік ТАСС агенттігі.

"Бұл Сирияға көрші елдерге ықпалдан айырылу деген сөз. Бізге Иорданияда, Амманда, иордан сарапшысы былай деп айтты: "Өздеріңіз де білесіздер ғой, біз Ресеймен көршіміз". Яғни Сирияда ресейлік әскери контингтенттің тұруын Иорданияда Ресейге көрші болу деп түсінетіндер бар екен. Сол себепті тиісінше, Ресей тарапынан айтылған тілек-өтініштерге Иорданияда ерекше мән беріп келген. Енді олай болмайды", – деді Данилов "Настоящее Время" арнасына.

Песковтың сөзінше, Кремль қазір Сириядағы ресейлік әскери қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қолынан келетіндермен "байланыс орнатуға" тырысып жатыр. Кейбір Z-арналар ресейлік әскери контингенттің бір бөлігі исламшылдардың тылында қалып қойған деп жазды. CNN Türk медиасының дерегінше, Ресей Түркиядан Сирияда қалып қойған ресейлік әскери қызметкерлерді эвакуациялауға көмек сұраған.

Сирияны алда не күтіп тұр?

9 желтоқсанда Сирия оппозициясы өтпелі кезең үкіметінің басшысын тағайындады. Бұл қызметке "Хайат Тахрир әш-Шам" жетекшісі Әбу Мұхаммад әл-Жуланидың жақын серігі Мұхаммед әл-Башир отырды деп хабарлады Al Jazeera.

2024 жыл сәуірде Мұхаммед әл-Башир "Хайат Тахрир әш-Шам" тобы Идлибте құрған "Сирияны құтқару үкіметі" басшысы болып тағайындалған. Оған дейін ол даму және гуманитарлық мәселелер жөніндегі министр қызметін атқарған.

Израильдік саясаттанушы, Ариэль университетінің профессоры Зеэв Ханин Сирияның оппзициялық күштері "күрделі мозаика, әзірге олардың бір-бірімен қандай дәрежеде тіл табысатыны түсініксіз" деді "Настоящее Время" арнасына.

Оның сөзінше, исламшылдардан бөлек оның құрамында "айтарлықтай радикалды емес екі топ" бар – Түркия үкіметі керек-жарағымен қамтамасыз етіп отырған Сирия ұлттық армиясы қарулы бірлестігі мен АҚШ қолдау білдіретін оппозициялық топ (арасында күрдтер мен арабтар да бар).

"Топтардың өзара тату деп айтуға келмейді, олардың арасында жаңа мемлекет құру үшін өте қатты бәсеке болары даусыз: түріктер немесе Жулани, ол әрине, түріктердің қолдауына сүйенді, бірақ өз алдына дербес тұлға", – деді Данилов.

Бұған қоса ол "Хайат Тахрир әш-Шам" лидерін "Талибанның анағұрлым толеранттық нұсқасы" деп сипаттады.

"Бұл жаңа жихадизм, жаңа салафиттер, олар өз үйінде отыруға, мемлекеттік шекарадан аспауға, көршілеріне қауіп-қатер төндірмеуге келіседі, технократтар, – деді Таяу Шығысты зерттеу орталығы директорының орынбасары сенімді түрде. – Ауғанстанда зорлық-зомбылыққа ешкім көңіл аудармайды ғой, онымен салыстырғанда мұнда үлкен назарда болады. Бұл жерде үлкен шамның астында болуға тура келеді. Бұған қоса ол [Әбу Мұхаммад әл-Жулани] көпшілік назарында болғанды жаны сүйеді. Бұл оның әл-Бағдадимен дос болып, оның Сириядағы орынбасары болған, "Ислам мемлекеті" (АҚШ, Еуроодақ, Ресей және басқа елдерде террористік деп танылған ұйым – ред. ), сосын әз-Завахиримен " (АҚШ, Еуроодақ, Ресей және басқа елдерде террористік деп танылған ұйым – ред.) қосылған өткен жихадшылық өміріне қайта оралудан тежейтін жақсы фактор, – деді сарапшы.

Оның сөзінше, Жулани өте прагматик, асқан айлакер адам, әрине, ол да авторитар жүйе орнатары даусыз, бірақ белгілі бір деңгейде азшылықтың құқымен санасуға тура келеді, ең болмағанда соның белгілері болады. Әрине, бұл толымды демократия емес, авторитаризмнің әлдебір түрі, бірақ Асадтың тұсындағы Сирияда болғаннан анағұрлым жақсы түрі болмақ.

Зеэв Ханин болса: "бір кездері "Әл-Қаида" мен "Ислам мемлекеті" құрамында болған, кейіннен ол ұйымдардан бөлініп шыққан исламшыл сүннит топтар өздерін тәуелсізбіз деп айтады. Бірақ іс жүзінде бұлар да сол қару ұстаған радикал исламшыл сүнниттер қозғалысы" деді.

Түркияның қолдауына сүйенген қарулы топтар Сирияның солтүстігіндегі өзін өзі жариялап алған Рожава автономиясы (сириялық Күрдістан) аумағында күрдтермен соғысты бастап та кетті деп хабарлады Reuters пен Times of Israel. Рожава зайырлы конфедерациялық автономиясы 2016 жылы анархизм мен гендер теңдігі негізінде құрылған.

Шабуылдар әуеден де, жерде де жасалып жатыр. Reuters агенттігінің түрік арнайы қызметіндегі дереккөзі "YPG/PKK (Күрдістан жұмысшы партиясының өзін өзі қорғайтын халық жасағы) күштеріне қарсы күрес жеңіспен аяқталуға жақын" деп айтқан.

"Сирияның солтүстік-шығысына босқындар лек-легімен ағылды, енді бұдан да көп келмекші. Түрік жалдамалы жасағы басып алған аймақтардан орасан көп адам шыға алмай қалған, оларды ешкім эвакуация жасап жатқан жоқ", – деді сириялық Күрдістандағы жағдайды баяндаған, сонда тұратын ресейлік Лиза Шишко (лақап аты).

Ол өз телеграм-арнасында Түркия қолдайтын қарулы жасақ күрдтердің өзін өзі қорғау тобындағы әйелдерді тұтқынға алып, азаптаған деп хабарлады.

Бұған қоса Шишко Асад режимі құлағанын тойлаған кезде түсірілген фотоны жариялады. Онда Ирактың бұрынғы диктаторы, биліктен тайдырылғаннан кейін дарға тартылған Саддам Хусейннің портреті бар.

"Түрік жалдамалылары Саддам Хусейнді дәріптейтіні жөнінде түрікшіл күштер жаулап алған Серекание қаласындағы таныс әжейден естіген едім. Оның ауылында жалдамалылар үнемі Саддам портреті ілінген машинамен ары-бері жүреді екен. Сірә, Саддамға деген сүйіспеншілігі әлі өшпеген тәрізді", – деді Шишко.

XS
SM
MD
LG